10 Маусым 15:00
...

Емделушінің көзі жазылып кетпейінше көңілім көншімейді – офтальмолог-дәрігер

көз дәрігері
Фото: Nege

«Дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық, дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады» десе керек Жүсіпбек Аймауытов. Дегенмен, дәрігердің де дәрігері бар. Осы ретте оқырманға  жоғары санатты офтальмолог маман, «Алтын дәрігер» төсбелісінің иегері Шолпан Мұратбекқызы Тәшкенбаеваны етене таныстырсақ дейміз.

Шолпан ханым, әңгімені өзіңіздің алғашқы еңбек жолыңыздан бастасақ...

Мен 1975 жылы тарихы тереңде жатқан Семей медицина университетін бітірдім. Содан бері офтальмолог болып қызмет жасап келе жатырмын. Өзімнің туған өлкем қазіргі Абай облысы, Аякөз ауданына қарасты Баршатас ауылында қырық жыл тапжылмай еңбек еттім. Ол кезде ауыл-аймақта көз дәрігері маманы тапшы еді. Сондықтан осы мамандықты таңдаудағы мақсатым - жерлестеріме қалтықсыз қызмет ету болды.

Сөйтіп зейнетке шыққан бетте Алматы қаласында тұрып жатқан балаларым «енді демалыңыз» деп қастарына көшіріп алды. Бірақ мұнда келген соң қарап жата алмадым. Мәселен, қоғамдық көлікке отырғанда көзінде ақауы бар адам көрсем, тіптен тыпырши бастаймын. Бірде, кезінде өзімнен бір курс жоғары оқыған Бибігүл Биқалиқызы атты білікті дәрігер өзі ұзақ жылдан бері қызмет жасап келе жатқан Алатау ауданы, Ұлжан 1 ықшамауданына қарасты №23 емханаға жұмысқа шақырды. «Сұрағанға тілеген» дегендей, мұны естігенде төбем көкке жеткендей болды. Ол мекемеде 4-5 жыл жұмыс істедім. Бірақ үйімнен қатынауға қашық болғандықтан кейін №9, №21 емханаларға ауыстым. Бірақ менің жасымда жүгірістеп жүру ауыр тиді ме денсаулығым сыр беріп қалды. Содан біраз уақыт ем қабылдап қалыпқа келген соң жұмысқа қайта кірістім. Қазіргі таңда көпшіліктің сұранысы бойынша қаладағы жеке емханалардың бірінде емделушілерді қабылдап жүрген жайым бар.

дәрігер
Nege

– Бір мекемеде қырық жыл қатарынан қызмет жасаудың оңай емес екені анық. Сол өткен жылдардың қызығы мен шыжығы жайлы айтып беріңізші

Мен қызмет жасаған Баршатас ауданына қарасты емхана алғашында 120 орындық болды. Аудандық деген аты болмаса, ол жерде невропотолог, лор, травматолог, тіс дәрігері, гениколог, педиатр сынды түрлі дертке дауа болатын дәрігер мамандар қызмет жасады. Алаңсыз жұмыс жасау үшін бізге барлық жағдай жасалды. Ішінде бірнеше стационарлық бөлімше мен арнайы зертханасы да бар еді. Кейін халық қалаға үдере көшіп, туған өлкем ауылдық округке айналғанда әлгі аурухана 30 орындық болып қысқарды.

Тоқырау 90-шы жылдары жылдап айлық алмаған кезіміз болды. Одан соң қысқарту басталды. Қалған қызметкерлердің жалақысы жұмырға жұғымсыз болды. Осы тұста көптеген мамандар бала-шағаны асыраудың қамымен медицинаны сауда-саттыққа алмастырды. Осындай маман тапшылығы туындаған қиын-қыстау кезеңде күндізгі бөлімде ақысыз жұмыс істеуіме тура келді. Емделушілердің ауру тарихын жазып, ем-дом тағайындап, таңертеңгісін тексеру жұмыстарын өткізіп, аяғында терапевтің де, одан қалса лордың да жұмысын атқарып кеттім. Себебі, ауырып ем іздеп келген жерлестерімнің жағдайын көргенде жаным жай таппай кететін.

Менің қағидам – алдыма келген пациентті үмітсіз етіп қайтармау. Білгенімнің бәрін науқастың емделіп кету жолына саламын. Сол себепті үнемі ізденісте болып, медицинадағы соңғы жаңалықтардың қыр-сырына қанық болып отыруға тырысамын.

Соңғы он жылда еліміздегі офтальмология саласында жеткен жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлық деуге келе ме?

Әрине, біздің елде офтальмология едәуір дамып кетті. Әсіресе микрохирургия қарқын ала түсті. Нәтижесінде көздің туа біткен ауруларын емдеуге мүмкіндік туып отыр. Бұрын қасаң қабақтың қабынуы болып табылатын кератит, белмо ауруларын емдеп жазу қиямет қайым еді, қазір пластикалық операциямен одан да арылудың мүмкіндігі туды. Нәтижесінде жасанды қарашық салудың да жолы табылды. Сол сияқты лазерлі коррекция да жанарына араша іздеген көптеген жанға қуаныш сыйлап жатыр. Оның көмегімен көздің үдемелі ауруына жататын катарактаға он-он бес минутта ота жасалатын болды. Бұған дейін қауіпі жоғары болып келген көз торының бөлінуін қалыпқа келтіру мен суқараңғылықты емдеуге қол жеткізе бастадық.

Осы ел арасында лазерлі коррекциямен ота жасатудың уақытша нәтиже беретінін естіп жатамыз. Осы рас па?

Жоқ, бұл жаңсақ пікір. Әдеттегі хирургиялық ота мен лазерлі отаның нәтижесінде айырмашылық болмайды. Минус жиырмадан жоғары көретіндерде көзінің торлы қабығы өте жұқа келеді. Сондықтан уақыт өте келе көру өткірлігінде дистрофиялық өзгеріс орнауы мүмкін. Дегенмен, өз тәжірибемде лазерлі коррекцияның теріс әсер бергенін кездестірген емеспін.

ота
comode.kz

– Бұдан өзге ем-дом жүргізу барысында қолданатын құрылғы түрлері де оңтайлы бола түскен шығар?

Бұрын көзге түсіп кеткен бөгде денелерді үлкейтікш әйнектің көмегімен алатынбыз. Қазір оның орынын мың есе үлкейтіп көрсету арқылы қарашыққа қауіп тудырмайтын саңылау шам алмастырды. Сол сияқты остигматиканы анықтау үшін түрлі әйнекті көзілдірік кигізіп әлек болатын едік, қазір рефрактометрия деген аппаратың көмегімен остигматиканы градусына дейін анықтап біле алатын болдық. Айта берсек, қазіргі офтальмологияда осындай жетістіктер көп...

Қазіргі таңда жастың да, жасамыстың да жаппай қалта телефон ұстауы көз ауруларының көбеюіне қаншалықты әсер етіп отыр?

Бір өкініштісі, қазіргі аналар жан тыныштығын ойлап, туа сала балаларға телефон көрсетіп қоюды әдетке айналдырды. Мұның соңы бүлдіршіндердің смартфонға бағынышты болуына әкеліп жатыр. Телефондағы шрифтер мен бөлшектер өте ұсақ болғандықтан, көз бұлшықеттеріне ауырлық түседі. Саладыран баланың көру қабілеті төмендейді. Ал оны қалыпқа келтіру өте қиын. Қазір жоғары сыныпта оқитын оқушылар осы мәселе төңірегінде алдыма жиі келеді. Сондықтан осы жазғы демалыста балаларыңызға телефон ұстатпауға кеңес беремін. Айтарым, ата-аналар балаларының көзін арнайы маманға жылыне екі рет көрсетіп отырғаны жөн. Ал егер қандайда бір ем-шаралар жазып берсе, кейнге қалдырмай, уақытылы қабылдағаны дұрыс.

Көз – өмірдің айнасы болса, балалар ата-ананың айнасы. Егер үйдегі үлкендер телефонға қаншалықты жақын болса, балалар соны қайталайды.Мысалы, Қытай нарыққа түрлі телефон шығарып отырса да, оқушылардың мектепке смартфонмен келуіне заң жүзінде қатаң тыйым салған. Бізге де осындай темірдей тәртіп керек тәрізді.

Сонымен, көзәйнек киетін балалар қатары артпас үшін не істеуіміз қажет?

– Өз басым дәл қазіргі таңда көз дәрігерлері мамандары мектеп оқушыларымен тығыз жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Осы ретте мектептерге барып, планшеттер мен смартфондардың зиянын ұғындыру мақсатында түрлі дәрістер оқып, түсіндірме ретінде түрлі бейнероликтер көрсетіп отырса игі болар еді.

Көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған ортадағы қандай факторлар тікелей әсер етеді?

–Вирустық ауруларды уақытылы емдетпесе, көздің көру қабілетіне әсер етуі әбден мүмкін. Қазір тұтынатын тамақтардың барлығында дерлік гармон бар. Күнделікті тіршілікте пайдаланатын кір жуатын ұнтақтар мен ыдыс жуатын сұйықтық, сусабын, сабын дейміз бе, барлығында химиялық қоспалар көп. Мұның барлығы адам ағзасында аллергия туыдарды. Осының салдарынан қазіргі таңда аллергиялы коньюктивит көбейіп барады. Шарқайрақпен жұмыс жасайтындар мен дәнекерлеуші ер азаматтар салғырттық танытып, металдан қорғайтын көзәйнек кимейді. Нәтижесінде жаз айларында көзіне сынық түскендер қатары арта түседі. Оны алу барысында қарашыққа сызат түседі, салдарынан сау көз ауру көзге айналады.

Компьютердің қасына кактус өсімдігін қою – түрлі аурулардың алдын алады деп жатады. Мұны жоққа шығармайсыз ба?

– Кактус ешқандай компьютерден бөлінетін ультрадыбыстық толқынды өзіне сіңіріп алатын қасиетке ие емес. Сондықтан оның бұл мәселе төңірегінде тигізер пайдасы бар дей алмаймын. Содан кейінгі тағы бір мәселе, адамдар көз гигиенасын сақтамайды. Мысалы, телефонды жатып, не болмаса қозғалақтап келе жатқан көлік ішінде отырып қарайды. Бұл да көрудің нашарлауына әкеп соғады. Кеңседе қызмет жасайтындарға айтарым, компьютер алдында табжылмай отыруға болмайды. Сағат сайын он-он бес минут көз жаттығуларын жасап тұрған абзал. Себебі, көз алысқа қарағаннан демалады, ал жақыннан шаршайды. Адам баласы темір емес, тірі организм саналады. Ал оны барынша күтіп баптау өзімізге байланысты.

Қан қысымы көтерілген сайын көздің тамыры сола береді. Он шақты жыл өткеннен кейін адам мүлде көрмей қалуы ықтимал. Сол себепті қырық жастан асқаннан кейін көзіңіз сыр бермесе де жылына екі рет көз дәрігеріне қаралып, кеңес алып тұру керек. Себебі кей адамдар бір көзін жұмғанда ғана екінші көзінің көрмей қалғанын бір-ақ білетін сәттер жиі кездеседі. Осы ретте мемлекет тегін өткізетін скринингтен қалмай, көзішілік қысымды өлшетіп тұрған дұрыс. Күнделікті жеміс-жидек көбірек жеуге дағдыланған жөн. А және Е дәрумені бар тамақтарды көп тұтыну керек. Мәселен, сәбіз бен алманың, балықтың берері мол. Омега3 ішіп отыру өте пайдалы.

Көздегі демодекс кенесін аллергиямен алмастырып жататын сәттер жиі болатын көрінеді. Сіз мұны қалай анықтайсыз?  

– Адам денесінде болатын қышыма көздің айналасында да болады. Сондықтан көзінің қышуына шағымданып келетін емделушінің алдымен бір тал кірпігін алып, зертханада анықтаймыз. Егер демодекоз табылған жағдайда емдеуге кірісемін. Негізі көз кенесін емдеу өте қиын процесс. Дәріханалардағы препараттар да оны бірден жоюға қауқарсыз. Сондықтан мен одан жануарларға арналған препарат арқылы арылудың жолын таптым. Оны бірақ арнайы мөлшермен, прапорциямен қолданбаса, адам көзіне зиян тигізеді. Ем алушының әр кірпігін ерінбей-жалықпай отырып бірнеше күн қатарынан даярлаған тұнбамен тазалаймын. Сәйкесінше, жамбасқа кене түсіретін дәрі салып, оны тұқымымен жоюға тырысамын. Егер ол толық түспейінше ем жүргізбесе, кейін қайтып жандануы әбден мүмкін.

демодекс
dzen.ru

– Көз дәрігері болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Дәрігер – адам жанына араша болатын мамандық. Сондықтан оған жүрекпен келу керек. Ата-анам осы мамандықты таңда деп айтты деп үстірт қарауға болмайды. Медицинаны жақсы көрген адам жолай кездесетін қиындыққа мойымай, оны барынша игеруге тырысады. Содан кейін бұл салада бір орында тұралап қалуға болмайды. Өмір бақи ізденіп, оқып-тоқуды талап етеді. Аурудың салдарымен емес, себебімен күресуге тырысу керек. Сонда ғана жұрт сүйетін дәрігер болып қалыптасасыз.

Біз сұхбатқа барған күні кейіпкеріміз таңнан қара кешке дейін науқас қабылдаумен болды. Көзіме темірдің, ағаштың жарықшағы кіріп кетті деп келгендердің дені ғайыптан болғандай жанары жайнай шықты. Қарт маманның алдына диктофонымызды төсей бере «Шаршадыңыз ба?» дегенімізде: «Дәрігердің есігі ешқашан жабық болмауы керек»,- деп күлімсірей жауап қатты. Мамандыққа деген құрмет пен сүйіспеншілік осы ма дедік...