20 Қараша 12:37
...

10 жылда нәресте шетінеу азайды ма, әлде?

Фото:

 Қазақстанда кейінгі 10 жылда нәрестенің шетінеу көрсеткіші екі есе азайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті. 

Алматы, NEGE. «Денсаулық сақтау саласында көптеген көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Кейінгі 10 жылда нәрестенің шетінеу көрсеткіші екі есе азайған. 0-14 жас аралығындағы балалардың ауруға шалдығу көрсеткіші, атап айтқанда алғашқы диагнозы бойынша 2019 жылдың 9 айында 100 мың баланың ішінде 19 164 жағдай тіркелді. Одан бөлек әлеуметтік қорғаудың маңызды компоненті – бала туғаннан бастап берілетін әлеуметтік жәрдемақы. Бұл төлем бала тапқан барлық әйелге берілуде. 2019 жылы бұл жәрдемақы 400 мың анаға берілді. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 44 млрд теңге бөлінді», - деді Бибігүл Асылова «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша мүгедек балалардың және аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. «Құқықбұзушылыққа қарсы күрес саласында мәселен, суицидтің алдын алуға қатысты шаралар қолға алынуда. Полицияның аумақтық органдары балалардың құқығына қарсы ақпарат орналастырылған 1 454 шетелдік интернет-ресурсты анықтады. Суицидтің әрбір фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі. Ондай істердің әрбірі жіті зерттеліп, оқиғаның мән жайы, өз-өзіне қол жұмсаудың нақты себебі анықталады», - деді ол. Еске сала кетсек баспасөз мәслихатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атаған еді. Оның айтуынша балаларға тегін үйірме ұйымдастыруға әкімдіктер ыңғай таныта қоймаған, яғни бюджеттен бұл мақсатта қаражат бөлгісі келмей отыр.

Тегтер: