23 Желтоқсан 16:39
...

LRT инженерлік құрылымының қызмет ету мерзімі 100 жылға есептелген

LRT
Фото: Үкімет

Бірер күн бұрын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар орталығында брифинг өткізіп, Елорданың әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша есеп берген болатын.

NEGE тілшісі Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке LRT жобасына қатысты сұрақ қойған еді.

Брифингте Астана әкімі NEGE тілшісі қойған сұрақтарға жартылай жауап беріп, қолымыздағы барлық ақпаратты сіздерге беруге дайынбыз деген болатын. 

Редакциямызға Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қала әкімі уәде еткен толық ақпаратты жіберді. 

«LRT жобасының құны 1,8 млрд АҚШ долларына тең және 22,4 км ұзындықтағы желінің құрылысы қарастырылған. Жоба құрамына 18 станция, 19 жылжымалы құрам бірлігі, сондай-ақ қаланың көлік қозғалысын басқаратын Бірыңғай басқару орталығы орналасатын 16,84 га аумақтағы Депоның құрылысы кіреді. Сонымен қатар, құрылыс құнына мамандарды оқыту мен дайындауға жұмсалатын шығындар да енгізілген. LRT вагондарын басқару толық автоматтандырылған, жүргізушісіз әдіспен жүзеге асырылады. Бұл көлік қозғалысындағы ең кішкентай өзгерістерге жедел жауап беретін икемді және бейімделгіш жүйе құруға мүмкіндік береді. Жоба GOA-4 деңгейіндегі ең жоғары автоматтандыру жүйесімен жүзеге асырылады. Бұл жылжымалы құрамның бүкіл маршрут бойында, оның ішінде депо ішінде (жуу, тұрақ, депоға кіріп-шығу) толықтай автономды қозғалысын қамтиды.

Депода вагондардың тұрақты техникалық тексерістерін, кезекті және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған 17 ғимарат пен құрылыс нысандарының құрылысы қарастырылған. Сонымен қатар, вагондарды тазалау және жуу, жабдықтардың жағдайын бақылау үшін диагностика жүргізу, вагондарды бағдарға шығар алдында жүйелер мен жабдықтарды тексеру, сондай-ақ жылжымалы құрамды жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандарды сақтау және басқару үшін қоймалар салу жоспарланған. Депода әкімшілік кеңселер де орналасады, олар жеңіл рельсті көлік басқару орталығын қамтамасыз етеді. Жалпы аумақтың ауданы – 16,84 га, ғимараттар мен құрылыстардың ауданы шамамен 80 мың м², ал рельс жолдарының ұзындығы шамамен 4,5 км болады.

Сонымен қатар, LRT жобасын жүзеге асыру кезінде қатал қысқы климаттық жағдайлар ескерілген. 22 шақырымдық эстакадалық жолды салу үшін 2,5 мың адам жұмылдырылып, 53,7 мың м³ В45 класты, М600 маркалы бетон қолданылған. Бұл бетон гидроэлектростанциялар, банктердегі құндылықтар мен ақшаларды сақтау қоймалары, нығайту құрылыстары, бункерлер, метро, ауыр металлургия кәсіпорындары, химиялық, ғарыштық, қорғаныс зауыттары және атом энергетикасы нысандары сияқты маңызды инфрақұрылымдарда пайдаланылады. LRT инженерлік құрылымдарының қызмет ету мерзімі 100 жылға есептелді», – делінген редакциямызға жіберілген мәліметте.