23 Желтоқсан 16:50
...

«Күлмеңіз, біз сізге Африкадағы абориген емеспіз» – Мәжіліс депутаттары Air Astana басшысына ескерту жасады

Питер Фостер
Фото: видео-скрин

Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana әуекомпаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостерге ескерту жасап, жұмысын сынға алды.

Алматы, NEGE. «Шынында да, Air Astana біздің аспанның Құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, арақашықтыққа байланысты деген бос әңгіме ғой. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше бағасы түсуі тиіс. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Мына Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз деген мына шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттік заңына бағынуыңыз керек. Біз Самат Мұсабаев екеуміз бір сағат кешіккенге үш пайыз айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыздар. Мен 2 тамызда Air Astana 12 сағатқа кешікті, әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін.

Анаған кіріп, өтінім беріп, оның жауабын алып, оған бару керек. Мен соның соңында әдейі жүрмін. Бәрібір аламын, алдында біреуін алдым. Алатын болсаңыз сол жазбаны, алатын ақшаны ешкімге жарияламауыңыз керек деген шарт қояды. Министр мырза (ред. – Көлік министрі Марат Қарабаев), тек қана Air Astana емес, бізде көлікте заңмен қарастырылған қайтарылатын компенсацияны жеңілдетіңіздер. Адам өтінішті оңай беріп, ақша оның шотына тезірек түсуі керек. Бұлар өте қиын қылып қойған. Олардың сайтына көрінген адам кіріп, ішінен тауып алып, өтінішті жазып, ақшасын кері қайтарып алу өте қиын мәселе. Тек қана компьютерді білетін, ерінбей соның соңында жүретін адам ғана ақшаны қайтара алады. Әдейі істеп қойған бәрін. Air Astana-ның бүкіл мультимедиясының көбі басқа тілде», - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин Air Astana-да мемлекеттік тілдегі контенттің өте аз екенін айтып, мәселе көтерді. 

«Оны бірнеше рет айтып жүрміз. Бұл да үлкен мәселе. Неге ол жерде мемлекеттік тілде басымдық берілмейді? Ең болмаса 50 де 50 қылыңдар. Ал онда мультимедиядағы мемлекеттік тілдің үлесі 10 пайыз ғана болу керек. Фостер мырза, сіз Парламентке бірінші келіп отырсыз. Қазақстан аумағына кіргеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек! Қазақстанның заңын сыйлауға тиістісіз! Осы жерде жағдайды жасауыңыз керек! Ақшаны бәріміз де жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеңіз! Билеттің реті болуы керек. Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанар-жағармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ. Біздің территориямыз күнде резіңке болып созылып өсіп жатқан жоқ. Ал сіздер бағаны көтересіздер. Билеттің бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін кетіп қалады», – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат мысқылдап отырған Питер Фостерге ескерту де жасады. 

«Күлетін ештеңе емес, күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып. бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Бұл – Парламент, осында халықтың өкілдері отыр», – деді депутат.