Құмар Ақсақалов NEGE сұрағына НЕГЕ жауап бере алмады?
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде көшпелі баспасөз конференциясын өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша есеп берді.
Қостанай облысының әкімдігі көптеген заңсыздықтарға қарамастан, жол ережелерін қадағалауға байланысты «Көркем-Телеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасқан. Компанияның тіпті интеллектуалдық меншік құқығы да жоқ екені белгілі болды.
Жұмысты жүзеге асыру үшін бюджеттен 3,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
NEGE тілшісі Қостанай облысының әкімінен осындай заңсыздықтарға қарамастан «Көркем-Телеком» компаниясымен не себепті келісім жасалғанын сұрады.
«Тексеріс барысында орнатылған камералардың сапасыз болғаны, техникалық талаптарға сай емес екені анықталды. Оларға айырбастау немесе дұрыстау туралы ескерту берілді. Оларға бір тиын да төленген жоқ. Төленбейді де. Біріншіден, дұрыстап тапсыру керек, барлығы техникалық талапқа сай болуы тиіс. Қайталап айтамын, бірде бір қаражат бөлінген жоқ», – деп жауап берді Құмар Ақсақалов.
Түрлі заңсыздықтарға қарамастан, Көркем-Телеком не себепті әлі жүмыс істеп жатыр? Осыған байланысты жауапқа тартылғандар бар ма? Тілшіміздің анықтау сұрағына төмендегідей жауап берді.
«Ол компанияның өкілдері де арызданып жатыр. Журналистерге де басқа мәлімет беріп жүрген шығар. Дегенмен, тексеріс барысында біраз кемшілік анықталды. Кемшіліктерді жойып, уақытында тапсырса ғана қаражатты төлейміз. Дұрыс істемеген жұмыстың ақысын біз қалай төлейміз? Өздері жауапты, біз қабылдаған жоқпыз. Жуырда ғана барлық құқық қорғау органдарының басшыларымен осы мәселені қарадық. Ол жерде прокуратура, қауіпсіздік комитеті, антикор болды», – деп жауап берді облыс әкімі.
Қостанай облысының бұрынғы әкімдері аумағы 21 гектар, 14 нысаны, теннис корты, бассейні бар резиденцияда тұратын. Қазіргі әкім Құмар Ақсақалов бюджет қаржысын үнемдеу туралы жиі айтады. Сол себепті NEGE тілшісі өңір әкімінің бюджет қаржысын қаншалықты үнемдеп жүргенін білу үшін әкімнің қайда тұрып жатқанын сұрады.
Орталық коммуникациялар қызметінің модераторы бұл сауалды жеке сұрақтар қатарына жатқызып, жауап берілмейтінін жеткізді. Модераторды құдды бір әкімдердің адвокаты дерсіз. NEGE тілшісінің сұрағы жауапсыз қалғанына әріптестеріміз де наразылық танытты. Бюджет қаржысын үнемдеу мәселесі қашаннан бері жеке сұрақ болып еді? Әлде әкім мен модератор келісіп алған ба?
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа да керегі осы болса керек, жұмған аузын ашпады.