Екі ме, он ба? НЕГЕ Ұлттық Банк экономикаға оптимизммен қарауын қоймай отыр?
Ұлттық Банк экономикаға қатысты болжауын нашарлатты. Бірақ нашарлағанның өзінде жалпы ішкі өнімнің қысқаруын 2-2,3 пайыздан асырмады. Ал сарапшылар жыл соңында экономиканың құлауы 10 пайызға жетеді дейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
«Базалық сценарийге сәйкес 2020 жылы ішкі жалпы өнім ішкі сұраныс пен экспорттың азаюына байланысты 2-2,3 пайызға төмендейді», - деді, өз сұхбатында Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов. Оның айтуынша, тұтынушылық сұраныс қысқарады. Қысқару пандемиямен күрестегі шектеу шараларына, халықтың нақты ақшалай кірісінің азаюы мен еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауымен байланысты.
«Мұнай бағасының төмендеуі, сондай-ақ экономикалық белсенділіктің қысқаруы және ТШО-да кеңейту бойынша құрылыстың аяқталып қалуы инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне негізгі фактор болады»
Ұлттық Банктің бұл болжамын Nege.kz сұрау салған сарапшылар «негізсіз оптимизм» деп бағалады. Әрине, қадағалаушының соңғы тоқсанда экономика жақсы қарқын алады деген үміті бар. Ұлттық Банк карантин шараларының жаппай аяқталуына сеніп, бәс тіксе керек.
«Менің ойымша, нақты құлдырау шамамен 4 пайызды құрауы тиіс. Бірақ біздің статистика кез-келген нәрсенің өңін айналдыра алады», - дейді, экономист Мұрат Темірханов.
«Ұлттық экономика министрлігі әлі күнге дейін экономика 0,9%-ға ғана құлайды деуінен танбай отыр. Демек, Үкімет соңғы 4 айда экономика өседі деген үмітте»
«Экономика 2-2,3 пайызға төмендейді» деген болжамның тым жұмсақтығымен экономистер Расул Рысмамбетов те, Олжас Құдайбергенов те келіседі. «Ұлттық банктің бұл болжамы өте консервативті және оптимистік болып шықты. Меніңше, жалпы ішкі өнімнің 10 пайызға дейін төмендеуі ғажап емес. Егер күзде экономика қарқын ала алмаса, осындай жағдай туады», - дейді, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.
«Өзім жыл соңында банк секторы тұрақтандыру мақсатында Ұлттық Банктен тағы да қаржылай көмек сұрайды және ҚНДРАмен провизияларға қойылатын талаптарды әлсірету бойынша келіссөздер жүргізеді деп күтемін. Халықаралық «МСФО 9» есептілігі бойынша қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар жеңілдеуі мүмкін»
«Сірә, төмендеу 7-10% аралығында болады. Іс жүзінде жалпы ішкі өнімнің 16 пайызын құрайтын мұнай секторы мамыр-тамыз айларында өндірісті 23% -ға қысқартуға мәжбүр болды», - деп түсіндіреді Олжас Құдайбергенов. Оның айтуынша, қызмет көрсету саласы, әсіресе туризм, қоғамдық тамақтану және өндіріс салалары қатты соққы алды. Кейбір секторлар алты айға жуық жұмыс істемеді.
«Рас, жалпы статистиканы жанама түрде түзете алатын бір фактор бар. Ол карантин кезеңінде импорттың төмендеуі. Импортқа тәуелді экономика жағдайында импорттың қысқаруы негізгі экономикалық көрсеткіштердің құлауын сәл де болса жұмсартады»
Мемлекет тарапынан контрциклдық шаралардың қабылдануы біраз теріс факторды реттейтінін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов те айтқан болатын.
-
Тақырыпқа орай: Минус 1,8%? Ұлттық Банк есебі НЕГЕ экономистерге жақпады?
Бірақ әңгіме басқада. Біз бұған дейін де, Ұлттық Банк, не болмаса Ұлттық экономика министрлігі тарапынан айтылатын болжамдармен қоғамдық сарапшылардың келісе бермейтініне назар аударған болатынбыз. Бір көзбен қарағанда, есептеу методикаларында аса айырмашылық жоқ. Тек тәуелсіз сарапшылар батылдау айта алады, ал мемлекеттік орган өкілдері саясаттың ыңғайына жығылып, өз сөздерін жұмсартуға мәжбүр екені даусыз.
Ал енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Экономика қанша пайызға құлайды? Оны тек келесі жылдың басында анықтай аламыз. Сол кезде Nege.kz кімнің болжамына сену керектігін жазатын болады.