Карантинде жатқан қытайлар бюджет есебінен емделеді
Кеше Nege.kz порталы редакциясына келген құжаттар негізінде «Алматыдағы ауруханада «жүздеген қытай» НЕГЕ жатыр?» деп аталатын мақала жариялаған едік. Іле-шала мәселе бойынша Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев өзі хабарласып, блиц-сұхбат берген болатын.
Тақырыпқа орай: Басқарма басшысы «жүздеген қытайға» байланысты жауап берді
Бүгін Тілеухан Шілдебайұлы бастаған мамандар Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы әрекет ету бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді. Шұғыл жиынға Nege.kz порталындағы мақала себеп болды деп шамалаймыз.
«ДДСҰ-ның мәліметінше, әлемнің 72 елінде коронавирустың таралғаны белгілі. Алматы қаласы, мекемелері қазір аурудың алдын алуға және эпидемияға қарсы тұруға байланысты толық даяр. Бұл жұмыстар қалалық штабтың басқаруымен жүргізілуде. Бүгінде қалаға инфекцияның таралу қаупі жоғары мемлекеттерден келген адамдардың тізімі күн сайын мониторинг орталығына беріледі. Осы орталықта әрқайсысы жеке зерттеліп, әртүрлі категорияға бөлініп, медициналық бақылауға алынады. Қаладағы көпсалалы медициналық орталықта 14 күнге карантинге жатқызатын адамдарды анықтаймыз. Қазір ауруханада «А» санатындағы 131 адам жатыр. Бірінші «Б» санатындағы 119 адам үйде дәрігер бақылауында, екінші санаттағы 955 азамат та жүріс-тұрысын шектейді, ал мониторингтік бақылауда 1632 адам бар. Медициналық мекемелер медикамент қоры, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Адам саны көбейсе, қосымша төсек орынмен қамтамасыз етіледі», – деді басқарма басшысы.
Nege.kz тілшісі кеше ғана карантинде 124 азаматтың жатқанын айтқан басқарма басшысына: «Карантинде жатқандардың тізімі күн санап артып отыр ма? Әр азаматтың күндік еміне қанша ақша бөлінеді және «Қолында анықтамасы бар шетелдіктің бәрі қабылдана бере ме?» деген сауал қойған еді.
Оған басқарма басшысы: «Қытайдан басқа елде де ауру ушығып жатыр. Иран мен Оңтүстік Кореядан келген азаматтарды да оқшаулауладық. Бүгін түнде сол мемлекеттен келгендер бар. Сондықтан адам саны өзгеріп отыр. Кеше 12 адам карантиннен шықса, соның 10-ы – қытай азаматтары. Оларды елдің ішіне жіберсек не болады? Иә, оларға қаржы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тарапынан төленуде. Қазір әр адамға кеткен шығын есептеліп жатыр. Сол тарифтің көлемінде шығынын анықтаймыз. Бұл қаржы республикалық бюджет есебінен төленеді. Шетелден келгендер миллиардер не кедей болса да, карантинде жатқызамыз. Егер басқа аурумен ауырса, ақшасын аламыз. Ал қолында анықтамасы бар азаматтар денсаулығының жақсы екеніне сенімді. Бізге келсе, қабылдауға міндеттіміз. Тағы айтам, олар коронавирустан таза», – деп жауап берді.
Алматы қаласы туарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, қазір Қытайдан тікелей ұшып келетін рейстер тоқтады. «Алматының қақпасы – әуежай. Қазір Оңтүстік Кореядан аптасына екі-ақ рейс ұшып келеді. Бұған дейін көп еді. Арнайы 24 маман күндіз-түні жұмыс істеп, келіп-кететін рейстерді анықтап, сауалнамаға жауап алады. Алматыға қанша адам ұшып келді немесе транзитпен ұшып кеткенін қадағалайды. Қазір транзит залы ашылды. Олардың қалаға шықпауын қадағалайды», – деді.
Оңтүстік Кореяда коронавирус діни жоралғы жасайтын орында анықталған еді. Бүгінде Алматы қаласында 51 мешіт бар. Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқайдан жақында ғана Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың: «Әркім құлшылықты өз үйінде жасауға болатын шығар» деген пікіріне байланысты ойын білдік.
«Коронавирус әлемді алаңдатып отыр. Денсаулық – адамға берілген аманат. Бізден бұл өмірде де, ахиретте де сұралады. Құран Кәрімде: «Өздеріңді өздерің апатқа итермелемеңдер» дейді. Жұма намаздарда барынша айтып жатырмыз. Құдай бетін әрі қылсын, сақтансақ – сақтайды. Көп адам шоғырланатын жерден аулақ жүріп, мүмкіндік болса той, асты кейінге қалдырсақ деймін. Ал Тоғжанов мырза мұны жәй ғана кеңес түрінде айтты. Бұл тапсырма емес. Екіншіден, бұл кеңесті ыстығы көтеріліп, аурудың белгілері бар адамдарға айтты» деді.
Медициналық масканың жетіспеушілігі, бағасының шарықтап кетуі жайында да сауал қойылды. Алайда, мамандар: «Бұл жекеменшік өндірушілердің қолымен жасалып отыр. Олар қандай баға қояды, өздері біледі. Бірақ бізде маска қоры жеткілікті» деп сендірді.
Қысқасы, мамандар әр адам сақтық шарасын өзінен бастауы керек дейді. «Халық көп жиналатын жерлерге баруды шектеген дұрыс. Қаланың мекемелеріне мәдени-қоғамдық іс-шараларды азайтқан жөн деп кеңес берер едім» деген үндеу жолдады. Ал коронавирус жайында кеңес алғыңыз келсе, Нұр-Сұлтан қаласындағы 1406 Сoll орталығына телефон шалуға болады.