17 Наурыз 18:43
...

«Келісуіміз де, келіспеуіміз де мүмкін» – Трамп пен Путин ертең не айтады?

Келіссөз
Фото: Путин мен Трамп. Guido Bergmann / Bundesregierung / Getty Images)

АҚШ президенті Дональд Трамп ертең, яғни 18 наурызда Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесетінін айтты. «Екі қошқар» соғысты тоқтатуға келісе ала ма? 

Бұған дейін АҚШ-тың ресми өкілдері Мәскеуде кездесу өткізіп, нәтижесін Трамп «өте жақсы әрі жемісті болды» деп бағалаған. Дегенмен Путин соғысты тоқтатуға себеп болатын өз шарттарын да айтқан. Кімнің таразысы ауыр тартары әзірге белгісіз.

«Президент Путинмен сейсенбі күні сөйлесемін. Демалыс күндері бірталай жұмыс атқарылды», – депті Трамп әуеде. Мұны ол Флоридадан Вашингтонға ұшып келе жатқанда өз ұшағының бортында журналистерге айтқан. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі жазды. 

«Келімісге келу мүмкіндігі қандай?», – деген сұраққа АҚШ президенті: «Соғысты тоқтата аламыз ба, көреміз. Келісуіміз де, келіспеуіміз де мүмкін. Бірақ, менің ойымша, келісуге мүмкіндігіміз өте жоғары», – деп жауап берді.

Бұдан бөлек, Дональд Трамп Путинмен «жер туралы, электростанциялар туралы» сөйлесетінін меңзеді. Оның жер дегені Ресей басып алған аймақтар, ал электростанциялар дегені Ресейдің бақылауына өткен Запорож АЭС-і жөнінде болуы мүмкін. «Менің ойымша, екі тарап – Ресей мен Украина көп нәрсені талқылап үлгерді. Біз осы туралы айтамыз, белгілі бір активтерді бөлу жөнінде сөз етеміз», – деген Д.Трамп оның қандай активтер екенін басын ашып айтпады.

АҚШ
Фото: Getty Images/AFP/Y. Kadobnov

Көп ұзамай Кремль де «әу» деді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Иә, шынымен де солай. Сейсенбі күнге сондай әңгіме дайындалып жатыр», – деген ол екі президенттің арасында не әңгіме болуы мүмкін екенін жіліктеп беруден бас тартып: «Біз ешқашан олай істемейміз, оқиғаның алдына шығып кетпейміз», – деп қысқа қайырды.    

BBC-дің тілшісі Джеймс Лендейлдің мәлімдеуінше, дәл қазір ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу туралы келісім сөз болып жатқан жоқ. «Анығында, соғысты тоқтатқан жағдайда екі елдің арасындағы шекара сызығы қай жерден түседі деген мәселе талқыланып жатыр», – дейді Джеймс Лендлей. Ал бұған Украина келісе қоя ма?

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Трамп пен Путиннің телефон арқылы екінші рет сөйлесуі қарсаңында «Украинаға қатысты ұзақ мерзімді бейбіт келісімнің кез келгені Мәскеудің талабына сай келуі керек» деп мәлімдеді.  

«Известия» газетіне сұхбат берген Ресейдің сыртқы істер вице-министрі Александр Грушко: «Біз бұл келісімнің бір бөлігі қауіпсіздікке мызғымас кепілдік болуын талап етеміз. Бұл – Украинаның бейтарап мәртебесі, НАТО-ға мүше елдердің Украинаны қатарына қабылдаудан бас тартуы», – деп нығыздап қойды.

МИД
А.Грушко. Фото: Владимир Астапкович / РИА Новости

Трамп пен Путин алғаш рет 12 ақпанда телефонмен сөйлескен болатын. Бұл – Трапмтың президенттікке қайта сайланған кезі еді. Келе сала, әлемнің астын үстіне келтірген Дональд Трамп Мәскеуге бүйрегі бұрып тұрғанын да жасырған жоқ. «Ресейден гөрі Украинамен келіссөз жүргізу қиынырақ» деген сыңайда сөз айтып, ақырында Ақ үйде Владимир Зеленскиймен ұрсысып тынды.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Жиддадағы кездесуден кейін «доп енді Ресей жағында» деген. Онысы рас. Ендігі мәселе Ресейдің «допты қай қиырға қарай тебетінінде» болмақ. Өйткені Кремльдің шарттары Украина үшін аса қымбатқа түсейін деп тұр.