Досаев үшін ауыр сәттер. НЕГЕ Ұлттық Банк жалғыз өзі инфляцияны еңсере алмайды?
Инфляция 8,4 пайызға дейін көтеріліп, еліміздегі басты экономикалық проблемаға айналды. Мемлекет басшысы оны тұрақтандыру бойынша Ұлттық Банкке тапсырма берді. Бірақ сарапшылар Ұлттық Банк инфляцияны толық ауыздықтай алмайды деген пікірде.
Өткен шілде айында елдегі инфляция осы жылдың максимумдарын жаңартты. Азық-түліктің күрт қымбаттауы инфляцияны тоқтатуға ешқандай мүмкіндік бермей отыр. Сарапшылар, Ұлттық Банк «былай тартса – өгіз өледі, былай тартса – арба сынадының» жағдайында отыр дейді. Инфляцияны төмендету үшін ақша басуды, антикризисті бағдарламаларды, оның ішінде «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сынды бағдарламалардың бәрін тоқтату керек. Ал оған Үкімет келісе ме? Ұлттық Банктің міндеті инфляциямен күрес болса, Үкіметтің міндеті – экономикалық өсім. Мамин мен Досаевтың президент алдындағы KPI-лары әртүрлі және қазіргі жағдайда тіпті керағар болып отыр.
«Мен Ұлттық Банктің инфляциямен қалай күресетінін көргім келеді. Сонымен қатар, ол қазіргі төрағаның өз креслосын сақтап қалуына да әсер етеді», – дейді TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев. Оның сөзінше, Ұлттық Банктің инфляциямен тек монетарлық әдістермен күресетіні түсінікті. Себебі ол – монетарлық орган.
«Демек, экономикадан басы артық өтімділікті алып тастап, ақша басатын станокты тоқтатып, базалық ставканы идеалды түрде 10-12 пайызға бірден арттыру қадамдары жасалуы мүмкін. Сол кезде кредиттеу бәсеңдеп, керісінше, жинақтау арта түседі. Экономикада ақша жоқ немесе ол өте қымбат болса, инфляция да болмайды. Бірақ оған Үкімет дайын ба? Оған экономикалық өсім көрсету керек. Бұл – өте нәзік тепе-теңдік»
«Ұлттық Банк бірінші қадамын базалық ставканы 0,25 пайызға көтеруден бастады. Бірақ онысымен кешігіп қалған сияқты», – деп келіседі Nege.kz шолушысымен тілдескен UIB GSB директоры Мақсат Халық. «Өткен айдың қортындысы бойынша жылдық инфляция 8,4 пайызға көтеріліп отыр. Демек Ұлттық Банк жағдайды қадағалаудан шығарып алды деуге толық негіз бар».
«Бекітілген 4-6% инфляциялық коридордан қазіргі көрсеткіш 2 жарым пайызға асып кетті. Ресейді қарасаңыз, базалық ставканы бірден 2 пайызға көтеріп тастады. Инфляцияға себеп болған екінші фактор – ақша массасының көбеюі деп айтып жүрмін. Өткен жылдың қазан айында ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Ал қазір 28 триллион 161 миллиард теңгеге жетті. Сонда 10 айдың ішінде 4 триллион теңгенің басып шығарылғанын байқаймыз»
Арман Бейсембаевтың ойынша, бір Ұлттық Банктің өзі бұл жағдайда дәрменсіз болып отыр. «Жағдай бір ғана орталық банкке келіп тіреліп тұрған жоқ, оның әсері бәлендей керемет емес. Біз бірнеше жылдан бері стагфляция жағдайында өмір сүріп жатырмыз», – дейді сарапшы.
«2014 жылдан бастап экономикалық өсу тоқтады, және оған инфляция қосылды. 3-4% өсім деген іс жүзінде біздің бір орында айналып тұрғанымызды байқатады. Бұл алға жүру емес. Ал долларға шаққанда біз 6 жыл бойы төмен құлдырап барамыз. Менің ойымша, Ұлттық Банктің өзі бұл жерде ештеңе істей алмайды»
Алайда Мақсат Халықтың пікірінше, бұл жерде Ұлттық Банк айналымдағы ақша массасын реттеу арқылы әрекет жасай алады. «Бірақ инфляцины толық ауыздықтауға Ұлттық Банктің күші жетпейді деп ойлаймын. Күзде көкөніс, жеміс піскенде инфляция сәл тұрақтануы тиіс. Ал жыл соңында инфляция қайтадан өседі», – деп топшылайды Мақсат Халық.
«Менің ойымша, Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеу саясаты дұрыс, бірақ оған Үкіметтің көмегі қажет. Индустрияландыру бағдарламалары, «Қарапайым заттар экономикасы» сынды бағдарламалар өз жемісін бермей, инфляция қалыпқа келе қояды дегенге өз басым сенбеймін»
Ұлттық Банкте бар-жоғы 4 ай ғана бар. Жылдың аяғына дейін ол инфляцияны қазіргі 8,4 пайыздан өзі бекіткен коридор маңайына, тым құрығанда 7 пайызға дейін түсіруі тиіс. Ол үшін Үкіметтің қолдауы керек. Премьер-министр Мамин көмектесе ме? Бағаны ауыздықтап үлгере ме?
Не болса да, 2021 жыл Ерболат Досаевтың мансабындағы ауыр кезеңдердің бірі болмақ.