Тоқтамай жатыр. Үкімет пен Ұлттық Банк инфляцияны НЕГЕ тұсай алмады?
Және ол үшін не істеу керек? Базалық ставканы көтеруден бастап, экспортты жабуға дейін. Сарапшылар Nege.kz порталымен бірге қазіргі басты проблеманың шешімін іздеп көрді.
Шілде айының қортындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 8,4 пайызды құрады. Бұл тым көп. Ұлттық Банк пен Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сай, инфляция белгіленген коридор шегінен, яғни 6 пайыздан сәл ғана асуы тиіс еді. Бірақ инфляцияға қатысты Ұлттық Банктың болжамы соңғы 2 жыл болды, ешқашан да орындалмай келеді. Бағаның қымбаттауын тоқтату министрлер кабинетінің де, жергілікті әкімдер корпусының да қолынан келмеді. Нәтижесінде, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір ай ішінде азық-түлік тауарлары 0,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,5%-ға, ақылы қызметтер - 0,8%-ға қымбаттады. Бұл бір айдың көрсеткіші ғана. Алда бізді экономикалық белсенділік артатын тағы 5 ай күтіп тұр. Сонда жылдың қортынды инфляциясы қандай болмақ?
-
Тақырыпқа орай: Әлемдік құбылыстардың ықпалы емес. Сарапшылар біздегі азық-түлік бағасының күрт көтерілуін НЕГЕ басқаша түсіндіреді?
«Үкіметте инфляциямен күресудің екі бағыты бар деп ойлаймын. Біріншісі - нарықта тауарлардың жеткілікті жеткізілуін қамтамасыз ету. Екіншісі - инфляцияның азаматтарға әсерін жұмсарту», - деп санайды, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. Оның айтуынша, бірінші бағытта бірнеше жұмыстарды орындау қажет. Бұл - өндірістің, сақтаудың және импорттың өсуін субсидиялау есебінен елдегі тауар өндірісінің ұлғаюы. Соның ішінде баж салығы мен тасымал тарифтерін төмендетуді қарастыру керек. Экспортты басқару бойынша сауатты жұмыс жүргізу қажет. Ол өндірушілердің ынтасын түсірмеуі тиіс.
«Екінші бағыт бойынша, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік төлемдерді арттыру керектігін көріп отырмын. Себебі біздегі табысқа шаққандағы азық-түлікке кететін шығындар әлем бойынша жоғары деңгейде. Ал инфляцияны ескере отырып, бұл шығындар биыл одан да өсуі мүмкін»
Марат Қайырленовтың ойынша, мұнай мен металдың жоғары бағасын ескерсек, бізде әлеуметтік төлемдерді арттыруға барлық мүмкіндіктер бар. «Мысалы, біз әлеуметтік шығындарға жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын жұмсаймыз. Ал өзіміз ұмтылып отырған ОЭСР елдері оған жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын бағыттайды. Оның айырмашылығы біз үшін жылына шамамен 8 триллион теңге», - дейді, экономист.
-
Тақырыпқа орай: Бюджет жыртылып кетпей ме? Әлеуметтік шығынның көптігі мемлекетке НЕГЕ қауіп төндіре бастады?
Инфляцияны ауыздықтаудың рецептін Nege.kz шолушысына экономист Айдархан Құсайынов та берді. Оның ұстанымына сәйкес, қазір ақша-несие саясатын жедел қатаңдату керек. Ұлттық Банк екі жыл бойы тоқтаусыз қатаң саясат жүргізуі тиіс.
«Ақша-несие саясатын қатаңдату дегеніміз базалық ставканы өсіріп, Ұлттық Банк беріп отырған жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын тоқтату дегенді білдіреді»
Айдархан Құсайынов базалық ставканы 12%-ға бірден өсіру қажет деп санайды. Қазір базалық ставка 9,25 пайызды құрап отыр. Соңғы рет ол 0,25 пайызға өскен болатын. Базалық ставканы шарықтату - кезінде Ұлттық Банк қолданған тәсіл. 2016 жылы кезекті девальвациядан кейін теңгенің жағдайы күрт нашарлап, адамдардың ұлттық валютаға деген сенімі жоғалғанда Елбасы дедолларизация бойынша тапсырма берген болатын. Оны іске асыру үшін Ұлттық Банк базалық ставканы 17 пайызға бірден көтеріп, теңгелей депозиттің кірістілігі күрт артып, азаматтар доллардан теңгелік депозиттерге жаппай ауысқан еді.
Бірақ қазіргі проблема басқа. Әңгіме теңгеге деген сенімде емес, азық-түліктің қымбаттауында болып отыр. Сарапшылардың көбі оны экспорттың күшеюінен көреді. Бір сөзбен айтқанда, біз жылдар бойы экспортты дамытамыз деп келдік. Енді шекараның барлығы ашылғанда, фермер үшін тауарды экспорттау ішкі нарыққа сатуға қарағанда бірнеше есе пайдалы болып шықты. Сондықтан өзіміз өндірген азық-түлік өнімдерінің барлығы сыртқа ағылып, ішкі нарықта дефицит пайда болды.
Фото: ҚазАқпарат
Тоқетерін айтқанда Айдархан Құсайынов базалық ставканы 12 пайызға көтеріп, Ұлттық Банктің барлық жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын жабу керек десе, Марат Қайырленов азық-түлік экспортына уақытша шектеулер қойып, атаулы әлеуметтік төлем көлемін тағы 8 триллион теңгеге көбейту керек деген пікірде. Онымен бірге, импортқа баж салығын алып тастау, тасымал тарифтерін субсидиялау арқылы арзандату шаралары ұсынылады.
Үкімет оған құлақ аса ма? Қазіргі инфляция азық-түлік қауыпсіздігінің деңгейі төмендеп кеткендігін білдіріп отыр. Егер олай болатын болса, биылғы инфляция мәселесі тек министрліктер мен Ұлттық Банк коридорларында ғана емес, Қауыпсіздік кеңесі отырысында да талқылануы тиіс.