3 Маусым 16:30

Бюджет жыртылып кетпей ме? Әлеуметтік шығынның көптігі мемлекетке НЕГЕ қауіп төндіре бастады?

Фото:

Әлеуметтік шараларға – зейнетақы, түрлі атаулы төлемдер, денсаулық сақтау мен білім беру саласына жұмсалатын шығын мемлекеттік бюджеттің тең жартысына жеткен. Бір жағынан – бұл біздің социалды мемлекет екенімізді білдірсе, екінші жағынан – өте қауіпті. Себебі, біз зейнетақыға кететін қаржыны өзіміз жұмыс істеп таппаймыз, мұнай есебінен алып отырмыз.

2021 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 3,8 триллион теңгені құрады деп жазады Finprom. Бұл өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда бірден 18 пайызға артық. Шығындар көбейіп барады.

Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджетті нақтылау бойынша депутаттар алдына шығып, бюджеттің әлеуметтік саласының 374 миллиард теңгеге өскенін хабарлады. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар 7,5 триллион теңгеге жеткен. Бұл жалпы бюджет шығысының 48,7 пайызы.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Фото: gov.kz

«Бұл өте үрейлі симптом», – дейді TikMill брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев. «Біз әлеуметтік мемлекетпіз. Бірақ бұған біз экономиканың сапасын арттырып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп, бюджеттің кірістерін көбейту емес, жәй ғана Ұлттық қорға қол жүгірту арқылы келіп отырмыз».

«Біз қазір, бір сөзбен айтқанда өз болашағымызды жеп жатырмыз. Өзіміз ешқашан таппаған және таба алмайтын қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаудамыз. Мемлекет іштегі, сырттағы жағдайды еш сараламай, қоғамда масылдық көзқарасты қолдауға және соны дамытуға жұмыс істеуде»

«Бізде адамдар мемлекеттен барынша көп алады да, мемлекетке беруден, яғни салықтан мейлінше жалтарады», – дейді EXANTE халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Андрей Чеботарев. Оның айтуынша, қазір бюджеттің тең жартысын әлеуметтік қолдауға жұмсау – өте қауіпті сигнал. Біз өз бюджетімізді жей бастадық.

«Бюджеттің дефицитте отырғанын ескерсек, біз қаржыны Ұлттық қордан алып, құртып жатырмыз. Бюджеттік ереже жоқ. Біз трансферттер арқылы Ұлттық қорға ауыз салумен шектелмей, оған мұнайдан түскен қаржының бәрін жіберіп жатқан жоқпыз. Мұнай мен оның өнімдеріне салынатын экспортты баж салығы Ұлттық қорға емес, тікелей бюджетке келіп түседі. Бұл – қосымша 1 триллион теңге қаржы»

Андрей Чеботаревтің пікірінше, бізге арнайы ереже енгізіп, соның арқасында бюджет профицитіне қол жеткізген Ресейдің тәжірибесіне назар аудару керек. Негізі әу баста барлық шығындарды қысқартып, бюджет профицитіне қол жеткізуіміз қажет еді. Бірақ үкіметтің қазіргі бюджетке қатысты қадамдары, алдағы 3 жылдан ешқандай профицит күтпейтінімізді көрсетеді.

Биыл бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызына жетеді. Бұл – антирекордтық көрсеткіш және жағдайдың мәз емесін білдіреді. Қаржы министрлігі бюджет тапшылығының өсіп бара жатқанын коронавируспен күрес аясында бірқатар тапсырма берген Мемлекет басшысының бұйрықтарын орындау қажеттілігімен түсіндіріп отыр.

Сонда бюджеттің шығыны – 15,3 триллон теңге, ал табысы 12,6 триллион теңге болады. Арадағы минусты спред – яғни бюджет тапшылығы 2,7 триллион теңгеге жеткен.

Тегтер: