USD
USD
USD

Михаил Шайдоров Миландағы жеңісінен кейін жалақы алмай жүргенін айтты

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Милан қысқы Олимпиадасында алтын медаль алғаннан кейін өзіне жалақы төленбей жүргенін айтты.

Михаил Шайдоров
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астана, NEGE. Михаил Шайдоровтың сөзінше, қазір жаңа маусымға дайындалатын уақыт келді. Алайда төлем мәселесіне байланысты ол дайындықты қалай жалғастыратынын түсінбей отыр.

Шайдоров бұл жағдай өзінің Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін басталуы мүмкін екенін айтты. Олимпиададан кейін оның жалақысы туралы ақпарат жарияланған. Сол кезде ол мұның өзіне ұнамағанын ашық жеткізген.

«Мен бұл туралы жағымсыз пікір айтқаннан кейін, мені жазалағысы келген сияқты. Жеңістен кейін жалақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды түсінбей отырмын», – деді Шайдоров.

Оның айтуынша, оқу-жаттығу жиындары мен жаңа бағдарлама қою мерзімі алдын ала жоспарланған. Бірақ дайындыққа кететін шығынды кім төлейтіні әлі нақты шешілмеген.

«Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа нәрсе айтады, үшіншісі тағы басқа нәрсе айтады. Маған жағдай түсініксіз. Ал 1 ақпаннан бастап дәрігерімді алып тастады. Бұл да біртүрлі», – деді мәнерлеп сырғанаушы.

Шайдоровтың айтуынша, оған жалақысы туралы ақпараттың не үшін жарияланғанын ешкім түсіндірмеген. Спортшы дау-дамай қаламайтынын, тек тыныш дайындалып, Қазақстан атынан өнер көрсеткісі келетінін айтты.

«Мен тек дамығым келеді, сырғанағым келеді. Маған интрига да, дау да керек емес», – деді ол.

Осыдан кейін Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді. Онда Шайдоровқа 2026 жылғы қаңтар және ақпан айлары үшін жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгені айтылды.

Дирекция мәліметінше, наурыз айынан бастап жаңа еңбек шарты жасалуы керек болған. Себебі жаңа олимпиадалық цикл басталған. Ұйым жаңа келісімшартта спортшының мәртебесін ескере отырып, қаржыландыру шарттары жақсартылатынын мәлімдеді. Бірақ құжат әлі тараптар арасында келісіліп жатыр. Жалақы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін қайта төлене бастайды.

Қазір оқып жатыр

«Шабыт» академиясында декан мен Меруерт Өтекешоваға қатысты дау шықты

.

Павлодар облысында Ан-2 ұшағы электр желісіне тиіп кетті: бір ұшқыш қаза тапты

.

Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Құрбан айт

Путин Қазақстанға сыйға тартылған Амур жолбарыстары туралы айтты

Тоқаев, Путин