Соңғы оқиғалардан кейін президенттің мәлімдемелері мен ресми БАҚ жарияланымдарынан «деструктивті» термині н жиі еститін болдық. Комментарий бергенде оны екінің бірі қолданады.
Сөздікке салсақ, латынның «destructio» («күйреткіш, қиратқыш, бұзушы») сөзінен шыққан бұл анықтауыш не мағына беретіні айтпаса да түсінікті.
Бірақ бұл сөз біз үшін жаңалық емес. Бейбіт шерушілердің арасына килігіп кетіп, бүлік шығарғандар ғана деструктивті ме? Қоғамдық өмірдің ең арам пиғылды ағымдарына тән осы нәрсе тек митингілер кезінде бой көрсете ме?
Жоқ!
Қарап отырсаңыз, бізде басқа да деструктивті дүниелер бар.
Бізде билік деструктивті. Оны біз, оппозиция, бұрын да айтып келсек, бүгінде президенттен бастап, басқалар да биліктің бұрын-соңды айтылмаған кемшіліктерін тізіп жатыр.
Оларға салсақ, билік экономиканы бір қолға шоғырландырыпты (олигополия). Шынайы бәсеке болмаған соң, орта және шағын бизнес күйремей, не істейді?!
Ендеше, билік деструктивті емей, қандай енді?
Одан қаттырақ айтсақ, билік тек экономикадағы емес, саяси өмірдегі бәсекені өз қолымен жойды емес пе? Өзіне қарсы шыққан күштер мен тұлғаларды аяусыз қудалады: оппозициялық партияларды жауып, арыстарымызды атып тастады, түрмеде шірітті не шетелге кетуге мәжбүр етті. Ел ішіндегі оппозицияны тіркемей, құқықтық алаңға сыйдырмай, өз қолымен заңсыз етіп қойды.
Билік деструктивті емей, қандай енді?
Кешегі қаңтар қырғынында президентті ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті шайқалтып, тұтас мемлекетті құлата жаздағандар да осы биліктің өз ішінен шыққан шұбар жыландар емес пе?! Қаншама адам қырылды?!
Билік деструктивті емей, қандай енді?!
Қазіргі президентке, экс-президентке, жекелеген шенділерге баға беріліп жатыр. Ол да дұрыс.
Бірақ көкейде «Енді не істеу керек?» деген сауал тұр.
Жауап біреу-ақ: деструктивті билік конструктивті болуы тиіс!
Латынның «constructivus» («бір нәрсені құру үшін арналған») сөзінен туған бұл ұғымның жасампаздық сипаты бар және осы терминнің астарында «бірлесе қимыл-әрекет ету» деген ерекше маңызға ие қосымша мағына бар.
Рас, кезінде «конструктивті оппозициямыз» деп, принциптерінен тайқып, оппозицияны қақ жарып, берекесін кетірген кейбір «демократтар» бұл терминнің қадірін кетіріп-ақ бітті. Сол кезден бұл ұғымның астары біртүрлі жағымсыз сипат алып кетті. «Дәйексіз, табансыз, тым ымырашыл, биліктің айтқанына көнгіш» деген мәнге ие болып қалды.
Бірақ, күн сайын мың құбылып отыратын саяси конъюнктура бір бөлек те, энциклопедиялық терминдер бір бөлек емес пе?
Олай болса, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде осы анықтаманы қайта жаңғыртатын кез келді деп санаймын.
Тек қана сынап-міней бермей, сындарлы ұсыныс айтып, ең бастысы, мемлекет, ұлт мүддесін бәрінен де – жеке бас амбициясы мен топтық басымдықтардан жоғары қойып, шын мәнінде «конструктивті» болайық!
Бұл сөз билікке де, оппозицияға да қатысты!
Билікке қатысты дейтінім, кеше өз сұхбатында президент Тоқаев: «Мәжілісте бірнеше күшті партиялар болуы керек деп санаймын. Тіпті Үкіметті жасақтау кезінде конституциялық басымдық болмаса, олар ортақ мәмілеге келу керек... Мысалы, Германияда барлығы да мәдениетті түрде өтеді. Партиялар ауысады. Адамдар байсалды сөз сөйлейді. Басқа партиялар оларды тыңдап, белгілі бір мәмілеге келеді. Үкіметтегі негізгі лауазымдарға өздерінің адамдарын ұсынады. Уақыт өте келе, біз де осыған келеміз деп ойлаймын. Мен Президент болып тұрған кезде осы нәтижеге қол жеткізгім келеді», – деп қалды.
Дұрыс-ақ делік.
Бірақ ол партиялардың күшті не күшті емесін кім анықтайды? Тек қана «Нұр Отан» мен оның құйыршықтары жаулап алған сайлау комиссиялары ма? Әлде, шынайы халықтық партиялар тіркеліп, олар сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болып, ашық та әділетті сайлауда өз бағын сынап көре ме? Ол үшін ол партиялардың өкілдері барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына енуі шарт қой. Бұндай реформаға президент бара ала ма?
Меніңше, биліктің конструктивизмі дәл осыдан – елде нақты оппозициялық күштер бар екенін мойындаудан және оларды заңды түрде легитимді алаңға шығарудан басталуы тиіс!
Әйтпесе, қалғанының бәрі – далбаса!
Оппозиция да конструктивті болатын уақыт келді деп санаймын.
Құқық алаңынан шығып кетсе, оның бейбіт бастамаларын дәл сол деструктивті күштер тағы да пайдаланып кетпесіне кім кепіл? Сол сұхбатына салсақ, президенттің билік жүйесін қайта құру ісі енді ғана басталып жатқан сыңайлы. Өзі: «Билік партиясының өзінде де оппозиция бар», – деп, өзіне қарсы күштер әлі де ат үстінде екенін мойындап отыр. Билік пен байлығынан айрылып жатқан ол күштер тоқаевшыл күштерге қарымта соққы беруден де тайынбайтынын өткен жолы жазып едік.
Яғни, өзінің стратегиясы мен тактикасын анықтағанда оппозициялық күштер де осы қауіпті ескеруі тиіс деп санаймын.
Бірақ «конструктивті болу» билік не айтса, соған бас шұлғып, «ләббай, тақсыризмге» салынып, келісе беру емес. Халықтық, демократиялық құндылықтарды қорғауда бірізділік, табандылық танытып та конструктивті қалыпты сақтап қалуға болады: билікті сынайтындардың бәрі мемлекеттің жауы емес.
Билік соны да ұғып алғаны жөн!
Керісінше, кландық, олигополиялық жүйдеден бас тартқысы келіп жатқан президент қоғамдағы осы ниеттегі күштерді өзінің қарсыласы емес, жақтасы ретінде тануы тиіс. Сонда ол нағыз дипломат-президент боп шығар еді...