Нақты сұрақ, сырғытпа жауап: «Қалт-құлт еткендермен» қалай қуатты әскер құрамыз?

Әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті. Маусым айының 30-на дейін Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ, әскер сапын 18-27 жасқа дейінгі 20 мыңнан астам ер азамат толықтыратын болады.
Жалпы алғанда 2025 жылы 42 098 қазақстандық әскер қатарына шақырылатын болды. Үкімет қаулысына Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Естеріңізде болса, өткен жылы сенатор Амангелді Нұғманов әскерге шақырылғандарды медициналық тексеруден өткізетін жүйені сынға алған еді. Оның айтуынша, дәрігерлердің толық тексерістен өткізіп, дұрыс диагноз қоюына уақыт жетіспейді. Сондықтан «денсаулығы жарамсыз» сарбаздар да әскерге кетіп жатыр.

Бұрын әскер қатарына алынатын адамдардың денсаулығы толық тексерілетін. Мәселен, көзі дұрыс көрмейтіндерді әскерге алмайтын. «Тапсырма орындаймыз деп денсаулығы жарайтыны бар, жарамайтыны бар, бәрін әскерге әкетпек» деген сыбыс тарауда. Егер тек межені орындау үшін осындай жағдайлар болып жатса, қуатты әскерді қалай құрамыз?
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында NEGE тілшісі жолдаған сауалға Қарулы Күштердің Бас әскери медицина басқармасы бастығының орынбасары Берік ІЛИЯСОВ жауап берді.
«Әскер қатарына азаматтарды шақыру үшін жергілікті атқарушы органдар медициналық комиссия құрады. Медициналық комиссия әскерге шақырылған азаматты егжей-тегжейлі тексерістен өткізеді. Қорғаныс министрлігі бекіткен арнайы талаптар бар. Осы талаптарға сәйкес, әскери қызметшілерге 8 гарадациямен бөлінетін талап қойылады. 8 гарадация бір-бірінен бөлек. Ең жоғарғы талап Мемлекеттік күзет қызметіне қойылатын болса, ал аз талап материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштеріне баратын әскери қызметшілерге қойылады. Көз жанарының көру қызметіне қатысты талаптар да сегізге бөлінген. Көзі көрмейтін адамды әскерге алып кетпейді. Жалпы көрмейтін болса, әскерге жарамсыз немесе уақытша жарамсыз деген шешім шығарылады», – деді полковник Б.Ілиясов.

«Қазақстанда әскерге шақырылғандар арасындағы өлімнің 90%-дан астамы әскери борышын орындаумен байланысты емес», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі. Осы тұста заңды сұрақ туындайды. Не себепті азаматтық борышын өтеп жүрген жастар әскер қатарында жүріп, бейбіт күнде өз-өзіне қол жұмсайды? Әскерде НЕГЕ жастардың сағын сындыратын фактор көп?
«Қорғаныс министрлігі осындай жағдайлардың алдын алу үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Әскердегі сарбаздарға кәсіби психологиялық көмек көрсетіледі, стресс пен жанжалдың алдын алуға бағытталған психологиялық тренингтер мен сабақтар өткізіледі. Командир жеке құрамнан үнемі анонимді түрде сұрақ-жауап алып тұрады. Бұл жағдай ұдайы тексеріледі. Сонымен қатар бізде «Өміріңді сақта» деген жаңа бағдарлама енгізілген. Азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздармен, әскери қызмет атқарып жатқан мерзімді қызметкерлер мен келісімшарт арқылы қызмет етіп жатқан офицерлер арасында осындай жұмыстар атқарылады», – деп жалпылама жауап берді Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Фархат Айдарбаев.
Өкінішке қарай, Қорғаныс министрлігі өкілдеріне қойған нақты сұрақтарымызға сырғытпа жауап алдық. Сондықтан да сұрақтарымызды қайта жұптап, Қорғаныс министрінің атына ресми сауал жолдауға мәжбүрміз.