«Біз соңына дейін күресеміз!» – Қалдыбек Құрманәлі Жанқош Тұраровтың ісіне қатысты жаңа мән-жайларды айтты

Былтыр тамыз айында 28 жастағы бойжеткен Әнару Құрманәлі өзін танымал боксшы Жанқош Тұраров зорлағанын айтып, оның үстінен арыз түсірген еді. Екі айға созылған тергеуден кейін Алматы қалалық полиция департаменті «қыз зорлады» деген Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.
Алайда, «Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқан. Тиісті органдардың бәріне шағымданып, қайта қозғауға күш саламыз» деп, Әнарудың адвокаты Ләззат Ахатова да бұл істен бас тартатынын айтты.
NEGE тілшісі істің неге қысқарғанының, не себепті сотқа жетпей жатқанының жайын Әнарудың әкесі, композитор Қалдыбек Құрманәліден сұрады.
— Қалдыбек аға, Әнарудың арызы бойынша құқығын қорғап, адвокаттық қызмет көрсеткен Ләззат Ахатова бұдан былай бұл іске араласпайтыны туралы жазыпты. Неге?
— Бізде екі адвокат болды. Оның біреуі — Ләззат Ахатова. Ол өзінің мойнына алған адвокаттық қызметін артығымен атқарды. Арада түсінбестік болды. Менің қызымнан да кінә бар. Ол көп адамнан күдіктене береді. Ләззатпен Астанада жолығып, рақметімді айттым. Ешқандай да өкпе-реніш жоқ. Осы күнге дейін адвокат қана емес, қызыма психолог ретінде қолдан келгенін жасады.
Бірақ осы жерден тоқтатқан жөн деп санадым. Оған бірнеше себеп бар. Қызым Әнару түн ішінде адвокатқа телефон шалып: «Не істеймін? Жанқош Тұраров жазасын алмай ма?», — деп мазалайтын көрінеді.

Мұнысы дұрыс емес екенін білемін. Көңілінде ана адамға деген өшпенділік, ыза-кек қалып қойған ғой. Өзіне де ауыр тиді, әбден депрессияға түсті. Қызымды жақтап отырғаным жоқ, қай жағынан болса да, әділетті қарауға тырысамын. Бірақ Ләззат Ахатова сот емес, прокурор емес, ол адвокат қана. Қызымды әлеуметтік желіде біржақты қаралаған тұста қайсарлық көрсеткеніне ризашылығымды білдіремін. Егер іс сотқа өткенде қайтадан қорғаушы боламын десе, қуана қарсы аламын.
— Әнару неге күдіктенеді?
— Қызымның күмәншілдігі, күдікшілдігі соншалықты, кейде жоқ нәрсені ойдан құрастырып алады. Ал мен Ләззат Ахатованы өмірімде бес-ақ рет көрдім. Өзі күдікшіл, депрессиядағы қыз анаған да, мынаған да сенгіш болады ғой. Тіпті, мені де «Әкем істі соңына дейін апармайды-ау» деп ойлайды.
Әйелдерге психологиялық көмек беріп жүрген, өзім құрмет тұтатын Айнұр Тұрсынбаева қызымның жағдайын естіп, қолдау білдіріп Алматыда білікті психологтың он күндік сеансына ақша төлеп берді. Кейін өзім де ол психологпен сөйлесіп, қандай әдіс қолданғанын сұрадым. Он күн сеанс өткеннен кейін қызым едәуір жақсы болып қалды. Бірақ «Әке, сізге, Айнұр Тұрсынбаева апайыма рақмет» деп бірауыз жылы сөз айтпады. Керісінше, «Айнұр Тұрсынбаева Жанқоштың адамы емес пе?» деп күдіктенген. Мына заманда біреу үшін біреу ақша төлей ме?
— Жалпы, қызыңыздың басына түскен жағдай әкесі ретінде сізге де қатты тиген шығар…
— Жалпы, қыз бен жігіттің арасында 5-ақ жағдай болады. Біріншісі, жігітке ғашық болып қалады да, соған тиіп алуды армандайды. Екінші, егер зорланып қалса, бопсалап, ақша талап етеді. Үшіншісі, кезінде махаббат болып, кейін қарамай кеткен жігітті масқаралап, кегін алу. Төртіншісі, сотқа шағым түсіріп, қамату. Бесінші, ақша талап ету.
Ал мына жағдайда қызым полицияға арыз түсіргенде, Жанқош «Арызыңды ала сал» деп ақша ұсынды. Қызым оны қабыл алған жоқ, демек ол ақша үшін сотқа бермеді. Салдарынан Жанқош та, өзі де жалпақ жұртқа масқара болды. Әкесі ретінде маған да оңай соқпады.
Жанқош Тұраров әу баста алғаш рет зорлағанда қызымды алатынын айтып, алдап келсе, одан кейін тек қорқытып отырған. Себебі, ол Әнаруға мефедрон беріп, жатқан-тұрғанын, жасаған зорлығын видеоға түсіріп алып, соңғы 6 жыл бойы «интернетке салып, масқараңды шығарамын» деп бопсалаған. «Анда кел, мында кел» дейді екен, егер «бармаймын» десе, сол видеоны әлеуметтік желіге салатынын айтқан. Тіпті, бокстан жекпе-жек өтіп жатқан Грузияға да мефедрон алып келуге мәжбүрлеген. Бірақ қызым бармаған. Яғни, басында зорлаған, сосын «аламын, маған ұл туып бересің» деп алдаған, кейінгі жылдардың бәрінде тек бопсалаумен ұстап келген.

— Әнарудың сізге деген өкпесі бар сияқты. Бәлкім, бала кезден әкелік махаббатқа зәру болып өскеннен бе?
— Иә, қызымның маған деген реніші бар. Сұхбаттарда, былай әңгімелерде кейінгі бес баламның атын айтамын ғой. Сондай кезде Әнарудың айналасындағылар: «Әкең неге Әнасыл деген ұлы, Әнару деген қызы бар екенін айтпайды?», — деп араға от салатын сияқты. Қысқасы, мен туралы жағымсыз пікір, кереғар ақпарат беріп отырған. Оның үстіне әкесіз өскен соң, әрине іштей өкпе-назы бар шығар.
Біз Әнарудың анасы, ақын Ақмаржан Таубаевамен азаматтық некеде тұрдық. Қосылдық, кейін ажырадық. Оған «Жайық ұстазы» деген газет ашып бердім. Өмірінің соңына дейін сол басылымды шығарды. Анасы қайтыс болғанда барып, жерлеу рәсімінің бас-аяғында болдым. Ол кезде Әнару 18 жаста еді. Бір жылдан кейін асын беріп, үлкен ұлым — Әнасылды үйлендіріп, құдалығын өткізіп бір-ақ қайттық.
Ұлым шешесіне тартқан, Алматыда оқыды, осындағы бауырларына да сіңісіп кетті. Ал қызымның мінезі тура өзім. Содан ба екен, бізге сыя алмады, үнемі бөлініп тұрады. Маған қатты өкпелеген бір тұсы — оның әнші болуына қарсы болдым. «Кез келген адамды сахнаға шығарасыз, неге мен әнші бола алмаймын?» дейтін. «Атым — Әнару, маған әнші болу керек» деген арманы болды. Бірақ ән айтқанмен, кереметтей дауысы жоқ. Соны үнемі айтады. Филология факульетін бітірді, сол жолда еңбек еткенін қаладым. Қандай болса да, өз қызым ғой, қалай ренжимін?
— Бұл іс неге алға жылжымайды деп ойлайсыз?
— Осыдан үш ай бұрын Бас прокурор Берік Асыловтың атына хат жаздым. Олар бұл хатты Алматы қаласының прокурорына жіберген. Сол кезде іс жабылып қалған. Біз екінші рет арыз түсірген соң істі қайта қозғады. Жеме-жемге келгенде Жанқош Тұраровтың артында тұрған адамдар күшті сияқты. Естуімше, ол кезінде Қайрат Сатыбалды, «Дикий Арманмен» араласқан көрінеді. Ол басында күдікті емес, қорғануға құқы бар куәгер ретінде тіркелген. Сосын Алматы қаласы, Әуезов ауданының полиция бөлімі тергеу жөніндегі бастығының орынбасарына кіріп ем, бәрін ашық айтты. «Аға, біз қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Бірақ қалалық прокуратура сотқа жібермей тұр. Егер олар пәрмен берсе, сотқа беруге дайынбыз», — деді. Бұл іс осындай жағдаймен тоқтап қалған.
Соңғы үмітім — Астанаға барып, Бас прокурор Берік Асылов мырзаға немесе бірінші орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке кіру. Ал егер қабылдамаса «Істің сотқа өтуіне ықпал етуіңізді сұраймын. Бұған кедергі жасап жатқан күштер бар. Сот әділетті шешім шығарсын» деп хат қалдырамын. Зорлық болғаны анық, оның бәрі тергеу кезінде дәлелденді. Менде де намыс бар. Менің де досым, дұшпаным бар. Сондықтан іс сотқа өтіп, әділ шешім шығарсын. Басында айттым ғой, біз соңына дейін күресеміз!