Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ: «Әйелімді ұрған емеспін» десем, бәрі күледі ғой...
Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі қоғамдағы кез келген мәселеге үн қатып жүреді. Кейде ащы айтса да, пікірі дөп түседі. NEGE тілшісі бұл жолы оған отбасы, ұлттық құндылық жөнінде сауалдар қойды.
– Отбасылық өмірде талай жыл тәжірибеңіз бар азаматсыз ғой. Соңғы жылдары қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұған «әйелін азаптап өлтірді» деген Бишімбаевқа қатысты сот процесі де, «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға президенттің қол қоюы да екпін түсірді. Бұл басқа еркеккіндіктілерге сабақ бола ма?
– Негізі заң бір-ақ нәрсеге негізделуі керек: еркек пен әйелдің құқығы тең. Кеңес одағында да әйелдерді асқақтатқысы келді. Ол кезде сондай саясат ұстанды. Ал тәуелсіз ел болғаннан кейін әйелдердің құқығын қорғауына қатысты шетелден тәжірибесін ала бастадық. Бір таңқалатыным, қызметте де «әйел өсуі керек», «парламентте әйел депутатың саны артуы керек» дейді. Бұл жерде еркек пе, әйел ме, оған қарамау керек-тұғын. Жұмысқа аларда, қызметке көтерілерде адамның қабілетіне қарау керек емес пе?! Өз басым «Парламенттегі депутаттардың мынша пайызы әйел болу керек» дегенді түсіне алмаймын.
Оқи отырыңыз: Қалдыбек Құрманәлі, композитор : Мерей Мақпалды тастап кеткен жоқ
Ал отбасында ерлі-зайыпты ажырасқанда, неке бұзылады. Бала автоматты түрде әйел жағында қалады. Бұл жерде бүкіл әйелді кінәлап, бүкіл еркекке адвокат болайын деп тұрғам жоқ, бірақ сол кезде тең құқық деген қайда қалады? Кейбір әйелдер осыны біліп алған да, «Бала туып алсам болды, ажырасқан күннің өзінде менде қалады, оған қоса алимент аламын» деп шектен шығады. Сондықтан кейде әйел құқын көтереміз деп, оларды күйеуіне қарсы қойып жатқан жайттар бар.
Бишімбаевтың жағдайына тоқталсам, Салтанат Нүкенова бірінші әйелі емес екен. Бишімбаев «Болашақпен» шетелде оқып келген, президенттің көмекшісі, министр деңгейіне дейін көтерілді. Оны танымаймын да, бірге шәй ішкен адам емеспін. Оған адвокат болып отырғам жоқ. Бірақ қоғам қарсы шықса да, «әйелін қасақана өлтірді» дегенге сенбеймін. Бишімбаевты қаралап жатқан әйелдер маған да атылатын шығар. Бірақ қандай жағдайда өлтіргені туралы түбегейлі зерттеу керек еді. Оның өлтіргені рас, алайда қасақана өлтіргеніне нақты қандай айғақ бар?
Бишімбаевты мысалға алып, «бүкіл еркек оңбаған, қатыгез, әйелін өлтіруге дайын тұрады» деген пікір қалыптасып барады. Бұл дұрыс емес.
Өмірде отбасын құрған соң ұрыс-керіс болады. «Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, тек сынбаса болды» деген тәмсіл бар. Бұл «күйеуіңнен таяқ жеп, төзіп жүре бер» деген сөз емес. Және әйелді еркектен артық қойып, қарсы қою да қоғамның жақсылығы емес. Бұл отбасы құндылығын жоғалтып, қазақты жоқ қылып жіберудің үлгісі деп ойлаймын. Батыстың менталитетін алып, бүкіл қазақ құндылығына қарсылық таныту жөн бе? Әрине, әйелін тепкілеп, төмпештеп жату дұрыс емес. Ал болмашы ұрыс-керіске бола баланы әкесінен бөлек алып қашуға келіспеймін! Ондай жағдайда отбасы көпбалалы бола ма? Жоқ.
Адамның ниеті өзгеріп кетті. Өзім танитын кейбір қыздарға: «Неге күйеуге тимейсің?» десем, «Маған күйеу не үшін керек? Бір жігіттен туып аламын» дейді. Тіпті, ұнатқан, қалаған еркектің қойнында жатып жүре берер ем де, сосын момындау бір жігіттен бала туып аламын, болды» деп жауап беретіндер бар. Бұл не сонда? Шетелден келген эгоистік көзқарас па? Біз неге шетелдің жақсы жағын алмаймыз? «Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң қабылданса да, оған ұлттық құндылықтарды сақтай отырып өзгеріс енгізуге болады. Жалпы, әйелдің де, еркектің де құқығы тапталмауы керек.
– Сонда әйелдің ара-тұра таяқ жеп тұрғаны дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Таяқ жеп тұрғанды дұрыс дегем жоқ. Ал бірақ соған лайықты әрекет жасаса, жөн. Әркез бір-бірін қолдау керек қой. Беталды әйелін ұратындай ешкім жынды емес. Отбасылық түсініспеушілік қай кезде де болады? Соның ішінде бауырлар арасында кикілжің көбінесе әйел тарапынан туындайды.
– Әйеліңізге қол көтердіңіз бе?
– Неге көтермеймін? Әйеліме қол көтерген кездерім болды. Онда тұрған не бар? Мына мінезіммен «Әйелімді ұрған емеспін» десем, бәрі күледі ғой. Қазір енді ашулансам, ұруға жеткізбейді. Мені әбден танып алды. Оның үстіне балалар өсті, «адвокаттары» бар. Әлгі «Шаншар» әзіл-сықақ театрының қойылымында «Ұрам деп ұрмайсың ғой, «ал ұр-ұр» деп тұрады. Содан кейін қалай ұрмайсың?!» демейтін бе еді. Күйеуінен таяқ жеу арқылы өзінің дегеніне көндіріп алатын да әйел бар. Бірақ «әйелімді ұрып, тәрбиелеп алам» деген дұрыс пайым емес.
– Қазір жастар бұған төзбейді. Қолының ұшы тисе, ажырасып кетеді. Оларға не дейсіз?
– Қазір адамдардың пейілі бұзылған. Бала туып алып, «Маған енді күйеудің керегі жоқ» деп ажыраса берсек, түбі не боламыз? Жігіт пен қыз болып жүргенде жақсы көргені қайда қалды? Бір-біріне деген сенімі ше? Өмірде түрлі тұрмыстық, экономикалық қиындық боп тұрады. Оны да бірге еңсеріп шығуға болады. Өзара келісім қажет. Ерлі-зайыпты бір-біріне қолдау білдірмегенде ғана төбелеседі, ажырасады. Адам өлтіріп қоймаса, қиянат жасап, кешірілмейтін күнә жасамаса, ажыратпайтын заң шығару керек.
Бүгінде түкке тұрмайтын нәрсеге бола ажырасып кетіп жатқандар көп. «Күйеуіммен мінезім жараспады» дейді екен. Бұл не? Заманына қарай заңы, заңына қарай заманы, заманына қарай адамы бар. Бәріне жан-жақты қарау керек. Кей қыздар үйде отырғысы келмейді. Психологтарды әбден тыңдап алған. «Мен де тұлғамын. Мен де қызметке араласып, танымал болғым келеді» дейді. «Күйеуім киімін өзі жусын. Оны жууға міндетті емеспін» деп кергиді. Күйеуіне, ата-енесіне қарамаса, отбасы құндылығы көк тиын болғаны. Онда еркекке әйелдің не керегі бар?
– «Қазір қоғамда әйелінің тапқан-таянғанын жеп-ішіп жататын абьюзер еркектер көбейіп кеткен» дейді. Рас па?
– Бұрын «Әкең келе жатыр» дегенде, президент келе жатқандай елестейтін. Анамыздың өзі әкемізді қалай құрметтеді? Сол құрмет балаларының көз алдында қалып қойды. Бір кездері әйелдер ала дорба асынып, пойыз жағалап сауда жасауға шығып кеткенде еркектер бала-шағасына иелік етіп, үйкүшік болып қалды. Көп еркек әйелге айналып кетті. Оған заманның экономикалық қиындығы да себеп, онымен қоймай әйел билікті өзіне көп алды.
Кез келген мәселеге біржақты қарамау керек. Себеп-салдарын анықтап, мүмкіндік болса отбасын ажырастырмайтын отбасылық институттар ашылуы керек. Ұлтты сақтап қалу, отбасы құндылығын сақтап қалу жөнінде саясат жүргізілмесе, жағдай қиын. Бұл жағынан өзбек халқынан үйренетін тұсымыз көп.
Бұдан былай жұмыссыз еркектерге жұмыс тауып беруіміз керек. Ауылда тұрып, кәсіп ашып жатырмын ғой. Біреуге ақыл айту үшін екі қолына күрек тауып берейік. Ал бар жұмысты істемей жатса – әңгіме басқа. Біреудің қойын бағып, құрылысын салып жүрген жігіттердің алатыны 100 мың теңге ғана. Солар «Көке, кәсіп ашып жатыр екенсіз. Бізді жұмысқа алыңызшы» дейді. Бәрі жұмыс істегісі келеді, бірақ жұмыс жоқ. Ал жұмыс істеуден қашатындар мен бойдақ жігіттерге салық салу керек.
– Отбасы тәрбиесі, отбасы құндылығы неге әлсіреп кетті?
– Өз үйімде отбасы құндылығы төмендеген жоқ. Себебі, әйелім екеуміздің отбасы құрғанымызға пәлен жыл болды, ендігі бір-бірімізге үйреністік. Көндік. Ал қоғамда мыңдаған Қалдыбек бар. Қоғам жақсы жағына емес, жаман жағына қарай өзгеріп барады. Түйіні шешілмейтін мәселе болмайды. Осыдан шығудың жолын табу керек. Ұлттық, отбасылық құндылықты сақтап қаламыз десек, діні, ділі, тілі жақын мемлекеттерден тәжірибе алмасу керек.
Баласына қорлық көрсету, өгей әкесі қызын зорлау деген Кеңес одағында да болған. Бірақ ол кезде әлеуметтік желі болған жоқ. «Көрші ауылдарда сөйтіпті, бүйтіпті» дегенді естідік талай. Көбінесе жабулы қазан жабулы күйде қалды. Ал қазір мұндай озбырлық, азғындық одан әрі ушығып кетті. Қазір қоғамды құртуға қызмет жасап жатқан психологсымақтар көп. «Бала әкеге, қыз шешеге бағынбау керек» деп ұлтты іштей ыдыратып жатқандар бар. Мұндайларға мемлекет тыйым салмаса болмайды.