5 Желтоқсан 10:20
...

Қазақстанда дипломдардың түпнұсқалығын тексеретін деректер базасы құрылды

gov.kz
Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды. Ведомство мәліметінше, бұл шара құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында іске асырылып отыр.

Астана, NEGE. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі.

«Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде іске асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес. Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады», – делінген ресми хабарламада.

Жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді.

Бұл ретте министрлік өкілдері жалған дипломдарды жасау немесе пайдалану заңмен қатаң жазаланатынын ескертті.

Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады.

Ресми дерекке сүйенсек, 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталып, материалдар Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған.

Тегтер: