«Біз жинаймыз, сіздер жаратыңыздар». Зейнетақы триллиондары НЕГЕ маза бермейді?
БЖЗҚ – жаңа Ұлттық қорға айналып барады. 2021 жылдың басында қазақстандықтардың зейнетақы қорында жинақталған қаржысы 12,7 триллион теңгеге жетті. Бұл сома ақшалай емес, құнды қағаздарға күйінде сақталған.
Үкіметтің азаматтардың зейнетақы жинақтары арқылы экономиканың түрлі секторларын қаржыландырып жүргені жасырын емес. Ол инвестициялық қызмет деп аталып, бір жағынан жинақталған ақшаның инфляция кесірінен құнсызданып кетуіне қарсы шара деп танылады. Инвестициялық жұмысты зейнетақы қорының сенімхаты негізінде Ұлттық Банк жүргізіп отыр. Ал екінші жағынан мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер, банктер облигация шығарып, оны БЖЗҚ-ға сату арқылы өздерін қаржыландырудың сарқылмас көзін тауып алған.
Фото: enpf.kz
Мысалы, азаматтар қорда жинаған 12,7 триллион теңгенің 5,6 триллионын Қаржы министрлігі алған, 1,7 триллионы квазимемлекеттік секторға берілген. Жекеменшік банктер де БЖЗҚ-ны жақсы пайдаланады. Жинақталған қаржының 9,11 процентін банктер алған.
«Мені зейнетақы қорынан АТФ Банкке 149 миллиард теңге берілгені қызықтырып отыр. Қазір ол банкті Jysan Bank сатып алды. Енді бұл ақшаны болашақ зейнеткерлерге кім қайтарады?», – деп жазады қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
«Kaspi bankтің зейнетақы қоры алдындағы міндеттемелері 192,5 миллиард теңгеге жетті. Бірақ банк белсенді түрде несие береді, табысы жақсы және өз қарызын қайтаратыны анық. Акционерлері қаржыландырамыз деп уәде беріп отырған AsiaCredit банкі зейнетақы қорына 10 миллиард теңге қарыз»
Рысмембетовтың жазуынша, «Қазақстан темір жолы» БЖЗҚ-ға 255 миллиард теңге қарыз болып отыр. Оны өтеудің арнайы қабылданған кестесі бар. Елордаға газ құбырын тарту үшін «АстанаГаз» зейнетақы қорынан 95,3 миллиард теңге қарыз алған. Халықтың ақшасына газ құбыры тартылып, артынан ол қарыз халықтан газ үшін жиналған ақшаның есебінен жабылатын болады. Квазимемлекеттік сектордың ішінен зейнетақы қаржысына көбірек көз алартқан алпауыт – ҚазАгро. Агроөнеркәсіп холдингі облигацияларын орналастыру арқылы БЖЗҚ-дан 675 миллиард теңге алған.
«Ауыл шаруашылығын дамыту орасан зор қаржыны талап етеді. Қазіргі жағдайда оны зейнетақы қорынсыз іске асыру мүмкін емес», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.
«Бірақ БЖЗҚ-ға азаматтар жинақтарының табыстылығын инфляция деңгейінен асыру үшін сыйақыны құрығанда базалық ставка деңгейінде ұстау керек. Ал ондай сыйақы ставкалары ауыл шаруашылығы саласы үшін қымбатқа түседі. Сондықтан агросектор жақын жылдары БЖЗҚ қаржыландыруынан кетіп, одан да арзан қаржы көздерін іздейді деп болжаймыз»
«Азаматтардың зейнетақы қорынан өз ақшаларын шешіп алуы БЖЗҚ-ның жағдайын нашарлатпайды», – дейді мамандар. Себебі, азаматтар алдын-ала шеше алады деп болжанған қаржы көлемі қазір қорда жинақталған соманың 15 процентінен аспайды.
Демек, алдағы жылдары да БЖЗҚ үкіметтің экономиканы, түрлі жобалар мен құрылыстарды қаржыландыратын банкоматы болып қала бермек.