10 Қыркүйек 14:39

ЦИФРЛЫ БОДАНДЫҚ немесе біз НЕГЕ eGOV-тан бас тарттық?

Фото:

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресейдің Сбербанкі цифрлы үкімет платформасын құру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Қазақстан билігі мұны екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестіктегі серпінді қадам деп атады.

Бұл келісім іс жүзінде 2006 жылдан бері жасауы мен жүзеге асыруына қазынадан 46 млрд теңге жұмсалған eGov электронды үкімет платформасынан бас тарту дегенді білдіреді. 

Келісім бойынша Ресейдің жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік Сбербанкі Қазақстан Республикасындағы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты цифрландыруды жеке-дара жасайтын және Data-Driven Government жобасын жүзеге асыратын болады.

Екіжақты құжатта Қазақстанда GovTech цифрлы платформасын енгізу және дамыту, мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект пен мәліметтерді сараптау тәжірибесін енгізу туралы айтылған. «Жаңа платформа тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуді тиімді әрі жылдам етеді» делінген.

Осы жерде көкейде көп сұрақ туады. Құжатта аталған GovTech – Сингапурдың электронды үкімет жобасының атауы. Ол мемлекет пен азаматтардың цифрлық стандарттағы байланысын қамтамасыз етеді.

Г.Греф пен А.Мамин. Фото: forbes.kz

2020 жылы Сбербанк ГосТех атауымен ұсынған цифрлы үкімет жобасының негізі осы сингапурлық цифрлы платформадан алынғанын оның авторларының өзі мәлімдеген еді. Сбербанк бұл платформасын 900 млн рубльге (5 млрд 243 млн тг) жасап беретінін жария қылған.  Іс жүзінде Қазақстанда 2006 жылы-ақ қолға алынған электронды үкімет жобасы да (eGov) осы сингапурлық  GovTech платформасынан алынған.  Қазақстан мемлекеттік қызмет көрсету мен үкімет пен азаматтардың қарым-қатынасын цифрлы платформаларға көшіру жағынан, цифрлы технологияларды түрлі салаға енгізу бойынша Орталық Азияны былай қойғанда, бұрынғы кеңес аумағында да көшбасшы орынға шыққанын мамандар да мойындайды.

Мәселен, банк саласындағы цифрлы технологиялар, көпшілік сынап жүрген «Ашық» цифрлы қызметінің өзі Орталық Азияның басқа ешбір елінде жоқ. Экономикасын цифрлы технологияларға көшіру жағынан расымен де көп көршімізден оқ бойы озып кеттік.

Сонда өзімізде 15 жыл бойы сынақтан өтіп келе жатқан отандық өнімді әлі өздерінде толық сыннан өтпеген, орыстың шикі дүниесіне алмастыруға не себеп? Кейбір кемшіліктерін елемегенде, жалпы алғанда жұмысы көңілден шығатын, 46 млрд теңгеге жасалған  eGov несімен жақпай қалды?   

Меніңше, бар кілтипан осы науқан аясында жүзеге асырылатын Data Driven Government тұжырымдамасында жатыр. Data-driven —мәліметтермен жұмыс істеу.

Бұл тұжырымдама жеке компанияға клиенттері немен айналысатыны, не нәрсеге қызығып, қандай зат сатып алатыны, табысы мен әл-ауқаты қанша екені туралы егжей-тегжей цифрлы мәліметтер негізінде сараптама жасап береді.  Бұл Grafana, Google Analytics, Firebase секілді клиент туралы болжамды мәлімет беретін дашборд емес. Бейнелеп айтқанда, әрқайсымыздың цифрлық прототипіміз. Бұл – әр адам жайлы нақты мәлімет беретін тұжырымдама. Ол туралы IT-мамандары «You don't need Big Data — You need the Right Data», яғни «Сізге көп мәлімет қажет емес, сізге дұрыс мәлімет керек» деп тұжырады. Демек, цифрлы үкімет жобасын ресейліктерге беру – Қазақстан мемлекеті мен оның азаматтары туралы барлық мәліметті Ресейдің қолына өз еркімен ұстата салу деген сөз!

Фото: gov.kz

Енді тіпті ФСБ-ға Қазақстанда агент ұстаудың да қажеті жоқ. Бәрін өз қолымызбен береміз. Бірер жыл бұрын Қазақстанның орта білім саласына еніп кеткен «Күнделік» жобасының нақты иесі ресейліктер екені және Қазақстандағы миллиондаған оқушы мен оның ата-анасы туралы деректер заңсыз түрде шетелдің компаниясына кетіп жатқаны туралы жазған едім. Бірақ ол кезде қоғам бұл жағдайды елемеді.

Барлау жасап, тамырымызды басып көрген соң, Ресей үкіметі енді цифрлы тәуелсіздігімізге ауыз салды. Біз іс жүзінде қайтадан бодандыққа бет алдық. Әзірге виртуалды кеңістікте.

Кезінде ұзақ жыл дипломатия саласында қызмет еткен қоғам қайраткері, марқұм Болатхан Тайжан Қазақстан тәуелсіздік алғанның өзінде ұзақ уақыт шетелдегі елшіліктеріміз Ақордамен байланысқа Мәскеудегі телефон коммутаторлары арқылы байланысқа шығуға мәжбүр болғанын айтқан еді. Тәуелсіз мемлекет шетелдегі елшілерімен  бөтен мемлекет арқылы тілдескені қалай? Бұл дегеніңіз, жұрт алдында құпияңызды жария етумен бірдей ғой!

Б.Тайжан. Фото: ғаламтордан

Ресейлік Сбербанкпен арадағы цифрландыру туралы келісім –жергілікті кадрларды, енді аяғынан нық тұрып келе жатқан отандық IT-компанияларды жою деген сөз. Сбербанкпен арадағы келісімді жүзеге асыруды Бағдат Мусин басқаратын министрлік «BiZone Kazakhstan Ltd» дейтін серіктестікке тапсырмақшы.

Интернеттен іздегенімізде дәл осылай аталатын компанияның Нұр-Сұлтан қаласында тіркелгені, компьютер, компьютерлік бағдарлама сатумен айналысатыны туралы дерек табылды. Ал оның иесі Маслихин Сергей Алексеевич дейтін адам туралы дерек іздегенімізде, дәл осындай адам Сбербанктің Қазақстандағы еншілес банкінде үлестес тұлға болып шықты!

Осыдан кейін бұл жүйені жүзеге асыруға отандық компаниялардың қатысатынына кім кепілдік береді? 

Бұл саладағы әлеуетіміз бен тәжірибеміз жағынан ресейліктердің өзіне сабақ үйрете алатын деңгейдеміз. 2020 жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның электронды үкіметтің даму деңгейі туралы рейтингінде Қазақстан  193 елдің ішінде 29-орын, ал онлайн қызмет көрсетудің сапа индексі жағынан 11-орынға көтерілді. Ал Ресей дәл сол рейтингте бізден кейін, 36-орында тұр. Цифрлы технологияларды қолдану жағынан өзінің ізінен келе жатқан елге осы саланы, ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты бағытты беріп қоюды қалай түсінуге болады?

P.S. Ақсақ Темір Еділ бойындағы бұлғарларға қарсы жорық жасап, Бұлғар қаласын басып алған соң, осындағы данагөй, ел тыңдайтын ақылгөйді табуды бұйырыпты. Әмірдің алдына көзі көрмейтін ақынды әкеліпті. Ақсақал домбырасын тартып, бұлғардың батырлары, Бұлғар мемлекетінің қуаты мен салтанаты туралы жырлапты. Оның жырына елтіген Темір абыздың есімін сұрайды.

– Есімім Дәулет, депті ақсақал. (Дәулет түркі тілінде «мемлекет» деген ұғымды білдіреді) Темірлан сөзге шебер болған адам. Есімін естігенде мырс етіп: «Мемлекетің соқыр екен ғой», депті.

Иә, деп келіскен ақын, – Мемлекетім соқыр болмағанда, ақсақ жаулап алар ма еді?, деп күрсінген екен...

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: