9 Қыркүйек 17:52

Кісідегінің... коды аспанда

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Президент Қ.Тоқаев Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумына онлайн режимде қатысып, сөз сөйледі. Мұндай жиындарда әр елдің басшысы өз елінің инвестициялық мүмкіндіктерін әсірелеп, майын тамыза мақтап, жаһандық деңгейде жарнамалауы түсінікті нәрсе.

Бұл тұрғыдан президенттің сөзіне ешбір кінә таға алмаймыз. Тәжірибелі дипломат ретінде Тоқаев Ресей, Қытай, Үндістан, Моңғолия, Таиланд секілді белді мемлекетттер басшылары да сөз алған мәртебелі форум мінбесін ұтымды пайдаланды деп айта аламыз.

Бірақ осы форум барысында жария етіліп, көңілді күпті еткен екі бастама жайында айтпасқа болмас.

Форумда президент: «Қазақстанға АЭС қажет!», – деп ашық айтты (бұл тақырып туралы Nege.kz өткенде тарқатып жазды, онда айтылған жәйттарды қайталамай-ақ қояйын). Тек бір ғана ремарка жасайын.

АЭС салу не салмау туралы пікірталас бұған дейін де болған, ешқашан толастаған емес. АЭС салу идеясын қолдаушылар екі сұраққа жауап беруі тиіс. Табиғи газға бай елде радиациялық қаупі бар АЭС салу соншалықты қажет пе? Құдай қазаққа бере салған жер қойнауындағы газды тиімді пайдаланып та энергия тапшылығы секілді мәселені шешуге болмай ма?

Екінші сұрақтың геосаяси астары бар: неліктен АЭС-ті тек қана Ресей салуы керек? Атом энергетикасы дамыған басқа да елдер бар емес пе?!

Екінші мәселенің нақты сипаты бар, яғни құжатқа қол қойылды. Оның аты – цифрландыру жобаларын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

Владивостоктағы форум. Фото: ғаламтордан.

Қол қоюшылар – біздің премьер мен ресейлік Сбербанктің төрағасы. Айтпақшы, біздің білдей бір премьер неліктен бір шетелдік банктің төрағасымен протокол жағынан теңеледі?! Банктер баршылық, үкіметтің мәртебесі мен мерейі өзгеше емес пе?! Неге біздің премьермен басқа елдің премьері қол қоймайды? Үкіметтік міндеттеменің орны алабөтен емес пе?

Осы орайда мынадай «сұрапыл» сұрақтар қойғым келеді:

Біріншіден, үкіметтің (яғни, мемлекеттің!) ақпараттық сыртқы һәм ішкі сырын біз неліктен өз қолымызбан жат жұрттың қолына бере салмақшымыз?!

Жә, бәрін цифрландыру керек те шығар, ол заман талабы болар. Өркениет көшінен қалуға болмайды да. Бірақ неге өзіміз туралы бар ақпаратты өзгеге бере саламыз?

Сарапшылардың айтуынша, келісім шартқа сәйкес, Сбербанк біздің электрондық үкіметтің толық аудитін жасамақшы, яғни қолда бар барлық дерек, ресми құжаттардың жобалары мен бекітілген нұсқалары, өкімет органдары арасындағы хат-хабар алмасу, Сіз бен біз туралы жеке ақпарат сол банктің қолына тимек!

Бір білгіш айтқандай, «ақпаратқа ие болған адам әлемді билейді». Бұл не деген берекесіз бассыздық?! Мәселен Сіз бен біздің не істеп, не қойғанымыз, тіпті, таксимен қай жерге, қашан барғанымыз мәскеулік маманның назарында болады ғой!

«Сбербанк» басшысы Г.Греф. Фото: vedomosti.ru

Екіншіден, өкімет мемлекеттік құпияны неге ескермейді?! Өйткені электрондық үкімет қызметі деген ұғым мемлекеттік органдар – президент, елбасы, үкімет аппараттары, әкімдіктер мен министрліктер, мемлекеттік комиттеттер мен агенттіктер – арасындағы хат, дерек, жоба алмасу емес пе? Олай болса, соның бәрі басқа жұрттың қолына тимей ме?

Үшіншіден, «ортақ платформа» дейді, олай болса, осы күнге дейін бюджеттен соншама қаржы жұмсалған цифрлық-ақпараттық саламызда өзіміздің отандық платформа табылмағаны ма?! Құрғақ уәдеден қуырдақ қуырған менеджерлер жұмсаған сол қыруар қаржының есебі бар ма екен өзі? Неге ол платформа шетелдік болуы тиіс?! «Кісідегінің... коды аспанда», ертең өз ақпаратымызға қол жеткізе алмай қалмайық!

Төртіншіден, мемлекеттік сатып алу ережелеріне сай осынау қызметке халықаралық конкурс жарияланды ма? Оған әлем мойындаған цифрлық алпауыттар қатысты ма? Әлде СБЕР-ге қатысты шешім волюнтаристік тұрғыдан қабылданған таза саяси шешім болып отыр ма? Айпақшы, осы қызметі үшін СБЕР-ге қанша ақша төлейді екенбіз?

Басқасын білмеймін, бірақ бір нәрсе белгілі (ол туралы өткенде жаздым). Оның мәнісі мынада: соңғы кезде біздің сыртқы саясатымыз ғана емес, ішкі саясатымыз, оның ішінде, экономикамыз Ресейдің ығына жығылып жатыр! Ұлттық мүдде мен қауіпсіздік ұмытылып, басқа елдің сойылын соғып жатыр! АЭС пен СБЕР-ге қатысты шешімдердің бір ұшы осы орынсыз біржақтылықта жатқан секілді. Баяғыда елбасы баян еткен «көпвекторлық сыртқы саясат» далада қалды!

Жә, көршімен сый-сияпатты, қадірлі болайық. Ұрыспайық, тату-тәтті өмір сүрейік. Бірақ көрші алдында соншалықты құрдай жорғалап, қолтығына басыбайлы кіріп кету Тәуелсіз елге жараса ма? Мәселен, Ресей болса, қазақтың бір банкіне ондай мүмкіндік беріп, бар құжатын қолына ұстатып, бүкіл құпиясын алдына жайып салмайды ғой. Соны неге ескермейміз?

Айтпақшы, ұлттық мүддені қорғауға тиіс, елбасы басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесі осы мәселеге қатысты неге үнсіз, ай қарап отыр ма?

Әлде билікте отырғандар осы тәуелділіктен өзінің жеке ұпайын тауып отыр ма?

Оны уақыт көрсетер!

Тегтер: