27 Тамыз 08:52

Сыртқы саясаттың солтүстіктен соққан салқыны

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Осы аптада сыртқы саясатқа қатысы өткен екі оқиғаның тамыры бір сияқты.

Біріншісі тіпті зор: Ресей сыртқы істер министрі Лавров сөйледі, сөйлеген бүй деп, айды аспанға бір-ақ шығарды:

«Ресей Орталық Азияда АҚШ әскерін көргісі келмейді. Біріншіден, біздің ортақ қауіпсіздік аймағымыз бар. Ол аймақтың өз міндеттемелері бар. Мен Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымын айтып тұрмын. АҚШ Ауғанстаннан шыққан уақытта әскерінің бір бөлігін Орталық Азияда орналастырғысы келген. Олар қажет болған жағдайда Ауғанстанға сол жерден соққы жасауды қалады. Орталық Азия ғана емес, әлемнің кез келген елі АҚШ-тың талабын орындаймын деп нысанаға айналғысы келеді деп ойламаймын. АҚШ әскерін өз аумағыңа орналастыру – өзіңді шабуыл нысанасына айналдыру».

Айдың күні аманда, тапа-тал түсте постсоветтік кеңістіктегі, дәлірек айтсақ, Орталық Азиядағы тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне көпе-көрінеу қол сұғу емес пе бұл нұсқау-мәлімдеме?!

Ауғанстандағы жағдайға, соның ішінде АҚШ-пен әскери ынтымақтастыққа қатысты осы елдердің өкілетті органдары, соның ішінде, парламенттері әлі де өз позициясын анықтап, мәлімдеме жасаған жоқ. Лавров мырза, ең болмаса, сол шешімдерді күтпей ме?

Былай алып қарасаң, өз жеріне басқа елдің әскери базасын орналастыра ма, орналастырмай ма, ол – әр мемлекеттің өзі ісі емес пе? Геосаяси жағдай, түпкілікті ұлттық мақсат-мүдде секілді критерийлерді басшылыққа алып, әр ел өзі шешетін іс емес пе?

Олай болса, шешім қабылданбай тұрып, басқа ел министрінің осылайша «нұсқау беруінің» ешбір жөні жоқ! Тіпті АҚШ Ресейдің өзінен сұрап жатқан жоқ қой. Оның үстіне ескі-құсқы ресейлік қару-жарақпен жабдықталған ел әскері АҚШ секілді техникасы мен технологиясы озық елмен әскери мәселелер бойынша ынтымақтасса, несі айып? Кезінде Қазақстан НАТО-мен жақсы қарым-қатынаста болған жоқ па? Басқа жұртқа мақтанып айтатын «көпвекторлық сыртқы саясатымыз» қайда? «Ресей Батыспен ренжісіп қалған екен» деп енді біз де әлемнің өркениетті бөлігімен байланысымызды үземіз бе?

В.Путин мен Қ.Тоқаев.

Әрине, дипломатияның тереңдігіне найза түгіл, зымыран бойламайды. Көп нәрсе екеуара келіссөздер арқылы шешіліп жатады. Ауғанстан мәселесі бойынша біздің басшылар да сол, көзге түсе бермейтін шаруалармен айналысып жатқанына күмән жоқ. Батыстан – АҚШ пен Еуроодақ, солтүстіктен – Ресей, шығыстан – Қытай және басқа да елдер ұсыныстары мен талаптарын айтып жатқаны рас.

Сондықтан Ресей министрінің дүйім жұрт алдында осылайша көсемсіп сөйлеуін өз басым дипломатия мен өзара сыйластыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды деп санаймын. Барып тұрған басыну әрі тұқырту емей, не бұл?!

Екінші оқиға Украинада болды. Осы күндері Киевте «Қырым тұғырнамасының» жиыны өтті. Ол – Украинаның жаңа дипломатиялық бастамасы, болашақта Қырымды Украинаға қайтарудың халықаралық механизмдерін қалыптастыруды мақсат еткен құрылым. Бұл жолы оған 46 елдің делегациясы қатысыпты, оның 14-ін мемлекет және үкімет басшылары басқарып барған.

Сөйтсек, Қазақстаннан ол алқалы жиынға ресми түрде ешкім бармапты.

Оның себебі айтпаса да түсінікті: Ресей ол жиынға өз қарсылығын білдірген. Путиннің баспасөз хатшысы Песков бұл форумды «антиресейлік және теріс пиғылды сипаттағы іс-шара» деп бағалады да, «одан тиісті қорытынды шығарылатынын» ашық айтты. Ал Ресей СІМ ресми өкілі Захарова: «Бұл жиынға нақты елдің қатысуы не қатыспауы оның Мәскеумен қарым-қатынасына әсерін тигізеді», – деп тағы да сес көрсетіп қойды.

Біздің ресми органдар осы жағын да ескерген болар...

Украинаның тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты рәсім. Фото: pravda.com.ua

Сөз жоқ, «әр елдің аласы ішінде», саясат, соның ішінде, сыртқы саясат – өте нәзік, тоқсан тоғыз айласы бар әрі жария талқылауды ұната бермейтін нәрсе. Азуын айға білеген көрші елмен тату-тәтті өмір сүру керек. Ортақ шекарамыз, ол жақта миллионға жуық қандасымыз бар, бұл жақта ол ағайынның қандастары  бар – бәрін, бәрін түсінеміз. Тіпті «солтүстік облыстар» факторының бар екенін және де алда-жалда бірнәрсе боп кетсе, Ресей «ол жақтағы орыстілділердің құқын қорғаймыз» деп, жер тұтастығымызға да қол салуы мүмкін екенін сеземіз.

«Бірақ бұға берсең, сұға береді» деген де аталы сөз бар емес пе?! «Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе» дейді атам қазақ.

Бас жаққа барыспай-ақ, ол жаққа: «Біз сіздерді сыйлаймыз. Мәңгілік көршіміз. Сіздермен ат құйрығын кесісейін деп жатқан біз жоқ. Бірақ қазақта «алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін!» деген аталы сөз бар. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өз мүдделері бар. Сыртқы саясатта өз басымдықтарымыз бар. Ол кей кезде сіздердің саяси конъюнктураларыңызға сәйкес келе бермеуі мүмкін. Оған сіздер ала тайдай бүлініп, ренжімеңіздер. Біз сіздерден бөлек, басқа мемлекеттермен де қарым-қатынас жасауымыз керек. Олармен экономикалық, сауда-саттық, басқа да байланыстарымыз бар. Сондықтан да сыртқы саясатта біз дербес болайық. Қазақстанның сыртқы саясаттағы мәлімдемелерін Лавров емес, біздің президент алдымен әлемге жеткізіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Және де біздің делегация қай елге қалай барады, бармайды – оны да өзіміз шешіп отырсақ. Сіздер де басқа жаққа барғанда, бізден рұқсат сұрамайсыздар ғой», – деп орыстың салқын шәйін ішіп отырып, келісіп алуға болатын шығар.

Егер де ол жақ біздің жақтың осындай мәдениетті әрі орынды уәжін көтере алмаса, оған құлақ аспаса, онда біз де жетіскен екенбіз!

Тегтер: