10 Қыркүйек 12:49
...

«Жасанды интеллект жазған дүниелер жансыз болады» – Өнер адамдары ЖИ-ге НЕГЕ қарсы?

ЖИ
Фото: Коллаж NEGE

Президент биылғы Жолдауына өнер мен мәдениет қайраткерлеріне жағдай жасалатынын жеткізді. Бірақ соған сай олар да жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеу қажеттігін меңзеді. Ол – жасанды интеллект. Бұған өнер иелері не дейді? Тілшіміз сауалнама жүргізіп көрді.

Марат ІЛИЯСОВ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші-композитор: 

Президенттің мәдениет өкілдеріне қатысты айтқаны майдай жақты

І
Марат Ілиясовтың жеке мұрағатынан

– Президенттің барлық саланы цифрландыру жүйесіне көшіру керек деген бастамасын қолдаймын. Кез келген маман жаңа заманда жаңашылдыққа бейім болуы керек. Негізі бұл жүйе музыканттар арасында бұрыннан қалыптасқан. Мәселен, үйде студияда отырған адам, сонау Америкадағы дыбыстарға ғаламтор арқылы қол жеткізеді. Сөйтіп, оларды қажет кезде аранжировкасы пайдаланады. Цифрландырудың біздің салада тиімді түсетін тұсы – осы. Ал жасанды инттеллекті жазатын туындылар жансыз келеді. Қазақтың үні мен иісі бар сазды әуен жасай алмайды. Дегенмен жаңа заманның бұл жаңашылдықтарына оң көзбен қараймын.

Президент ауылшаруашылығы, су шаруашылығы, көлік логистикасынан бастап, қыл аяғы тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне дейін жеке-дара тоқталды. Соның ішінде өнер мен мәдениет өкілдеріне қарасты айтқаны майдай жақты. Соған сай мемлекеттік өнер мекемелерінде, атап айтар болсам, «Қазақконцертте», оркестр, филармонияда істейтіндердің жалақысын тиісті деңгейде көтерсе игі болар еді. Жалақыларын қазір де көтеріп жатыр ғой. Дегенмен, нарықтағы қымбатшылық оны жеп қояды. Салдарынан таланты барлар нәпақа табу жолында тойда жүр. Таланттысы бар, талантсызы бар, бәрі бір-бірімен астасып жүр.

Кезінде тоқырау тоқсаныншы жылдары атағы дардай бес-алты университетті Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне тоғыстырған болатын. Оның ішінде кезінде «Тамашаның» тарландары мен Мақпал Жүнісова бастаған бірқатар таланттарды түлеткен әл-Фараби атындағы мәдениет және өнер институты да бар. Өткенде мемлекет басшысы Оңтүстік өңірге халықпен жүздесуге барғанда аталған мәдениет ошағын қайта жандандыру мақсатында жергілікті әкім-қараларға тапсырма берді. Бұл өнер саласындағы түрлі бағыттарды жік-жігімен жеке дара оқытып, таланттарды түлетуге жол ашылады деген сөз. Өзім сол жерде құрметті профессор болғандықтан, қазір сол күнді асыға күтіп жүрмін.

Айбек МҰХАМЕДӘЛІ, «Дос-Мұқасан» тобының солисі:

Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген таланттарға мойын бұрса

М
Айбек Мұхамедәлінің жеке мұрағатынан

– Өз басым өмірдің ағысымен қатар келе жатқан адамдар қатарынанмын. Не көрсек те, көппен бірге көреміз ғой. Дегенмен, жаңашылдықты пайдаланбастан бұрын оның пайдалы және пайдасыз тұсын бағамдап алуымыз керек. «Білмейтін жолдың ой-шұқыры көп» демекші, сырын аңғармай пайдалансақ, шыңырауға түсіп кетуіміз мүкін. Шынымды айтсам, өзімнің жасанды интеллектімен танысып жатқаныма екі-ақ айдың жүзі болды. ChatGPT деген дүниенің қателесетін де тұстары бар екен. Біз қанша жерден бас тартамыз десек те өмір ағымында тіршілігіміз соған тірелетін болса, амал жоқ жаңашылдықты игеруімізге тура келеді.

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, енді біраз уақытта бүгінгі айтылып жатқан цифрландырудан чиптеу деген уақытқа тап болсақ, таң қалмайтын шығармыз. Қазір композиторлардың орынына жасанды интеллекті ән жаза бастады. Арада конкуренция орнады. Бірақ маған жанды адам жазған туынды әлдеқайда қымбат. Қанша дегенмен, жансыз дүниенің жазғаны сезіліп тұрады екен.

Сондай-ақ Президент Жолдауда өнер мен мәдениет қайраткерлеріне қолдау көрсетілетінін айтыпты. Осы тұста дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген таланттарға мойын бұрса деген өтінішім бар. Эстрадада жүргендер табысты тойдан да табады. Сондықтан ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жандарға жағдай жасалғаны жөн. Кезінде марқұм Батырхан Шүкенов армандап кеткен, оркестрлардың дыбысын жазатын үлкен студиялар бой көтерсе, өнердің тасы өрге домалар еді.

Асхат ҚЫЛЫШБЕК, айтыскер ақын: 

ChatGPT-дің көмегімен атағы аспандап жүргендер де бар

Қ
Асхат Қылышбектің жеке мұрағатынан

– Жолдаумен әлеметтік желі арқылы танысып шықтым. Жасанды интеллектіге басымдылық берген екен, бірақ оны қолданысқа егізбестен бұрын, жаппай үйрету керек тәрізді. Қазіргі кезде ChatGPT-ге біреу баяндамасын, біреу тойға тілектерін жазғызып алып жатыр. Одан ешкім зиян көріп жатқан жоқ деп ойлаймын. Бірақ ол сөз өнерін меңгерген адамның орынын алмастыра алмайды. Себебі, ақынның жанынан шығатын туынды сыршыл келеді. Ол сонысымен жүректі тербейді. Енді алдағы елу жылда заман ағымына байланысты ғаламтордың сөздік қоры көбейгенде барып, жанды дүниеге жақындайтын туындылар жазуы мүмкін. Оның үстіне қазір әрбір екінші қазақтың өлең жазуға қабілеті бар. Сондықтан жасанды интеллектінің септігі көбіне әнші-композиторларға тиетін тәрізді. Өйткені онда бұрын-соңды біз естіп көрмеген аспаптардың үні бар. Сонымен қатар мұның септігі сурет пен кинокартиналар жасауға тиіп жатқан сыңайлы.

Желіден жоқты бардай етіп жасалған бейнероликтерді көргенде өзіміз таң болып жатамыз. Кейде екі ауыз сөздің басын әрең қосатын адамдар жекеме өлең жіберіп, «бір қарап берші» дегенде өзім таң боламын. Сөйтсем, ChatGPT-дің көмегімен жазады екен. Осылайша атағы аспандап жүргендер де бар.

Бірақ жасанды жолмен жасалған туындыларды дүбірлі додалардан аулақ ұстауға тиіспіз, себебі таланттарға тұсау болады. Суреттерді жанды етіп жасайтыны сол, өлген адамға дейін тірідей етіп көрсететін бір құдіреті бар екен. Ертең біреудің әйелі мен біреудің күйеуін сүйістіріп қойса, отбасы ойран болы мүмкін ғой. Сол сияқты әккі қылмыскерлер де «мұны істеген мен емес, жасанды интеллектімен жасалған» деп жауаптан жалтаруы ғажап емес. Сондықтан мұны қолданысқа енгізбес бұрын, қыр-сырын жақсылап зерттеп, зерделеп, қадағалайтын арнайы мекеме болғаны дұрыс. Өйткені адам баласы естігеніне емес, көргеніне сенеді.