19 Қазан 16:49

Нұрдәулетов пен Сартаевтың НЕГЕ құпиясы көп?

Фото:

Жуырда Бас әскери прокуратураның жүргізушісі М.Елемесов ұрттап алып рөлге отырғанымен қоймай, көлігіне жалған нөмір тағып алғаны әшкереленді. Сот оны айыпты деп тауып, әкімшілік жаза кесті.

Кейбір ақпарат көздері М.Елемесовті «Бас әскери прокурор Д.Сартаевтың жеке шопыры екен» десті. Шынымен де ол Бас әскери прокурордың жеке жүргізушісі болған ба? Біз мұны Дастан Сартаевтың өзінен сұрадық, алайда ресми сауалымызға бас әскери прокурордың міндетін атқарушы Сәкен Ермекбаевтан жауап келді.

Мас боп ұсталған М.Елемесов қазіргі уақытта бас әскери прокуратурада жұмыс істемейді екен. С.Ермекбаев жауабында солай депті.

С.Ермекбаев. Фото: gov.kz

«Ол Сартаевтың жеке жүргізушісі болды ма?» деген сұрақтың жауабы мынадай: «Ол жеке жүргізуші болған емес, Бас әскери прокуратурадағы көлік жүргізушілерінің бірі болған. Осыған дейін бас прокуратураның жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасында көлік жүргізуші болды».

Көлігіне жалған нөмір тағуына байланысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығына да ресми сауал жолданған. Бастықтың бірінші орынбасары Б.Малыбаев жауап беруді Бас әскери прокуратураға сілтеген.

«Ол не себепті көлігіне жалған нөмір таққан? Бас әскери прокуратурада қызметтік көлікке жалған немесе оперативті нөмір тағу тәжірибесі қолданыла ма?» деген сұрақтың жауабы төмендегідей:

«Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жұмыстан теріс себептермен шығарылды. Жалпы жұмыста теріс қылық жасауға бейімдігі байқалмады. Өз әрекетіне қатысты ниетін түсіндіре алмады.

Өздеріңізге белгілі, заңнамаға сәйкес кез келген көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмірінен басқа нөмір тағуға тыйым салынған. Сол себепті жалған нөмір туралы тіпті сөз болуға тиісті емес. Әскери прокуратурада жедел нөмір жоқ».

Жауаптың қызығы соңында екен. С.Ермекбаев бізге жолдаған хатының соңын былайша түйіндепті: «Әскери прокуратурада құжаттардағы мәліметтер қызметтік құпия болып табылуына байланысты осы көлемнен артық мәлімет ұсынылмайтынын хабарлаймын».

Nege.kz порталы Бас әскери прокуратурадағы моральдық-психологиялық ахуалға байланысты Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовтің атына биыл көктемде ресми сауал жолдағанбыз. Онда әскери прокуратура қызметкерлерінің Елбасы Н.Назарбаев төрағалық ететін ҚР Қауіпсіздік кеңесіне жүгінгені, Бас әскери прокурордың жұмысын тексеру туралы шағымданғаны айтылған.

Бірақ Бас прокурордың бірінші орынбасары Б.Асылов «әскери прокуратурада моральдық-психологиялық ахуал қолайлы, Д.Сартаевтың өкілеттігін ұзарту бойынша заң бұзушылықтар жоқ, қызметтік ақпарат жария етуге жатпайды» деп құпиялаған.

Әскери прокурорлар наразылық танытса, жүргізушісі ішіп алып рөлге отырса, онымен қоймай, көлікке жалған нөмір тағып алса, Бас әскери прокуратурада моральдық-психологиялық жағдай қолайлы деуге бола ма? Осыдан кейін «әскери прокуратурада заң бұзушылықтар жоқ» деп кім ұялмай айта алады?

Айтпақшы, Бас әскери прокурор Д.Сартаевтың атына жолданған сауалдарға НЕГЕ Бас әскери прокурордың міндетін атқарушы С.Ермекбаев жауап берді?

Nege.kz тілшісі мұны әскери прокуратураның баспасөз қызметінен сұраған. Ондағылар: «Ол кісі (бас әскери прокурор Д.Сартаев – ред.) еңбек демалысында. Келесі аптада жұмысқа шығады», – деп жауап берді.

Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетов пен Бас әскери прокурор Д.Сартаевтың соңғы кезде НЕГЕ құпиясы көбейіп кетті? Әлде екеуі бір-біріне құйрық-бауыр асатқан құда-жегжат па?..

Тегтер: