22 Сәуір 16:30
...

«Атыраудан 21 адам сыйлық алса, айтсын!» – М.Құлкенов дауға қатысты пікір білдірді

Одақ
Фото: Фото: egemen.kz

19 сәуір күні Жазушылар одағының «Көркем әдебиет: талап пен талғам» атты 2023 жылғы әдеби жыл қорытындысы өтті. 

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы жасаған баяндамаға қарағанда, 2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігі бастап, бірнеше облыс әкімдігінің көмегімен, кейбір баспалардың өз қаржысымен ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрген.

«35 қалам қайраткеріне Президент стипендиясы, Алматыда тұратын 400 жазушыға, Астанада тұратын 170 жазушыға қала әкімдерінің мемлекеттік стипендиясы берілді, бес жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі қолға алған бұл үрдісті Астана қаласының әкімдігі жалғастырып әкетті, биыл бірнеше облыс әкімдігі де қаламгерлерге стипендия тағайындамақ, әрине, мұның бәрі Жазушылар одағының мұрындық болуымен атқарылып жатқан іс екені белгілі», – деді Н.Қуантайұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол 2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тұңғыш рет президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалғанын, 18 бен 35 жас аралығындағы жас қаламгерлерге арналған бұл әдеби сыйлық «Балалар әдебиеті», «Драматургия», «Поэзия», «Проза» номинациясы бойынша былтыр күзде табыс етілгенін және бұл әдеби байқау биыл да өткізілетінін жеткізді.

Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын ақын Ғайсағали СЕЙТАҚ, жазушы Өмір КӘРІПҰЛЫ, ақын Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, жазушы Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, ақын Мұрат ШАЙМАРАН, әдебиеттанушы Жұмат ТІЛЕПОВ, ақын Нұртас ИСАБАЕВ, жазушы Төрехан МАЙБАС, ақын Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, жазушы Серік ЕЛІКБАЙ, ақын Ербол АЛШЫНБАЙ, сатирик жазушы Берік САДЫРОВ, ақын Әубәкір СМАЙЫЛОВ, жазушы Тынымбай ТӨЛЕПБАЙ, ақын Егеухан МҰХАМӘДИҚЫЗЫ, жазушы Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, ақын Ғайни ӘЛІМБЕКОВА, жазушы Жалғасқали ДҮТМАҒАМБЕТОВ, ақын Дариға МҰШТАНОВА, жазушы Момбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ және жазушы Александр КАРЛЮКЕВИЧ алды. Сонымен бірге бірнеше қаламгер «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағымен марапатталды.

Сатирик
Фото: ғаламтордан

Алайда, бұл шешімге разы емес қаламгерлер де бар. Соның бірі сатирик-жазушы Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ әлеуметтік желідегі парақшасына:

«Үш кітап шығарып, «Алаш» сыйлығын ала алмадым. Сөйтсем, Одақ кітапқа қарамайды екен. Мәселе – география мен биографияда!» – деген пікір жазды. Бұған оқырманның бірі: «Ермахан, бұл жолы болмаса, келесіде жолың болар. Еңбегің ақталатын кез келеді. Қатты күйінбегейсің. Кітаптарың шығып жатқаны – ең зор жетістік!» деп жұбатса, жас буын өкілінің бірі: «Елдер оқырман үшін емес, сыйлық үшін жаза ма?» деп жазды.

NEGE тілшісі Жазушылар одағының төрағасы Мереке ҚҰЛКЕНОВТІҢ пікірін білді.

Одақ
Фото: ғаламтордан

– Мереке Әбдешұлы, Жазушылар одағы «Алаш» әдеби сыйлығын табыс еткен екен. Алайда, комиссия шешіміне разы болмаған сатирик-жазушы Ермахан Шайхының «Мәселе – география мен биографияда» деген пікірін оқыдыңыз ба?

– Білмеймін, оқыған жоқпын.

«Алаш» әдеби сыйлығын беру тәртібі қалай өзі?

– «Алаш» сыйлығы талантты адамдарға беріледі.

Ол түсінікті ғой. Одан басқа қандай талаптары бар?

– Басқа талап жоқ. География мен биография деген не сөз? Ондай сөзді түсінбеймін. Биыл алмаса, келесі жылы алады ғой, сондай да сөз бола ма екен?! Биыл 85 қаламгер түсті. Соның 21-і ғана алды. Өзің айтшы, «Алаш» сыйлығын 85 адамның бәріне қалай береміз? Ол енді біздің комиссиядан өтпей қалған ғой. Бірақ келесі жылы да мүмкіндік бар. Біздің жазушылар алмай қалса, бірден осындай ғой!

Сол комиссияда өзіңіз де бар емессіз бе?

– Комиссия құрамында мен де бармын. Бірақ оның талантына шек келтіріп жатқан жоқпын. Ол да – талантты жігіт. Бірақ комиссия қарап, ыңғайы солай болған шығар. 85 қаламгердің ішінен 21-ін ғана таңдап тұр ғой.

Жалпы, ақын-жазушылар арасында сыйлыққа қатысты дау жиі болып тұрады ғой. Бұл сіз төраға боп сайланғаннан кейінгі алғашқысы шығар...

– Иә, сыйлыққа қатысты дау болады. Өзім келгелі бері беріліп тұрған алғашқы сыйлық осы.

Негізі сыйлық төңірегінде жершілдік, рушылдық деген бар ма?

– Бұл – бос сөз. Ондай жоқ. Ондай бос сөзді айтпасын. Тізімді қарашы, кімдер алғанын көресің. Өзім Атырауданмын ғой. 21 адам Атыраудан алса, айтсын!