Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асып жатыр?
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына жолдауында білім беру жүйесін дамытумен қатар ұрпақ тәрбиесінде жетекші орын алатын мұғалімдерді қолдау мәселесіне жіті көңіл бөлу қажеттігін айтқан. Осы ретте Үкіметке ел өңірлеріндегі апатты мектептер мен үш аусымды оқу мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тыңғылықты түрде жүзеге асыруды тапсырды.
Бұдан соң көп ұзамай еліміз бойынша 217 метептің құрылысы қарқынды түрде басталып кетті. Аталмыш жоба аясында салынатын мектептер түрлі оқу кабинеттері, спорт залдар және соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуға тиіс. Талапқа сай орта және бастауыш сыныптар жеке асханалары мен жуынатын бөлмелері бар бөлек блоктарда оқытылу керек.
Өткен жылдың бірінш қыркүйегінде Ақмола облысының Қосшы қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының осы аталған стандарттарына сай келетін Қазақстандағы алғашқы мектеп қолданысқа берілді. Болат Өтеұратов атындағы қор «Верный капитал» серіктесгігімен селбесе отырып салған орта мектеп-гимназия есігін айқара ашып, өңір тұрғындарына куаныш сыйлады. Осылайша үш мың оқушы екі ауысымда оқитын болып, өңір бойынша білім саласындағы орын тапшылығы аз да болса шешімін тапқандай болды. Бір жылдың ішінде салынған жайлы мектеп мемлекет меншігіне тегін берілді.
Аталмыш оқу ордасы барлық талаптар межесінен шықты. Мәселен, 17,5 мың шаршы метрді алып жатқан ғимарат үш қабатты болып бой көтерген. Интерактивті медиапанельдері бар пән кабинеттерінен өзге биология, физика, және химия зертханалары, сондай-ақ компьютерлік сыныптармен жабдықталған. Тіпті, жиналмалы үстелдер балалардың физикалық параметрлеріне сәйкес реттеледі.
Шәкірттерін тамсандырған білім ошағында 3D модельдеу студисы мен робототехника, алғашқы әскери дайындық, ағаш өңдеу шеберханасы және виртуалды көлік жүргізу бөлмесіне дейін жұмыс жасайды.
Заманауи жадығаттармен жабдықталған әр қабатта балалардың бос уақытын өткізуге арналған коворкинг алаңдары, кітапана және көпфнукциялы спортзалдар орналасқан. Мектеп алаңындағы волейбол, баскетбол, футбол алаңдары мен үстел тениисіне арналған үстелдер спортсүйер ұрпақтың кәдесіне жарауда. Бүгінгі таңда осындай сапалы білім беретін мектептерді өзге өңірлерде салу жалғасын табуда.
«Жалы мектеп» бірегей ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстары алғаш қолға алынған кезде 20 өңірінде заманауи үлгіде 118 мектеп салатын компаниялар легі белгілі болды. Байқауға ұзын-саны 781 өтініш түскен. Мұнда 118 нысан бойынша жеңімпаздар бірден анықталып, 52 лот бойынша әлеуетті өнім берушілер біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен сатып алулар тоқтатылды. Сонымен қатар 15 лот өткізілмеді. Ал Алматы облысында жарияланған 24 лоттың жетеуі ғана сәтті ойнатылып, қалған 17 мектеп бойынша жеңімпаздар анықталмады. Ал өтпеген лоттар бойынша сатып алу рәсімдері қайталанатын болып шешілген. Нәтижесінде Алматы облысы бойынша «KazSMU» ЖШС, «Фирма «Еламан» ЖШС және «BiGlobal» ЖШС жеті мектеп құрылысын жандандыратын болып шешілді.
Жалпы алдағы 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысы бойынша 54 600 оқушыға арналған 53 мектеп салу күннің алғашқы жоспарында тұр. Бұл ақпар өткен жылдың соңында Оқу-ағарту министрінің облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында белгілі болды.
Осы орайда Ғани Бейсембаев «Өскелең ұрпақты қауіпсіз және жайлы ортада жан-жақты дамытуды қамтамасыз етуге тиіспіз. Министрлік негізгі мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органды әрдайым қолдауға дайын. Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар оқыту сапасын арттырып, тәрбие жұмыстарын күшейтуге, білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді», – деп сендірді.
Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша 1760 білім беру ұйымы жұмыс істеп жатса, оның ішіндегі 429 нысан мемлекеттік мектеп санатына енеді. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 15 570 оқушыға арналған 16 мектептің құрылысы жанданып отыр. Биылғы жылы 1 қыркүйекте пайдалануға берілген 9 мектептің 6-ы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүзеге асқан. Алда Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен тағы 5 мектеп салынбақ.
Облыс бойынша халық өте тығыз қоныстанған Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле, аудандарында үш ауысымдық 39 мектеп бар. Десе де 11 мыңнан астам оқушы орын тапшылығын тартып отыр. Енді осы мәселемен қатар үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында инвесторлар тарту қарастырылуда. Мәселен, былтыр өңірде 10 мектеп жеке инвесторлардың көмегімен қолданысқа берілген.
«Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында тағы 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады және осындай жұмыстардың арқасында үш ауысымды және оқушы орнының тапшылығын жою көзделіп отыр»,– дейді облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Уальбаева.
Иә, қазіргі таңда Қарасай ауданында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу күн тәртібіне қойылған. Осы орайда 20 мың оқушыға арналған 10 мектеп нысаны салынбақ.
Бұл туралы жуырда өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов те ескертті. Тұрғындар алдында есеп берген әкім білім саласындағы өзекті мәселелерге тоқтала келе, аудан бойынша үш ауысымда оқитын мектептер саны 12-ден 11-ге кемігенін жеткізген еді.
Аталған мәселені шешу мақсатында аудандағы 3 мектепке жапсаржай құрылысы жүргізілсе, 5 жаңа мектеп және биыл ақпан айының басында Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының 600 орындық жапсаржайы салтанатты түрде қолданысқа берілді. Осылайша мектептегі орын тапшылығы мәселесі аброймен шешімін тапты. Қалған мектептердің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі», – деп уәде етті аудан әкімі.
Ал «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдан бастап аудан бойынша 7 мектептің құрылысы басталады деп жоспарланған. 12,8 млрд қаражатты құрайтын құрылыс жұмыстарына қажетті жер телімдері рәсімделіп қойылған. Атап айтар болсақ, Алмалыбақ пен Қаскелең қаласында және Көкөзек ауылдарында 1500 орындықтан тұратын үш мектеп, Долан, Бұлақты, Қошмамбет, және Елтай ауылдарында 1200 орындық мектеп бой көтереді. Келер жылы Қырғауылды, Жандосов және Кемертоған ауылдарында 1500 орындық мектептің құрылысы басталмақ.
Естеновтің есебі бойынша бұл жобалар іске асса, Қарасай ауданында үш ауысымда оқитын мектеп атымен болмайды.
Айта кетейік, биыл Алматы облысы бойынша 78 мектеп жаңғыртудан өтті. Жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.