31 Қазан 15:09
...

«Ұлттық құндылық - ұлттық өнерімізден бастау алады»

Фото
Фото: Фото: ғаламтордан

Ұлттың рухани болмысы мен тарихи жады оның өнерінен айқын танылады. Өнер – халықтың жан дүниесін, өмір салтын, дүниетанымын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ерекше құбылыс.

Қазақ халқының төл өнері – ұлттық ән мен күй, би мен қолөнер, айтыс пен жыр дәстүрі сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұраның алтын қазынасына айналды. Ертеде ата-бабаларымыз  ән мен күйдің үніне халықтың қуанышын да, мұңын да сыйдырды. Бүгінде бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіріп, оны кеңінен насихаттау - қоғамның басты назарын аударатын тақырыпқа айналып отыр. Рухани жаңғырудың басты бағыттарының бірі - төл өнерімізді заманауи форматта жастарға дәріптеу. Осы ретте ұлттық өнеріміздің өткеніміздің тарихы ғана емес, болашақтың да рухани темірқазығы екенін назарға алу қажет.

Дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжанның айтуынша, жас ұрпаққа ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, жастайынан үйрету арқылы қазақ халқының мәдени болмысын жүрегімен сезінетін ұлтжанды, нағыз патриот болып тәрбиеленуіне мүмкіндік аламыз.

«Ұлттық өнер - ұлтымыздың рухани тамыры. Сондықтан оны жас ұрпақтың бойына сіңіру - болашақтың іргетасын бекемдеудің нық жолы. Әсіресе дәстүрлі музыка мен аспаптық өнер арқылы бала жастайынан ұлттық рухты сезінеді, қазақы дүниетаныммен тәрбиеленеді. Бұл оның бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен ұлтқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Сонымен қатар, ұлттық өнер баланың талғамын тәрбиелейтін маңызды құрал. Қазақтың терең мағыналы, көркем музыкалық мұрасымен тәрбиеленген өскелең ұрпақ сапалы өнерді бағалауға үйреніп, жеңіл-желпі мәдениетке ермейді. Қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан оң қадамдар бар. Көз қуантарлығының бірі - мектеп жасындағы балалардың домбырадан бастап, қазақтың ұлттық аспаптарға деген қызығушылығы артып келеді. Бұл көрініс ұрпақ санасындағы ұлттық сана мен мәдениетке деген оянудың бір белгісі. Дегенмен, бұл қызығушылықты тұрақты дамуға айналдыру ұстаздың білімі мен көзқарасына байланысты. Ұстаз баланың бойындағы ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті шынайы қамқорлықпен қолдай алса, сол бала болашақта өнерді де, ұлтын да қадірлейтін тұлғаға айналады. Ұлттық өнерді ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдыру арқылы бүгінгі қоғамның рухани иммунитетін күшейтіп, кемел болашаққа қадам жасаймыз»-дейді Біржан Бәзілжан.