22 Сәуір 17:33

Ержан Қалымбайұлы: Аудиториямыз қазір әр блогердің соңында жүр

ержан тлек
Фото: Ашық дерек көздері

Еліміздегі баспасөз – түрлі өзгеріске ұшырып, үрдістері қылаң беріп келе жатқан бірегей сала. Журналистиканың бүгінгі абырой-беделі де – өз алдына бөлек әңгіме. Түйткілдері де аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғам айнасы. Сөз бостандығы – еркін қоғамның өлшемі. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының жобалары, салалық журналистиканы дамыту және қолдау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұл жөнінде «Alatau Aqparat» медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы NEGE-ге сұхбат берді.

– Қазір баспасөздің өміршеңдігіне қатысты мәселе бар. Қалалық басылымдардың жай-күйі қалай?

– Қазіргі таңда баспасөздердің дені жабылып жатқаны мәлім. Бірақ әкімдік қаржыландыратын немесе қоғамдық басқармаларға қарасты газеттер тұрақты шығып келе жатыр. Олардың өзіндік тарихы бар. Алды бір ғасырдан асты.

«Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» қалалық газет болғанымен, республикалық деңгейде таралады. Мәселен, «Вечерний Алматы» газетінің жарық көргеніне биыл 88 жыл толды. «Алматы ақшамына» 36 жыл толып отыр. Қазіргі кезде республикалық, облыстық, қалалық газет деп бөліп-жарудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Өйткені, ақпарат таратудың шекарасы жоқ. Газеттеріміздің сапасына қатты мән беріп отырмыз. Қазір ақпарат дәуірі. Қазір шыққан ақпарат төрткөл дүниеге лезде тарап жатыр. Сондықтан газеттерімізде ұзақ уақытқа дейін мәнін жоғалтпайтын, сапалы контент жасап жатырмыз. Қоғамның сұранысына сай болу үшін экономика, саясат, әлеумет, халықаралық қатынас секілді барлық тақырыптарды қамтуға тырысамыз.

«Alatau Aqparat» медиа холдингінің жанынан арнайы сарапшылар пулын қалыптастырдық. Жасыратыны жоқ, бізде санаулы ғана сарапшылар бар. Олар бүкіл ақпарат құралдарында жүреді. Біз жастардан тұратын жаңа сарапшылар тобын қалыптастырдық. Дені «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған. Магистратура, докторантура оқып жатқан, қытай, ағылшын және басқа да тілдерді жетік білетін, сол елден тікелей ақпарат ала алатын, канондық кітаптарды оқыған тәжірибелі жастарды алдық. Олардың өздері жүргізетін беттері, айдарлары бар.

Біздегі үлкен мәселе – жедел сараптама жоқ. Көбіне оқиғалардың ізін ала баспасөз негізінде ақпарат дайындаса, біз кез келген оқиғаларға жедел ақпараттық сараптама береміз. Контент жасауда басымдық беріп отырған бағыттарымыз – ақпараттық, экономикалық сауаттылық. Азаматтарымыз көбінде өздерінің құқықтарын білмей жатады. Ақпараттық сауаттылық деңгейлері жетіспейді. Қазіргі заманда сауаттылық өте маңызды. Осы бағытта көп контент дайындап жатырмыз.

Қалада болып жатқан оқиғалар мен іс-шараларға келсек, сарапшыларды тартып, сараптап беруге ұмтыламыз. Руханиятқа, тілге, дінге қатысты, жалпы қоғамда болып жатқан резонансты оқиғаларды мәні мен мазмұнын жоғалтпайтындай сапалы етіп беруге тырысамыз.

Ақпарат құралдарында түрлі жобалар бар. Соның қайсысы көңіліңізден шығады?

– Өкінішке қарай, бір кездері отандық ақпарат құралдары үгіт-насихат құралы ретінде қолданылды. Сондықтан классикалық медиаға деген сенім азайды. Блогерлердің, боттардың шығуы, ақпараттық саладағы ала-құлалық, фейк ақпараттардың көбеюі – классикалық ақпарат құралдарының әлсіреуі деп түсінемін. Республикалық деңгейдегі телеарналар болсын, газеттер мен сайттар болсын, көрермендер мен оқырмандардың назары үшін талас жүріп жатқан дәуірде қоғамның сұранысына сай контент өндіруге тырысады. Оны көріп жүрміз. Бірақ бұл өзін-өзін қаншалықты ақтай алып жатыр? Бұл да қиын сұрақ.

Дегенмен, ақпараттық құралдардың бәрі қолынан келгенше, сараптама, журналистік зерттеулерге ұқсас дүниелерді, репортаждар жасап жатыр. Әрқайсысы шама-шарқынша әрекет етеді. Бірақ бізге терең сараптама, қоғамды ұйытып, тыңдата алатын медиа тұлғалар керек сияқты. Мәселен, Ресейдегі Познер секілді.

Билік үлкен құрылтай өткізіп, блогерлермен жұмыс жасай бастады. «Дәстүрлі медианы бәрібір мемлекет қаржыландырады, бізді аттап өтіп, сынай қоймас» деп көп көңіл бөлмеді. Баса назар аударылып жатқан соң, екінің бірі блогерге, ньюсмейкерге айналды. Мұның бәрі дәстүрлі медианың әлсіреуіне әкеп соқты. Беделі төмендеді.

Шетелде әлі де маңызды мәселелерді сағаттап талқылайды. Сарапшыларды, мамандарды әкеледі. Шетелдік БАҚ аудиториясын жоғалтқан жоқ. Біз аудиторияның көбінен айырылып қалдық. Аудиториямыз қазір әрбір блогердің соңында жүр. Кім көрінгеннің тұтынушысы, тегін жарнамасын өткізетін аудиторияға айналып кетті. Блогерлер түбінде адамдарды жарнамаға айырбастап, сатады.

Тәуелсіздік алғалы бері отандық журналистиканың жүріп өткен жолы қызық. Ақпарат беру, сараптама тәсілдері өзгерді. Эмоциядан, көзқарасты таңудан арылды. Бірақ тым ресмиленіп барады деп сынаушылар да бар. Сіз журналистиканың даму бағыты жайлы не айтар едіңіз?

– Ондай проблема болды. Әлі де мәселелер бар. Қалалық газет болсақ та, «өз аудиторияларыңызға дұрыс контент беріңіздер» деп, бізге мүмкіндік берілді. Кейбір жерлерде баспасөзді әкімдіктің бижутериясы дейгейінде шығарып отырғаны жасырын емес. Бірінші бетінде әкімнің суретін басу, ресми тақырыптар қою секілді кеңестік тәсілден арылмай отыр.

Бұдан қашу керек. Соңғы кездері республикалық телеарналарға, басылымдарға ондай талап қойлады деп айта алмаймын. Қоғамдағы проблемаларды барынша ашық талқылауға ұмтылып жатыр. Саяси ток-шоулар шығып жатыр. Бетбұрыстары өте жақсы. Белгілі бір деңгейде сарапшылардың қалыптасуына, тақырыптардың ашық талқылауына кедергі жоқ.

Бұрын бәрі жабық болды. Телеарналарда «басты жаңалықтарда Президент, Ақорда, парламент, үкімет болуы тиіс» деген талаптардың кесірінен маңызды мәселелер соңында қалып қоятын еді немесе мүлде шықпай қалатын-ды. Меніңше, қазір бәрі ашық. «Алтын ортаны» ұстанатын классикалық журналистикаға жақындау, үгіт-насихаттан арылу байқалады. Барды бар деп айту керек, ілгерілеушілік бар.

– Салалық журналистика да дамып келеді. Десе де, қазақтілді салалық БАҚ-тар аз секілді. Бұған не себеп? Тілдің түрлі салалардағы қолданысының тарлығы ма, әлде басқа да жағдайлар бар ма?

Салалық журналистика – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселелердің бірі. Біз бұқаралық ақпарат құралдарын идеологиялық құрал ретінде қарастырамыз. Бұл – кеңестік жүйеден шыққан елдердің ерекшелігі.

Батыста БАҚ қаржы табатын коммерциялық құрал ретінде қарайды. Меніңше, бізге де осындай көзқарас керек. Сонда салалық журналистика дами бастайды.

Бұл аудиторияның аздығына да байланысты. 20 миллион халық – өте аз. Тұтынушыларды ақпаратты сатып алу мәдениеті әлі де қалыптаса қойған жоқ.

Қазіргі қоғамды тегін ақпаратқа үйретіп алдық. Бізде 24/7 нон стоп режимімен ақпарат ағыны жүріп жатыр. Өзіміздің, көршілердің ақпараттары тынымсыз тарайды. Ана сайт, мына сайттан азаматарымыз тегін ақпарат алады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары жіберген қателіктеріміздің бірі шығар деп ойлаймын.

Шетелде болса, The New York Times, The Washington Post секілді басылымдар ақпараттарын таблоид немесе электронды түрде сатады. Оған адамдар ақшасын төлеп жазылады. Тілдік қорынан, сөйлеу мәнерінен әңгімелескен кісініңіздің қай газетті оқитынын, қай саланы жақсы көретінін аңғарасыз. Бізде де осы дәстүр қалыптасса деп ойлаймын.

Бізде Балапан арнасы он алты жасқа дейінгі балаларға арналса, шетелде психологиялық ерекшеліктері ескеріліп, бір жастағы балаларға, екіден үш жасқа дейінгі балаларға, жалғыз басты аналарға, бала күтімімен айналысып отырған әйелдерге, бозбалаларға, зейнеткерлерге арналған арналар бар. Мәселен, Түркияда адамдардың туған күніне сыйлық жасауға арналған сайт бар. Және ең табысты сайттардың бірі. Туған күні болып жатқан досыңыздың жас ерекшелігі мен қызығушылығына қарай түрлі сыйлықтарды ұсынады. Тұтынушы мен тауар өндірушінің байланысын әдемі үйлестірген.

Сән, мәшине жөндеу, тамақ пісіру болсын, әр салада мыңдаған салалық сайт болуы керек. Сол арқылы табыс тауып, нарыққа енеді. Қазір, бір байқағаным, қаржылық-экономикалық сайттар әлі де көп емес. Құқықтық салалардағы сайттарды көбейту керек. Аудитория жинау арқылы монетизацияға өтеді деп ойлаймын.

Меніңше, үлкен ақпарат құралдарына берілетін миллиардтаған қаражатты әртараптандыруға бөлу қажет деп ойлаймын. Қазір мәшинені жөндеу үшін ақпараттарды орысша іздейміз. Салалық сайттар көп болса, тілдің дамуына да серпін береді.

Елімізде мемлекет тарапынан сөз бостандығын қорғау, журналистиканы қолдау жөнінде не айтар едіңіз?

– Конституцияда сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке кепілдік берілген. Телеграм арналарында, әлеуметтік желілерде адамдар пікірлерін еркін жазып жатқанын көріп отырмыз. БАҚ-тарға қатысты қуғындау, қысым жасау байқалмайды.

Рас, кейбір журналистердің ұсталғаны, оларға «жалған ақпарат таратты» деген айып тағылған кездері бар. Тиісті органдар мұның ақ-қарасын анықтар. Бізде сөз бостандығы мәдениет ретінде қалыптасуы керек. Десе де, абсолютті сөз бостандығы ешбір елде жоқ.

Бірақ Қазақстанда еркін жазуға, журналистік зерттеу жасауға барынша мүмкіндік бар.

Әңгімеңізге көп рахмет!