22 Сәуір 14:31

Азық-түлік сақтау қоймаларын да су басу қаупі бар

Үкімет
Фото: gov.kz

Су тасқыны кезінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызды насандардың амандығымен қатар, азық-түлік сақталған стратегиялық нысандардың да қауіпсіздігі басты назарда тұр. Бүгінде азық-түлік сақтайтын қоймаларды су басқан факті тіркелмеді. Дегенмен қауіп те жоқ емес.

Премьер министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте үлкен кеңес өтіп, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының қарқыны мен өңірлердегі азық-түлік қорларының сақталу мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысындағы статистика деректерінен еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының екі апта қатарынан төмендеп кеткені белгілі болды. Мәселен сәуір айының екі аптасындағы бағаның жалпы өсу индексі: -0,2% болды, оның ішінде пияз (-2,6%), күнбағыс майы (-1,6%), қарақұмық жармасы мен жұмыртқа (-1%), күріш (-0,5%), рожкидің (-0,2%) құны төмендеген.

Ал Ақтөбе облысында тасымалдаушылар етті барлық өткізу орындарына дер кезінде жеткізе алмағандықтан сиыр етіне қатысты орташа баға индексінің лезде өсуі (0,6%) тіркелген.

«Еліміздің сегіз өңірінде ӘМАТ-тың орташа баға индексі төмендегені байқалып отыр, оның алтауында нөлге тең. Ақтөбе облысында (0,8%-ға), Маңғыстау, БҚО (0,2%-ға), Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында (0,1%-ға) бағаның біршама көтерілуі тіркелген», деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Ал су басқан аймақтарда 130 сауда нысаны зардап шеккен, бүгінде Павлодар облысында ғана бір кәсіпкерге келтірілген шығын өтелді. Айжан Бижанованың айтуынша, қалғандары бойынша шығынның мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Вице-премьер С.Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда комитеті БҚО мен СҚО-дағы көкөніс қоймаларын су басу және ӘМАТ қорларын жоғалту қаупі тұрғысынан мониторинг жүргізген. Қоймалар су басудан қорғалғандықтан, әзірге бүліне қоймаған.

Дегенмен С.Жұманғарин су тасқыны қаупінің әлі де сейіле қоймағанын ескертіп, қоймаларды барынша бақылауда ұстауды тапсырды.

«БҚО-дағы азық-түлік қорлары бар қойманы су басу қаупі аз болса да, қауіпсіз орын тауып, азық-түлікті әкету керек. Аздаған қауіп байқалған барлық өңірлерде азық-түлік өнімдері қауіпсіз жерге жеткізілуі тиіс», деп мәлімдеді.

                                                                                                                Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана