22 Сәуір 16:51

«Лудоманиямен күресетін қазақстандық тәжірибе әзірге ешбір елде жоқ» – депутат Е.Бейсенбаев

Лудомания
Фото: ғаламтордан

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өтіп жатқан палатаның бүгінгі жалпы отырысында қоғамды лудоманиядан арылтуға бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр.

Алматы, NEGE. Бірінші оқылымда талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндады.

– Ұсынылып отырған заң жобалары қоғамдағы өте өзекті мәселені, яғни ойын бизнесін, лудоманиямен күрес мәселелерін реттеуге арналған. Мұның қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болды. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдауды жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кетті, – деді Е.Бейсенбаев.

Оның айтуынша, құмар ойынына шырмалғандар санының артып, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандайда бір қатысы бар.

Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған екен.

– Сұмдығы бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз, – дейді депутат Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ ол осы ойын бизнесінің салдарынан көлеңкелі экономиканың да күш алып келе жатқанына тоқталды.

– Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демекмұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз, – деді.

Ойын бизнесін шектеуге қатысты қабылданғалы жатқан ілеспе заң жобаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар өте көп. Сондықтан алдағы уақытта оларға кеңерік тоқталмақпыз.

Бастыларына тоқтала кетсек, заң жобаларында мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі.

Өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған.

Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады.

Сонымен қатар талқылау барысында лудоманиямен күресті көздеген заң жобаларына енгізілгелі жатқан нормалар әзірге еш елдің тәжірибесінде жоқ екен. Е.Бейсенбаев бұл қоғамдық дертпен күрес жүргізіп келе жатқан кез келген ел Қазақстандық модельді өздеріне үлгі етіп ала алатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет ерекше тоқталғанын болатын.

                                    Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана