18 Мамыр 17:03

Бас прокурордың құпиясы. Нұрдәулетов НЕГЕ үнсіз?

Фото:

Осы уақытқа дейін Nege.kz порталының редакциясы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына түрлі мәселелер бойынша бірнеше рет ресми сауал жолдаған. Қадағалаушы орган сауалдарымызға әлдебір себеппен жауап бермеді. Тек 4 мамырда жолдаған сауалымызға ғана жауап келді. Әрине егер мұны «жауап» деп атауға келсе...

Мәселенің ұзын-ырғасы мынадай: Биылғы жылдың 4 ақпанында порталымызда «Сартаев және оның командасы». Бас әскери прокуратурада не болып жатыр?» деп аталатын мақала жарияланды. Онда арызданушы Бас әскери прокурор Д.Сартаевқа қатысты кейбір келеңсіз мәселелерді қағазға түсіріп, шағымын Елбасы Н.Назарбаевқа, Президент Қ.Тоқаевқа, Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке жолдайды.

Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетов.

Міне, біз осы арызды негізге алып, ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің атына ресми сауал жолдағанбыз. Сауалдарымыз төмендегідей:

1. Nege.kz порталы Бас әскери прокуратура ұжымының арызына байланысты бұған дейін де Сіздің атыңызға ресми сауал жолдаған. Сауалымызға не себепті жауап берілмеді?

2. Бас әскери прокуратура ұжымы ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атына ұжымдық арыз жолдағанынан хабардарсыз ба?

3. Ұжымдық арызға байланысты Бас әскери прокурор Д.Сартаевтың жұмысына қызметтік тексеру жүргізілді ме?

4. Бас әскери прокурор Д.Сартаевтың қызметте отыру мерзімі заңсыз ұзартылғаны рас па?

5. Бас әскери прокуратурадағы қазіргі моральдық-психологиялық ахуал қандай?

Бұл сұрақтарымызға ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Б.Асыловтан жауап келді.

«Сіздің Бас әскери прокуратурасындағы моральдық-психологиялық ахуал туралы сауалыңыз Бас прокуратурамен қаралды.

Әскери прокуратура қызметкерлерінің ҚР қауіпсіздік Кеңесіне жүгінуі және бас әскери прокурорға қатысты қызметтік тергеу жүргізу фактілері туралы мәліметтер қызметтік ақпарат болуына байланысты жария етуге жатпайтынын хабарлаймыз.

Д.Ш.Сартаевтың Бас әскери прокурор лауазымында болуы және оның өкілеттік мерзімін ұзартуға қатысты заң бұзушылықтар жоқ.

Зерттеулерге сәйкес, әскери прокуратура органдарындағы моральдық-психологиялық ахуал қолайлы болып табылады».

Бас әскери прокурор Д.Сартаев.

Бас әскери прокурор Д.Сартаевқа қатысты айыптаулар мен әскери прокуратурадағы жағдай ешкімге құпия болмаса керек-ті. Өйткені шағым тиісті адресаттарға жолданып, Nege.kz порталында жарияланды.

Ендеше, Бас прокуратура нені құпия санайды? Қызметтік тергеудің нәтижелерін бе? Егер Бас әскери прокуратурадағы моральдық-психологиялық жағдай Б.Асылов айтқандай шынымен де «қолайлы болып табылса», онда оның несі құпия?

Нақты сұрақтарға нақты жауап берілмегеніне қарап, «Бас прокурордың әлдебір жеке құпиясы бар» деп топшылауға мәжбүрміз. Және ол «құпия» Бас әскери прокурорға тікелей қатысы болуы әбден мүмкін...    

Тегтер: