«Қазіргі биліктің қателіктеріне «Ескі Қазақстанның» өкілдері қуануы мүмкін» – Саясаттанушы
Кеше Нұрсұлтан Назарбаев қоры өздеріне негізсіз айып тағылғанын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын қолдайтынын айтып ақталып, мәлімдеме жасады. Мәлімдемеге сенсек, бұған кейбір медиаларда жарияланған материалдар себеп болыпты-мыс.
«Қазақстанда су тасқыны болып, ахуал өткір сипат алып тұрған шақта кейбір әлеуметтік медиа Нұрсұлтан Назарбаев қоры «биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан» жүргізіп отыр деп жариялады. Жасырын дереккөз жариялаған ақпаратты жеке тұлғалар да айтып, негізсіз айып тақты. Нұрсұлтан Назарбаев қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санайды», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев қоры.
Қордың пікірінше, оның қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған.
«Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Бұл күндері ел тұрғындары сияқты Тұңғыш Президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау үшін алғашқылардың бірі болып ақша аударып, қаржылай көмек көрсетті», – делінген қордың мәлімдемесінде.
Десе де, бұл қор қанша қаржы аударғанын ашық көрсетпепті. Өзге дерек көздерінде де нақты айтылмайды. Және осы қаражаттың ерікті түрде аударылғанына қатысты да күмән бар.
Айталық, кейбір ақпарат көздеріне сенсек, қазір Назарбаев қорының қызметіне қатысты тексеру жүріп жатқан сыңайлы. Бұл рас болса, қордың Ақорданың кәріне іліккені байқалады. Бұған екі жыл бұрын қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев өзінің телеграм арнасында жариялаған «экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты» себеп болуы ықтимал. Өйткені, «Жаңа Қазақстанның» арнайы органдарымен байланысты делінетін бір телеграм арнасы былай деп жазды:
«Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегілермен тығыз байланысы арқылы танымал. Кәсіби тарихында ол «ескі Қазақстанның» мүддесіне қалтқысыз қызмет көрсетіп келді. «Қаңтар» оқиғасынан кейін дәл осы Әшімбаев Назарбаевтың сұхбатын алғашқы болып жариялап отыр. Ол аты аталмаған зерттеу әлдебір құрылымның әлеуметтік мәліметтерін келтіріп, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау деңгейі 75-85 пайыз деп атады. Осы деректің өзі мұның «Жаңа Қазақстан» билігінің абыройын түсіруге, қарғын су алып жатқанда, ел ішіндегі қоғамдық-саяси ахуалды ушықтыруға бағытталған ақпараттық компания екеніне дәлел».
Данияр Әшімбаевтың «қазіргі апатқа «ескі Қазақстан» өкілдерінің қатысы жоқ» деген ұйғарымы қазіргі билікке ұнамай қалғаны аңғарылады. Нұрсұлтан Назарбаев қорының аяқ астынан мәімдеме жасауына телеграм арнасының осы ақпараты, содан кейін басталған тексерулер түрткі болуы мүмкін деп топшылауға болады.
Рас, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарғын суға байланысты отыз жыл ішінде ел тізгінін ұстаған, бизнес жасап, миллиардер атанған азаматтарға салмақ сала сөйледі.
«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – Президент.
Саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ Нұрсұлтан Назарбаевты меңзеп, елге келген барлық шығынды бір өзі өтей алатын адамдар бар екенін айтады.
«Forbes тізіміне кірген байлар – Қазақстанның азаматтары. Олар халықтың, үкіметтің арқасында байыды. Енді қаражат бөліп, азаматтығын көрсетсін. Аталған қорды айтпағанда, Тұңғыш президенттің өзінің де ақшасы бар. «Біріккен араб әмірлігінен инвестор келеді. Екі ГЭС-ті сатып алады» деген ақпарат шықты. Бұл – Назарбаевтың ақшасы. Оның Қазақстанның зардап шеккен азаматтарына көмек бере алатын мүмкіндігі бар», – дейді ол.
Қазбек Бейсебаевтің пікірінше, «Ескі Қазақстан» өкілдерінің қазіргі биліктің қателіктеріне қуануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Елдің батысы мен солтүстігін су басқанына он күн өтті. «Ескі Қазақстанның» өкілдерінен ешкім үндемейді. Назарбаев та ләм-мим деген жоқ. Ол елді отыз жыл басқарды. «Қазақстанды мен жасадым», – деп көкірегін керіп жүрген адам. Ол үшін Абылай хан да, Қонаев та ешкім емес. Ендеше неге зардап шеккен халықты қолдап бір ауыз сөз айтпады?
Қазіргі президент бес жылдан бері билік тізгінін ұстап отыр. Рас, синоптиктер еркертсе де, қазіргі министрлер, әкімдер қарғын суға дайын болмады. «Жаңа Қазақстан» қиындыққа тап келсе, бұрынғы биліктің өкілдері үшін жақсы болуы ықтимал. «Қолдарынан ештеңе келмейді, біз қайтадан билікке келуіміз керек» деген ниеті болуы ғажап емес», – дейді саясаттанушы.