«Сартаев және оның командасы». Бас әскери прокуратурада не болып жатыр?
Nege.kz редакциясына Бас әскери прокуратурадағы кейбір мәселелерге қатысты Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевқа, ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа және ҚР Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетовке жолданған хат келіп түсті.
Автордың хаты
Бір қызығы, хат иесі арызында Бас прокурорды да тіркегенімен, мұң-мұқтажын Елбасы мен Президентке айтады. Мұның себебі бар сияқты. Өйткені арыз иесінің айтуынша, Бас әскери прокуратураны Бас прокуратураның өзіндік қауіпсіздік қызметі тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтағанымен, жағдай өзгермеген. Керісінше, «кейіпкерлер» бұрынғыдан да жондана түсіп, бұрынғы іс-әрекеттерін жалғастырып жатыр-мыс.
«2018 жылы сол кездегі Бас прокурор Қ.П.Қожамжаров Бас әскери прокурор лауазымына Дастан Шаймерденұлы Сартаевты тағайындады. Содан бері әскери прокуратура мемлекет үшін Қарулы күштердегі, әскери саладағы заңдылықты сақтаушы орган ретінде жоғалып, тек бірінші басшысына қызмет ететін органға айналды», – дейді арызда.
Арыз иесінің айтуынша, Д.Сартаев осы қызметке тағайындала салып, өзіне адал қызмет ететін «ләппайшыларды» төңірегіне топтастыра бастапты. Солардың бірі – басқарма бастығы А.Мұқашев.
Д.Сартаев. Фото: gov.kz
«Командасымен көшіп-қонып жүрмеу және жеке басқа адалдығы үшін ғана қызметке алмау» туралы Елбасы мен Президенттің ескертпелерін тағы бір еске салған автор қарамағындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысы орнынан кетуі тиіс екенін айта келе, бұл талаптың орындалмайтынына қызық мысал келтіріпті.
«2019 жылдың басында Оңтүстік аймақтың әскери прокуроры болып Д.Сартаевтың жақын туысының досы С.Ж.Ешетов тағайындалды.
Ол тағайындала салып, жағдайын жасауға кірісті. Аймақтың әскери қызметкерлерінің есебінен пәтеріне жөндеу жүргізіп, жиһаз қойды. Енді үйіне техникалар әкелмек болғанда, жүргізушісі екеуін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Үйіне техника әкеліп берген адамның қызметінің өтеуіне Ешетов Мемлекеттік шекараны ашып, контрабандалық мал өткізуіне септесіпті.
Шекараны ашып беруден бас тартқан әскери бөлім командирін қудалаған. Бөлім командирі Ешетовтің заңсыз талабын орындауға мәжбүр болғанымен, жолай ұлттық қауіпсіздік органына да бас сұға кетуді жөн санаған. Контрабандистер Ешетовке кір жуатын машина мен кондиционер әкеліп берген кезде қолға түскен».
Ешетовтің ісі Тараз қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотына түскенде Бас әскери прокуратура сотқа өтінім жолдап, істі Шымкент қаласының әскери сотына жіберуді сұрайды. Ешетов әскери қызметкер мәртебесін алып үлгермеген, сол себепті Бас прокуратура істі әскери сотқа беруге болмайтыны жөнінде қорытынды шығарған. Соған қарамастан, іс бәрібір Шымкентке жолданады.
С.Ж.Ешетов.
Ешетов ұсталған соң қылмысын мойындаса да, үкім кешіге берген. Автордың пайымдауынша, Ешетовке қатысты үкім ерте шықса, кесірі Сартаевқа тиюі мүмкін екен.
«Дәл сол тұста Сартаев 60 жасқа толды. Бұл – лауазымды қызметте отырудың шекті жасы. Бірақ Бас прокурор Д.Сартаевтың өкілеттігін тағы 3 жылға созу туралы фантастикалық шешім шығарды.
Ешетовке қатысты үкім шығаруды созудың бір себебі – «Әділет генерал-лейтенанты» атағын алу. Сартаев бұл атақты алуға аса сенімді болғаны сол, жарты жыл бұрын дайындалып, форма тіктіру үшін Нұр-Сұлтандағы атақты ательенің бәріне бас сұғып шығыпты. Мұның да шығынын басқалар көтеріп алды.
Сартаевқа атақ беруден бас тартқаны жөнінде гу-гу әңгіме шыққан. Алайда ол бұл іске «аса маңызды» тұлғаларды қосып, дегеніне жеткен.
Оған атақ берілген күннен бастап әскери прокуратура қызметкерлері үшін ауыр күндер басталды...».
Автор бұдан әрі «Сартаев және оның командасының заңсыз іс-әрекетін» тізеді. БАҚ баға беруші орган болмағандықтан, автордың уәжін толық жарияламас бұрын Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына сауал жолдап, ресми жауап алуды жөн санадық.
Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетов
Заңдылықты қадағалаушы органның басшысы Ғизат Дәуренбекұлы анда-мұнда сілтемей, сауалдарымызға нақты әрі жедел жауап берер болса, соңғы уақытта прокуратура органына қатысты айтылып жүрген қисынды-қисынсыз айыптауларға де тезірек нүкте қойылар ма еді, бәлкім...