3 Ақпан 13:58
...

«Бензин ішкіш» министрлер кімдер?

Фото:

Жылт еткен жетістігіңді жіпке тізіп отыру – бүгінгі заманның талабы. Біз үшін оның жақсы немесе жаман болуы шарт емес. Мәселе кімнің алға шыққанында. Ал қарап көріңіз, 2020 жылы көлік шығындары үшін қай министрлік қанша қаржы жұмсаған?

PROTENGE телеграмм каналы жариялаған мәліметке қарасақ, кімдердің «көш бастап», кімдердің «жұртта қалғаны» бірден аңғарылады. Бір жылда  81,3 млн тенгені транспорттық шығындарға жұмсаған Қаржы министрлігі атойлап алға шығыпты. Бұл соңғы қатардағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің шығынынан 2,5 есеге жуық артық. Сонда аграрлық салаға қарағанда, қаржы саласы шенеуніктерінің шапқылайтын шаруасы көп болғаны ма? Әлде қазанның қақпағын ұстаған министрліктегілер қаржыны қалай жұмсасақ та өзіміз білеміз дей ме?

Е.Жамаубаев

Осындайда еске түседі, баяғыда Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың құлағын қызарғанша «бұраған» болатын: «Егер бізде дұрыс Қаржы министрі, қазынашы болса, онда ол әрбір тиынды қадағалап отырар еді. Ал сен бере бересің. Мемлекет қазынасы саған сеніп тапсырылды. Сен менің қазынаны қадағалайтын жеке өкілімсің» – деген.

Демек еліміздің екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қазіргі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың құлағына назар аударып қоюы керек шығар деп ойлаймыз.

Екінші орында 72,7 млн тенге шығынмен Ұлттық экономика министрлігі тұр. Рас, Әсет Ерғалиев бұл қызметке күні кеше ғана тағайындалды. «Экономиканы жаңғақша шағады» деген жас министр енді өзі басқарған саланы көлік шығынына қатысты тізімнен ептеп төмендетеді деп үміттенеміз.

Ә.Ерғалиев

Ал үшінші орындағы (63,8 млн теңге) Энергетика минстрлігінің тізгінін ұстаған Нұрлан Ноғаев не істейтінін өзі шамалауы керек. Өйткені кілең жас министрлер арасында Ноғаевтар «ақсақал» секілді көрінеді қазір.  Ал ақсақалдық дегеніңіз ақшаны оңды-солды шашумен өлшенбеуі керек қой.

Н.Ноғаев

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Егер алғашқы үштікке дәл осы министрліктер ілікпесе, бұл туралы сөз қозғамай-ақ қоюға да болар еді. Неге? Өйткені Қаржы, Ұлттық экономика, Энергетика секілді министрліктер мемлекеттің әр тиынын ұқыппен жұмсайтын, қолынан келгенше үнемдеуге тырысатын салалар болуы тиіс-тін. Халық та, үкімет те олардан осындай ыждаһаттылық күтеді. Мұны бір деп қойыңыз, екіншіден, аталған министрліктердің ел аузындағы екінші аты – «Кабинеттік салалар». Себебі жұмыстың дені кабинетте, компьютердің пернетақтасында атқарылады.

Қаржы министрлігінің жер айдап, егін салмайтыны, Ұлттық экономика министрлігінің жол жөндеп, құдық қазбайтыны белгілі ғой. Ендеше дәл осы министрдердің көлік шығынына көп ақша жұмсайтынын қалай түсінуге болады?

«Бесінші нүктесі» жер иіскемейтіндей Аида Балаева басқаратын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегілер не істейтінін түсінбедік. Көлік шығыны – 52,5 млн теңге.

А.Балаева

Егер 2020 жылы шаруасы көбейіп, мұрнынан шаншылды дейтін сала болса, ол А.Цойдың «иелігіндегі» Денсаулық сақтау министрлігі болуы тиіс еді. Былтыр дәрігерлер ғасырда бір келетін індетпен алысты. Әлі де алысып келе жатыр. Адам талғамайтын вируспен қарсы күреске күш салған осы министрлік мамандары. Демек Денсаулық сақтау министрлігінің қай шығыны көбейсе де, құлаққа қонымды көрінеді. Бірақ бұл министрліктің транспорттық шығыны 47,5 млн  теңге. Озған үштікті былай қойғанда, Экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінен әлдеқайда төмен тұр.

А.Цой

Ары-бері шапқылайтын шаруасы көп, сондықтан көлік шығыны да көп-көрім сала – Ауыл шаруашылығы министрлігі болуы мүмкін еді. Өйткені көктемгі егіс, күзгі орақ секілді толып жатқан науқандық жұмыстар осы министрлікке тиесілі. Бірақ шығыны – 34,1  млн теңге, үшінші орындағы Энергетика министрлігі жұмсаған қаржыдан екі есеге жуық аз. Сонда өткен жылы аграрлық саланың шенділері үйден шықпай жұмыс істеген бе? Әлде Сапархан Омаровтың «солдаттары» көлікті қойып, атқа мінген бе? Әйтпесе, шаруасы шаш-етектен аграрлық саланың ақша үнемдеудегі ерекше алғырлығын қалай түсінуге болады?

С.Омаров

Министрліктердің көлік шығынына қатысты мәліметтерді дереккөз Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қызметіне жүгінген және тұтынған қызметіне төлеген электронды актілері негізінде түзген екен. 2020 жылдың күзінде құрылғандықтан, Төтенше жағдайлар министрлігі бұл тізімге енбеген.

Инфографика Nege.kz

Тағы төрт министрліктің есебі жоқ. Олар: Қорғаныс, Сыртқы істер, Ішкі істер және Әділет министрліктері. Бұлардың шығынын жіпке тізіп жіберсе, жоғарыдағы үштіктің орны ауысып кетуі ғажап емес.

Тегтер: