НЕГЕ деуге қорқамыз? Өнер қайраткерлері Талғардағы жағдайға пікір білдірді
Желіде Талғардағы қос азаматтың қазасына байланысты өнер иелері жақ ашпады деп жатқандар аз емес. Осы ретте олардың оқырманы болудан бас тартайық дегендер де бар. Тілшіміз өнер иелерінің өзіне шығып, жеке дара пікірлерін сұраған еді.
Уәлибек Әбдірайымов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Қазіргі таңда шығармашылық сапарда жүргендіктен, бұл оқиғаның жай-жапсарын ел арасы мен жаңалықтардан естіп-біліп отырмын. Мен журналист немесе құқық қорғау органында жұмыс жасамаған соң, анық ештеңе айта алмаймын. Жазым болған қазақтың жұдырықтай баласы ертең еліміздің абыройын көтеретін азамат болар ма еді, кім білсін?! Бұл іске құзырлы органдар үлкен ыждахатпен қарауы керек. Шерзаттың артынан ағасы өзіне қол салды, одан соң ашынған әкесін қамаққа алды деді. Мүмкін оны психолог маманға қарату керек пе еді. Бәлкім, Қаржаубайды қамамаған да болар. Елді дүрліктірмей, осының анық -қанығын жеткізетін адам болса, әйтпесе, әркім әртүрлі божау айтуда. Кәнігі тісқаққан журналистер осы іске зерттеу, адвокаттар талдау жасап, халыққа анық ақпар жеткізсе екен. Содан кейін осы Талғар ауданының атынан сайланған мандаты бар депутаттар қайда? Неге енжарлық танытып отыр. Бір әулеттің екі азаматы көз жұмған соң, мемлекеттік огандар істі қатаң қадағалауға алып, мұндай жағдайға қайта жол бермеу керек. Егер құқық қоғау органдары осы істі шешіп, жеңұшынан байланысқандардың түптамырына тосқауыл қояр болса, онда мен «Міне, Әділетті Қазақстан» деп шапалақ соғар едім.
Саят Медеуов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Әнші болайық, басқа болайық біздің азаматтық пікіріміз ештеңе шешпейді ғой. Құзырлы орган анық-қанығын зерттемейінше, ештеңе айта алмаймыз. Төбелес неден шықты, оған кім кінәлі? Осы жағы егжей-тегжейлі анықтамайынша, шиеленіс тоқтамайды. Сондықтан бар үміт заң органдарында. Бірақ істің аяғы шешілмей жатқанын мен де түсіне алмай отырмын.
Ержан Жаманқұлов, кино актері:
– Болып жатқан жағдай біздің еліміздің шынайы бейнесін көрсетеді. Шерзаттың әкесі өз-өзіне қол салмақ болған екен. Баласынан, бауырынан айырылды. Ешқандай қамқор болмаған соң қамықпай қайтеді. Ол жалпы жұртқа жанайқайын жеткізгісі келді деп ойлаймын. Коррупция, мафия деген жақсылық әкелмейді. Өкінішке орай қалталы адамдардың заманы болып тұр.
Алтынбек Тәшімбетов, әнші:
–Жағдайды желіден оқып, біліп, қадағалап отырмын. Бірақ кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, ақ-қарасын тани алмай қойдым. Жауап алып жатқан заң өкілдері белгілі бір үкім шығарады ғой. Неде болса әділетті болғанын қалаймын.
Шаһизада Байпатшанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
–Оқиғадан түпкілікті хабарсызбын. Сол үшін ештеңе дей алмаймын. Неге десеңіз, мен жаңалықтар қарасам жаным ауырады. Бір қазақтың баласы болған соң алаңдаушылық танытамыз, әрине. «Неге?» деген сұрақ қоюға да қорқамыз ғой қазір, өйткені оған жауап ала алмайсың.