Банкирлер билеген танго. 2023 жыл НЕГЕ банктер үшін берекелі болды?
Талантты дизайнеріміз жасаған суретте Тимур Турлов пен Үміт Шаяхметова вальс билеуде. Біздің банкирлердің ішкі қуанышын осы картинамен жеткізуге болады.
Биылдың 11 айы бойынша, Ұлттық Банктің аудиттелмеген дерегіне сай, банктердің таза табысы 2 триллион теңгеден асқан. Бұл - тарихи рекорд.
2 триллион теңгелік тортты кім қалай бөліп алды? Ең үлкен табыс Тимур мен Динара Құлыбаевтар мажоритарлы акционер болып табылатын Халық банкіне тиесілі. Халық банкі 11 айда 619,2 миллиард теңге таза табыс тауып отыр.
Kaspi bank 429,7 миллиард теңге таза табыспен екінші орында келеді. Дәл қазір қазақ халқы Kaspi банкке 4,3 триллион теңге қарыз. Яғни, Каспий жағасындағы банкирлер осынша сомадағы кредитті айналдырып отыр. Одан бөлек, қазақстандықтар қызыл банкте 4,6 триллион теңге депозит ұстауда. Банк акционерлері Михаил Ломтадзе мен Вячеслав Ким бүгін Kaspi.kz технологиялық компаниясын АҚШ-тағы Nasdaq биржасына шығарды.
Центркредит, Отбасы банк, ForteBаnk, Jusan bank, Еуразиялық банк және Сити банк 100 миллиард теңге табыс межесінен асты. Биыл Қазақстанда минусқа ұшыраған банк жоқ. Ең нашар «Заман-банк»-тің өзі жоқ дегенде 300 миллион теңге табыс көрсеткен.
Банкирлер ненің есебінен байыды? Биылғы табыстың негізгі бөлігін проценттік табыс, яғни кредит беруден түскен пайда құрап отыр. Негізгі себеп – базалық ставканың жоғары болуында. Базалық ставка жоғары болғандықтан кредит те қымбат болды. Ол банктерге суперкірістер алып келді.
-
Тақырыпқа орай: Дүниежүзілік банк VS Halyk Bank. «Жаңа Қазақстан» НЕГЕ Halyk Bank-ті қайтарып алудың заңды мүмкіндігін пайдаланбайды?
Негізі Ұлттық Банк базалық ставканы банкирлерді байыту үшін емес, инфляциямен күрес үшін жоғары ұстап келген болатын. Экономикалық логикада базалық ставка жоғары болып, кредит қымбаттағанда халық пен бизнес несие алуын тоқтатуы тиіс. Сол арқылы айналымда басы артық ақша азаяды да, тұтыну қысқарып, инфляция сабасына түседі.
Алайда, Қазақстанда осы классикалық экономикалық модель жұмыс істемей қойды. Кредиттеу көлемі біз күткендей азаймады.
Кредиттердің проценттік мөлшерлемесі жоғары болса да, азаматтар несие алуын тоқтатқан жоқ.
Мысалы, 2022 жылы 22,4 триллион теңге кредит берілсе, биылғы 11 айда қарыз портфелі 28,6 триллион теңгеге жетіп отыр. Кредит қымбат екен деп оны алудан бас тартқан қазақ табылмады. Әрине, бұл жағдайда банкирлер байымағанда кім байымақ?