3 Қазан 17:25

Дүниежүзілік банк VS Halyk Bank. «Жаңа Қазақстан» НЕГЕ Halyk Bank-ті қайтарып алудың заңды мүмкіндігін пайдаланбайды?

Фото:

Дүниежүзілік Банк сарапшылары Қазақстанның кезінде банктерді құтқару үшін халықтың 8,2 триллион теңгесін жүмсағанын анықтаған. Ол ақшаның 62 пайызының игілігін Halyk Bank көрген. Әзірге осы мемлекеттік қолдаудың тек 1,9 триллион теңгесі ғана кері қайтты. Банктер әлі күнге дейін 6,3 триллион теңге қарыз.

Сонда еліміз 2020 жылы өз ішкі жалпы өнімінің 11,6 пайызын банктерді құтқаруға шығындаған болып шықты. Және Дүниежүзілік Банк мәліметінше, ең көп қаржылық қолдауды «Халық банкі» («Қазкоммерцбанк») алған. Олар алған 62 пайыз дегеніміз – 5 триллион теңге. Бүкіл Қазақстан жылына Ұлттық қордан мұндай ақша алмайды. Сондай-ақ «тегін астаудан жем жегендер» қатарында Jusan Bank («Цесна» және «АТФ»), Forte Bank, RBK, «Еуразиялық банк», «ЦентрКредит» пен «Нұрбанк» бар.

Дүниежүзілік банк мемлекеттік ақшаны салық төлеушілермен келіспей банктерге көмек көрсетуге пайдалануды әділетсіз деп санап отыр. Сонымен қатар, олар бұл тәжірибені шектеуді ұсынады.

Ал Halyk тобында қызмет істейтін экономист, сарапшы Мұрат ТЕМІРХАНОВ Дүниежүзілік банкті қателесті деп айыптап отыр. «Дүниежүзілік банк өз есебінде «Халық банкі» банктерге мемлекеттік көмектің 62 пайызын алғанын айтады. Алайда бұл мүлдем жалған ақпарат. Мемлекеттік көмектің 62%-ын алдымен «БТА», одан кейін БТА-ны сатып алған «Казком» алды», – деп мәлімдеді қаржыгер.

«Осыдан кейін толық тазарған «Казкомды» «Халық банкі» нарықтық бағамен сатып алды. «Қазкомның» активтері мен пассивтерін нарықтық бағалау сатып алу алдында бұл банктің мемлекеттік жеңілдіктерден толық тазартылғанын білдіреді»

Темірхановтың ойынша, «Қазком-БТА»-ның «Халық банкіне» сатылуын екі толық тәуелсіз кезеңге бөлу керек. Бірінші кезеңде мемлекет Қазақстанды проблемалық активтерден тазартып, банк капиталындағы 2 триллион теңгеден астам қарызды жапты. Halyk Bank-тің бұған еш қатысы жоқ.

Ал екінші кезеңде, мемлекет «Қазкомды» үмітсіз несиелерден және басқа активтерден тазартқаннан кейін арнайы халықаралық компаниялар бұл проблемалық банкті нарықтық құн бойынша бағалады. «Казком-БТА» банкіне мемлекеттік көмек көрсетілгеннен кейін оның капиталы нөлге тең болды. Нөл деп бағаланған «Казкомды» «Халық Банкі» 2 теңгеге сатып алды.

Мұрат Темірхановтың бірден қарсы шығуы түсінікті. «Халық банкінің» негізгі акционері Тимур ҚҰЛЫБАЕВ «бизнесімнен айрылып қаламын ба» деп онсыз да қорқып жүр. Оған монополияға жол ашып берген біршама активтерді мемлекет өзіне қайтарып алған болатын. «Бұқаға туған күн бұзауға да туады», мемлекетке қайтқан Jusan кейсінен кейін, 5 триллион бюджеттік теңгенің ақырғы бенефициары өзіне де сол күннің туарын түсініп отыр.  

Halyk Bank – Тимур Құлыбаевтың ең ірі стратегиялық активі. Негізгі табысты да осы банк алып келеді. Жақын арада ол банк акцияларын саудаға шығаруы мүмкін. Банктегі үлесі қысқарған сайын, Тимур Асқарұлының уайымы да азая түспек.

Тегтер: