28 Қыркүйек 09:20
...

Құлыбаев парадоксы. Олигархтың портфельді компаниялары НЕГЕ кенет құнсыздана бастады?

Фото:

Кезінде қаржылық есептілікте жақсы нәтиже, табыс көрсетіп жүрген «Joint Recourses» холдингі 2022 жылдың қортындысы бойынша 127,6 миллиард теңге шығынға ұшырады. Астарында осы холдингті «Жаңа Қазақстанға» барынша қызықсыз етіп көрсету идеясы тұрғандай...

Компанияның жалғыз қожайыны – олигарх Тимур ҚҰЛЫБАЕВ. Бір қызығы, шығын операциялық жұмыстың нашарлауынан емес, портфельді компаниялардың биржадағы акцияларының құнсызданып кетуінен болған.

Тимур Құлыбаевтың «Joint Recourses» холдингіне түрлі салада жұмыс істейтін ондаған компания кіреді. Холдинг электр энергиясын өндіретін және сататын «Кристалл Менеджмент» компаниясының 51%, «Майкубен-Вест» көмір өндіруші компаниясына толық иелік ететін «Premier Development Company» фирмасының 50%, көмір алпауыты «Шұбаркөл Премиум» компаниясының 67%, «Kazakhstan’s mineral resource investment company» фирмасының 35%, «Торғай-Петролеумнің» тең жартысына қожалық етіп отырған «KVK-Petroleum» компаниясының 25%, ГТЭС-Ақшабұлақтың 51%, «Каспий нефть» компаниясының 100% акцияларын ұстап отыр.

Осынша үлкен холдинг түсініксіз себептермен қаржылық ахуалын нашарлатып алған. Қаржылық есептілікке сенсек, шығындар әртүрлі компаниялардың акциялар құнын қайта есептеу аясында пайда болды.

Мысалы, «Каспий нефть» акциялары 2021 жылы 197,7 миллиард теңгеге бағаланса, 2022 жылдың соңында 111,7 миллиард теңгеге түсіп қалған. Ал холдинг қолындағы «Шұбаркөл Премиумның» акциялар пакеті 2021 жылы 250,3 миллиард теңге тұрса, қазіргі құны небәрі 69,5 миллиард теңге.

Компаниялар құны түскенімен, Тимур Құлыбаев олардың барлық сөлін сығып алып жатыр. Бұдан олигархтың өз активтерінен айрылып қаламын ба деп қорқатынын аңғарамыз. Ол өткен жылы «Каспий нефть» компаниясынан 142,1 миллиард теңге, «Шұбаркөл премиум» 20,9 миллиард теңге дивиденд шығарып алды. Бір ғана «Каспий нефть» мысалына қарап, олардың 2022 жылы ең көп дивиденд аударғанын көреміз.

«Joint Recourses» өз балансында ақша ұстаудан қашатыны байқалады. Былтыр холдинг Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияларға 157,5 миллиард теңге несие берді. Өткен қарашада Тимур Құлыбаевтың жеке өзіне 35,6 миллиард теңге дивиденд төледі.

Қазір холдингтің кассасында бар болғаны 11 миллион теңге ғана қалған. Бұрын кем дегенде 41 миллиард теңге жататын.

«Joint Recourses» Тимур Асқарұлының негізгі активі емес. Ол жұбайы Динарамен бірге Орталық Азиядағы ең ірі қаржы институты – Халық банкінің 69,52% үлесін «АЛМЭКС» холдингі арқылы ұстап отыр. Бірақ қазіргі құбылыстарға қарап, Тимур Құлыбаевтың Қазақстанда бизнеспен айналысамын деген екпінінің кәдімгідей бәсеңдеп қалғанын сеземіз. Демек, әлі талай компанияларын сататыны сөзсіз.

Тегтер: