13 Мамыр 16:42
...

«Өткелде ат ауыстыру». Шойгу қызметінен НЕГЕ кетті?

Шойгу
Фото: Коллаж NEGE

Жер көлемі жөнінен әлемдегі ең үлкен мемлекеттің қорғаныс саласын он екі жыл бойы басқарған Сергей Шойгуды Ресей президенті қызметінен алып, басқа орынға жайғастырды. Жалпы Ресейде Қорғаныс министрінің ауысуы сирек.

Президент Путин бұл мәселеде ұзақ ойланбаған сияқты, өйткені С.Шойгуді бірден Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындап жіберді. Атауы айтып тұрғандай, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қауіпсіздікпен қоса қорғаныс саласына да жеитекшілік жасайды. Ендеше, Шойгудың елдегі ықпалы бұрынғыдан да артты деуге болады.

Осылайша Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргелі бері алғаш рет өз командасында үлкен өзгеріс жасап, Қорғаныс министрін экономист шенеунікке ауыстырды. Яғни ол өзінің шешімі арқылы қорғаныс саласын экономикалық тұрғыдан қуатты етуді көздеген сыңайлы.

Шойгу
Фото: ғаламтордан

Бұл тағайындау жайлы батыс басылымдары жарыса жазып жатыр. Мәселен, «The New York Times» басылымының пайымдауынша, бұл ауыс-түйістен көп нәрсе өзгере қоймайды.

«Путин министр С.Шойгуды Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындау арқылы өз маңынан алыстатпады. Бұл қызмет Шойгуға президентке кіріп-шығуға мүмкіндік бергенімен, тікелей бағынбайды. С.Шойгу бір кездері Путиннің Федералдық қауіпсіздік қызметінде әріптесі болған Николай Патрушевтің орынына келіп отыр. Мәскеудің мәлімдемесі бойынша, ол да жақын арада жаңа қызметке бармақ», – деп жазады басылым.

Кейбір дереккөздердің жазуына қарағанда, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, Путиннің аса сенімді адамдарының бірі Н.Патрушев жұмыссыз қалмайды. Патрушевтің немен айналысатыны бірер күнде белгілі болмақ.  

Шойгу де – Путиннің ең сенімді адамдарының бірі. Қорғаныс министрлігіне дейін ол біраз уақыт Төтенше жағдайлар министрі болды. Бұл екі министрлік те – экономикалық жағынан шығыны көп, ешнәрсе өндірмейтін, бюджеттік «зиян» сала. Сондықтан Украинамен қақтығыста біраз қаржылық шығынға тап болған, сан түрлі санкциялардың қыспағында қалған Ресей үшін енді «уралап» шаба беретін Шойгу сияқты шендіден гөрі, берген қаржыны рет-ретімен жұмсайтын экономист керек болған сыңайлы.

«Ақшаны алыстан танитын» Андрей Белоусов экономист ретінде 2020 жылдан бері Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып келді және осы күнге дейін В.Путиннің экономика жөніндегі ең сенімді кеңесшісі болып келген.

Министр
А.Белоусов. Фото: ғаламтордан

Оның үстіне ресми Кремль де қорғаныс саласының өсіп бара жатқан бюджеті бұл салаға жауапты экономисті тағайындауды талап етіп отырғанын мәлімдеді және бұл орынға Белоусовты лайық көрген, әрі оған ресейлік қарулы күштер енді инновацияға барынша ашық болады деген сенім артып отыр.

Әдетте Министрлер кабинетінде асығыс ауыс-түйістен аулақ жүретін Путиннің бұл шешімін сирек жағдай деуге де болады. Ендеше бұл кадрлық өзгерістер екі жылдан асқан Ресей-Украина соғысының жаңа бетбұрысының бір көрінісі болуы әбден мүмкін.

Өйткені Путин әскери басшылықтан ресейлік және батыс сарапшылары Мәскеудің майдан даласындағы сәтсіздіктері үшін бірден-бір жауапты деп санап келген шенеунікті босатып отыр. Экономисті тағайындау арқылы ол жеңіске жету үшін баса көктеп майданда шашыла бергеннен гөрі, өнеркәсіптік күшке басымдық берумен үнсіз келісіп, іштей тынған сияқты.

Жалпы Шойгудің отставкасы туралы небір әңгіме Ресейдің Украинаға алғаш оқ жаудырған күннен бастап айтылып келеді. Себебі ә дегенде ресейлік әскерилер қарсы шабуылға дайын болмай шығып, адам шығынына ұшырап, біраз абдырап қалған еді.

Одан қалса, атышулы «Вагнердің» жетекшісі Евгений Пригожин Шойгудің жігерсіздігіне күйініп, майдан даласын тастай сала Кремльді бетке алғанын білесіздер. Ондағы ойы – Шойгуды орнынан ығыстыру. Бірақ күштік құрылымдар Пригожиннің бетін қайтарып, ақырында түбіне жетіп тынды.

Жалпы бұл тағайындауды қалай деске те, кездейсоқ дей алмаймыз. Журналистер сұрағына жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин бұл шешімді «геосаяси ахуалға» байланысты Ресейдің әскери шығындары кеңестік дәуірдегі деңгейге жақындап қалғандықтан қабылдағанын айтты.

Сондай-ақ оның «Путин елдің қорғаныс саласын модернизациялау қажеттілігіне байланысты министрлікті әскери адамнан гөрі азаматтық тұлғаның басқарғанын жөн көрді», – деуінен Шойгудің бұл тапсырманы өз деңгейінде орындай алмағанын аңғаруға болады. Және бұл тағайындаумен қатар В.Путин салық заңнамаларын қайта қарап, кірістерді де арттыру мәселесіне басымдық беріп отыр.

Патрушев
Н.Патрушев. Фото: ғаламтордан

Оның үстіне биыл Ресейдің әскери шығыны федералдық бюджеттің үштен бірі деңгейіне жетті. Салыстырмалы түрде алсақ, алдыңғы жылдарға қарағанда әжептәуір өскен.

Ақша көп жүрген жерде жемқорлық та болады. Сәуірде ғана С.Шойгудың орынбасарларының бірі Тимур Иванов «пара алды» деген күдікпен қамауға алынған болатын. Ол ұзақ уақыт әскери құрылыс секторына басшылық етіп келген.

Енді Белоусовке әскери өнеркәсіпті инновациялық тұрғыдан жетілдірумен қатар, жемқорлық, парақорлық деген дерттермен де күресуге тура келіп тұр. Оның үстіне Белоусовтың Украинамен соғыс қызып тұрған кезде жауапты қызметтің тізгінін қолына алғаны, яғни Кремльдің «өткелде ат ауыстырғаны» оның өміріндегі ең ауыр да маңызды сынақ болатын шығар.

Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.