«Сафуан атамыздың рухына қиянат жасағым келмейді» – Актер Сафуан Шаймерденов

Сафуан Шаймерденов – театрмен қатар кинокөрерменге де таныс актер. Мансабын аңыз адамдармен бір түсірілім алаңында бастаған ол өнерге адалдық танытып келеді. Үнемі оқу мен ізденісте жүретін еліміздің еңбек сіңірген қайраткерімен тілшіміз тілдесіп, біраз сыр ақтарды.
– Сіздің есіміңіз белгілі жазушы, драматург Сафуан Шаймерденовтің құрметіне қойылған екен. Тұлға болып қалыптасуға мұның септігі тиді ме?
– Атымды белгілі жазушының құрметіне әкем қойған еді. Есімнің де адам өмірінде әсері болса керек, мысалы, тоқырау тоқсаныншы жылдары әріптестерім өнерден алшақтап, сауда-саттыққа кетіп жатқанда мен мұны қабылдай алмадым. Бұл Сафуан атамыздың рухына қиянат жасаумен тең болды. Марқұм үлкен ағам да: «Атыңды ырымдап қойғандықтан, бар сенгеніміз – сенсің. Алған жолыңнан танба!», – деп кеңес берді. Сондықтан аманатты арқалап, ол кісінің атына кір келтірмеуге тырысып келемін.
– Негізі әнші болу арманыңыз болыпты. Тіпті, «Ла-Скаланы» бағындырған Амангелді Сембин дауысыңызды қойған деседі. Неге актер болып шыға келдіңіз?
– Мен әнші болуды мектептегі даярлық класынан бастап армандадым. Оның үстіне ол кезде актер деген мамандық барын да білмейтін едік. Бірақ өсе келе, түрлі фильмдегі әртістерді көріп, киноға түссем деген арман қалыптасты. Соған сай жолым болып, Өнер академиясында әнші-актер мамандығын игердім.
Бір жағынан актер орындаушы ғана емес, жан-жақты адам болуға тиіс. Есейген сайын тіпті бұл мамандықтың қаншалықты қиын екенін түйсіне түседі екенсің. Оның үстіне о бастан киноға түсіп, театрда ойнап бастаған соң осы саланың соңында кеттім. Десе де жиын тойда «әу» деп қоятыным бар.

– Өнер жолындағы сүрлеуіңіз Әмина Өмірзақова, Қасым Жәкібаевтармен бірге рөл сомдаудан басталыпты. Осы мәртебеге ие болғаныңыз үшін де қия баспауға тырысатын боларсыз?
– Жас кезімде бұл мәртебенің қаншалықты салмағы бар екенін жіті түсінбедім. Тіпті ол сәттердің үлкен тарихқа айналатынын білген жоқпын. Сондықтан менің санамда үлкен естелік болып қалды әрі жас ұлғая келе үлкен жауапкершілік арқалап жүргенімді ұғындым.
Әмина апамызбен киноға түскен кезде он сегізге жаңа толған бозбала едім. Ол кісінің бойында марқұм анаммен қандай да бір ұқсастық болды. Өмірден анасы ерте өткен мен үшін аңыз адаммен бірге бір туындыда ойнау шексіз қуаныш сыйлады. Кадрға кірер алдындағы дайындығы, камера алдында өзін-өзі ұстауы бізге үлкен үлгі болды.
Сол сияқты Қасым Жәкібаев та ұлы актер ретінде жадымда жатталды. Себебі қай жерде жүрсе де, қолынан кітап пен газет-журнал түспейтін. Бір қызығы, кейін тағы қазақ киносы мен театрының қос корифейімен Ғабит Мүсірепов атындағы театрда бірге қызмет істеу бақыты бұйырды. Сол үшін өзімді бақытты актер санаймын, сондай-ақ ол кісілердің атына кір келтірмеуге тырысамын.
– Мәселен, кезінде Тұңғышбай Жаманқұлов пен Асанәлі Әшімовтің Қайрат Нұртастың киносына түскені біраз әңгіме болған еді. Өзіңіз түскен ұсыныстың түп-төркінін бажайлап алатын боларсыз?
– Шынын айтсам, мен кәсіби актер болғандықтан біраз жыл «бала-шаға» түсірген фильмдерде ойнауға қарсы болып жүрдім. Анығында, он жыл шамасында жеке студиялар тарапынан түскен ұсыныстардан бас тартып келдім. Бірақ нарықтың заңы басқа. Отбасың болған соң қолыңа қарап отырған бала-шаға, олардың ішер асы, киер киімі, төлейтін несиеміз бар.
Алды-артыма қарасам, жеке кино түсірушілердің туындысына мүйізі қарағадай актерлеріміз түсіп жатыр екен. «Заман көшінен қалма» деп арасында кеңес бергендері де бар. Арада өнерге жолай келгендер де тәжірибе жинақтап, сұранысы жоғары актерлердің көшін бастап кетті. Олардың алар ақысы да бізден бірнеше есе жоғары. Содан қол қусырып, мемлекеттік арналар мен театрлардың мардымсыз жалақысына қарап отыратын емес, жөні түзу киноларға мен де түсе бастадым. Берген қаламақысының арқасында жағдайымызды оңалтып алғанымызды да мойындаймын. Дегенмен, қазір жеке киностудиялардың деңгейі өсіп келе жатқанын мойындауымыз керек.

– Сіздің түр-келбетіңіз комедияға сұранып тұрғандықтан, түсетін ұсыныс та осы бағытта болар? Оның үстіне қазір киноға жолай қосылғандардың сіздей танымалдарды тарту арқылы кассалық түсім жинауға ұмтылатыны бар ғой...
– Бір қызығы, бізің көрермендер арасында бойың аласа, тұрпатың томпақ болса, тек комедияда ойнау керек деген пікір қалыптасқан. Бірақ мен комедияда мен драмада да қатар ойнап жүрген адаммын. Актер «орындаушы» деген мағынаны білдірсе, табысталған рөлді алып шығу біздің міндетіміз саналады. Әрине, алғашқы жылдары комедияға көп шақыратын. Бірақ соңғы кезде қашан ол жанрда рөл ойнағаным есімде жоқ. Қазіргі сүбелі орбаздар сомдаудап жүрмін. Жас кезімізде іріктеулерге өзіміз барып қатысып жүрсек, қазір шүкір, ешқандай таңдауға салмай-ақ бірден рөлге бекітеді.
– Режиссерлік мансабыңызды пайдаланып, кейбір қойылымдарды өзіңіз тізгіндеп кететін боларсыз?
– Әлбетте солай. Мен бұған дейін көптеген фильмдердің редакторы әрі режиссердің көмекшісі болдым. Арасында сценарилерге араластым. Кәсіби режиссер есебінде театр сахнасында ондаған спектакль қойып, бір қысқа метражды фильм таспаладым. Сондықтан қандай жобаның түсірілімінде жүрсем де, білек сыбана кірісіп кететінім бар.
Дегенмен, өзімді актер есебінде сезінемін. Өйткені ұсыныстардың дені актерлік мансабыма қатысты түседі. Түсінгенім, режиссер болу үшін режиссер болып туу керек екен. «Кез келген актер режиссер болып кете алады» деген пікірмен келіспеймін. Режиссер маманның талғамы, туындыны қаз-қалпында көруі әрі оны көрерменге жеткізе білуі – мүлде бөлек өнер.

– Қайсында серпіліс басым: кинода ма, театрда ма?
– Екеуі де қатар дамып келе жатыр. Осыдан он жыл бұрын театрда санаулы ғана адам отыратын. Ал қазір сыйлы қонақтарыңды шақырайын десең, өзіміз билет таппай қалатын деңгейге жеттік. «Аншлаг» деген ұғым қалыптасты. Бұл халықтың ішкі мәдениеті өсіп келе жатқанын білдірсе керек.
Қазақ киносында да серпіліс бар. Мысалы, осыдан жиырма жыл бұрынғы сериалдар сұйық еді. Қазір бірінен-бірі өтетін талантты телережисерлер мен продюсерлер шығып жатыр. Бұл кәсіби актерлерге жұмыс табуға жол ашты. Бұрын актерлер кино мен театрдан өзге теле-радиодан түспейтін. Қала берді дубляжда жүрді. Өнерде құлдырау басталып, арада үзіліс орнағанда солардың дені жұмыс таппай сенделіп қалды. Ал қазір сол үрдіс қайта жанданып жатыр. Нәтижесінде шақыртулардың біріне жетсек, біріне жетпей, шапқылап жүрміз.
– Кәнігі асаба екеніңізді алға тартып, сізді тек бай-бағландардың қуанышы мен ығай-сығайлардың жабық кештерін басқарады дейтіндер бар. Осы рас па?
– Жастау шағымда талғамай түрлі той басқардым. Көптеген лауазымды адамдардың қуанышына ортақтастым. Бірақ соңғы бес жылда той басқаруды тоқтаттым. Онда жастың да, жасамыстың да көңілін табуға міндетті боласың. Ал маған қазіргі жасымда ойын ойнатып, анекдот айту – жат. Сондықтан құда күту қуанышын басқарып беруге, беташарға, сүбелі сөз айтатын мерейтойларға ғана барып жүрмін. Бірақ жұрт айтқандай, оған алатын ақым ешқашан жоғары болған емес. Мәселен, қазіргі той басқарып жүрген жастардың бір тойдан алар ақысы менің театрдан алатын бір жылдық жалақыммен пара-пар. Біз сияқты кәнігі актерлерге той басқару – қосымша табыс табудың көзі ғана. Оның соңына ешқашан түскен емеспіз.