Алматы облысы ИВЛ аппаратын НЕГЕ АҚШ-тан алдырмақ болған?

Коронавирус індеті ел үкіметі, министрлері, облыс және аудан әкімдерінің, тіпті жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының жұмысын айна-қатесіз су бетіне шығарды. Індет өршіген кезде дәрі-дәрмек таппай, шарқ ұрған қарапайым халықтың соңғы үміті де соларда еді. Бірақ сол үміт ақталды ма? «Өз күніңді өзің көр!» дегенді ишаратпен білдірген биліктен де қайран болмады. Шарасыз жұрт шарасыз күйде қалды. Бірі қолдан жасалған дәрі тапшылығынан көз жұмса, енді бірі өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратының жоқтығынан ана дүниеге жылдам кетіп жатты. Кім кінәлі?
Бүгін журналист Сандуғаш Дүйсенова жанайқайын білдіріп, Денсаулық сақтау министрі А.Цойдан көмек сұрады. Оның қолына түскен құжатқа сүйенсек, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Бауыржан Ысқақ 2020 жылдың 31 наурызында қол қойған құжатқа сәйкес, ИВЛ аппаратын мына тұрған Ресей, Қытай, Түркия, не Германиядан емес, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан алдыртпақ болыпты. Алматы облысы мен Талдықорған қаласындағы әлеуметтік-саяси жағдайды бүге-шігесіне дейін білетін журналист Сандуғаш Дүйсенованың өзіне хабарласып, әлгі құжат жайында толығырақ сұрадық.
Сандуғаш Дүйсенова:
7 ай өтсе де, аппарат әлі келген жоқ
– Менің қолымда Бауыржан Ысқақ қол қойған келісімшарт бар. Мұны біреулер әкеп берді. Қалғанын порталдан анықтадым. Бірақ қанша аппаратқа тапсырыс бергені туралы біле алмай тұрмын. 10 дана ма, 100 дана ма, белгісіз. Наурыз, сәуір, мамыр, шілде, тамыз өтіп, қыркүйек келіп қалды. Жеткізілуі тиіс ИВЛ аппараты 7 ай өтсе де, әлі жоқ. Тіпті, бір қағазда 25 қыркүйекке дейін келеді делінген. Сонда АҚШ-тан басқа елден сатып алуға болмай ма? Бұл жерде экс-басшы Бауыржан Ысқақ кімнің мүддесін көздеп отыр? Сол аппараттың дер кезінде келмегенінің кесірінен қаншама адам көз жұмды десеңізші?!
– Білуімізше, қазір Бауыржан Ысқақ Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметінен кеткен. Осы іске байланысты кетті ме? Орнына келген жаңа басшылық хабардар ма?
– Қазір Іле ауданы ауруханасына бас дәрігер болып барды. Ол мұнда келген соң үш орынбасары жұмысынан шығып кетті. Хабардар шығар, бірақ бүгін ғана сауал жібердім. Ол басқарма басшысы қызметінен неге кетті? Себебі, індет кезінде жұмыс істей алмады. Тіпті, індет келмей тұрып оның үстінен «Біз бұл басшымен бірге жұмыс істей алмаймыз» деген ұжымдық арыз түскен. Одан бөлек, өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші өсіп кетті. Соған қарамастан, орнында отыра берді. Ал індет кезінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоқтығын көрсетті. Ол дәрігер ретінде жақсы маман шығар, бірақ жұмысында нәтиже көрсете алмады.
– ИВЛ аппаратын жақын шетелден емес, неге АҚШ-тан алдыртпақ болған?
– Соны айтам ғой. Неге Қытайдан, Түркиядан емес? Бұл жерде тағы біреудің бас пайдасы тұр. Бір қызығы, медициналық құрал-жабдықтарды қай мемлекетке тапсырыс бергің келеді, бәрібір. Ешкім тосқауыл қойып жатқан жоқ. Ақшасын төлесе болды. Мысалы, наурызда жеткізілуі тиіс құралды 7 айға дейін созуы мүмкін емес. Оның үстіне ақшасы төленіп те қойған. Келісім-шартты шолып шықсам, біздікілер создырта берген. Неге? Мұның астарында не бар?
– Бейнеүндеуіңізде пневмониядан екі айда қайтыс болған адамның санын айттыңыз. Бұл дерек нақты ма?
– Менің қызым Талдықорған қаласының адамдарды жерлеу бюросында жұмыс істейді. Маусым мен шілде айында қаланың өзінде 211 адам қайтыс болды. Яғни, 60 күнде ғана! Соның 80 пайызы коронавирустық пневмониядан көз жұмған. 2018 жылы бір жылда 203 адам жерледік. Егер әлгі тапсырыс берген ИВЛ аппараты дер кезінде келгенде 211 адам тірі қалар ма еді? Дәрігер деген атқа кір келтіріп жүрген басшылар не қарады? Оларды нағыз паразиттер деп айтар едім. Тіпті, індет өршіп, қайтыс болғандар саны артқан кезде жер қазатындардың өзі бағасын ұшырып, бетімен кетті. Бір мүрдеге жер қазып беру үшін 70-100 мың теңгеге дейін сұрады. Сол кезде халыққа үндеу жасап едім, жас патриоттар келіп қазып берді.
– Қазір Алматы облысы, Талдықорған қаласы індеттің екінші толқынына дайындалып жатыр ма?
– 7,2 млрд теңгеге жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана салып жатыр. Бұл сомаға медициналық жарақтандыру кірмейді. Не деген ақша?! 7,2 млрд теңгеге 1200 орындық 7 мектеп, 60 пәтері бар көпқабатты 7 тұрғын үй, 3 перзентхана салуға болады. Ол ол ма, Талдықорған қаласындағы көп профильді ауруханаға – 9,2 млрд теңге жұмсалса, 3 қабатты жаңа облыстық балалар ауруханасының құрылысына медициналық жабдықталуын қоса есептегенде 960 млн теңге кеткен. Айырмашылық бар ма?!
P.S. Бауыржан Ысқақ Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына басшы болып 2017 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Ол биыл 30 шілде күні қызметінен кеткен еді. Алайда, оның нақты не себеппен кеткені туралы ақпарат жоқ. Журналист Сандуғаш Дүйсенова айтпақшы, індет кезінде жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан кетті ме, әлде 7 айда келмеген ИВЛ аппаратының ісіне байланысты былық істен дер кезінде қашты ма?
Айдар Карбозұлы, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Бізде жалғыз Денсаулық сақтау басқармасы ғана емес, қаптаған басқарма бар. Әр басқарманың өз басшысы бар. Бұл жағдай туралы Денсаулық сақтау басқармасына айтылды. Олар мұрағаттарын ақтарып, мәлімет дайындап жатқан шығар.
Ләйлім Әубәкірова, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы :
– Қазір заңгер бұл істің ақ-қарасын тексеріп жатыр. Бүкіл құжатты көтеру керек. Содан кейін ғана ресми жауап береді.
Nege.kz порталы осы мәселеге қатысты Алматы облыстық әкімдігіне және Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдайды.