25 Тамыз 15:44
...

Акциялар мен облигациялар. Мемлекет қалай жеке инвесторларды қорғады?

Фото:
«Қазақтелеком» акционерлері 2021 жылғы дивидендтерді төлеу бойынша келісімге келе алмады.

БІрақ мемлекет осы проблеманы реттеуге мүдделі.

Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет халық есебінен қаржы тауып келген азаматтарды орнына қойды. Мысалы, Қайрат Сатыбалды бұған дейін Люксембургте тіркелген өзінің «SKYLINE INVESTMENT COMPANY» фирмасы арқылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 24,46% жай акцияларын иеленіп келген. Енді осы акциялар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өтті. Демек, мемлекет «Қазақтелекомның» «Самұрық-Қазына» арқылы 51%, ал Мүлік комитеті арқылы 24,46% акцияларына иелік ететін болды.

Осы сәтте миноритарлы акционерлердің, яғни нарықтан «Қазақтелеком» акцияларын сатып алған жеке тұлғалардың компаниядағы үлесі 15 пайызға да жетпейді. Акционерлердің дәл осы санаты дивидендтердің көбірек төленуіне барынша мүдделі.

Осы жылдың 30-шы мамырында «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің ортақ жиналысы өтіп, компанияның директорлар кеңесі 2021 жылдың қортындысы бойынша бір акцияға 3 590,30 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді ұсынған болатын. Жалпы, дивидендтерге 20 миллиард теңгедей қарастырылған.

Қайрат Сатыбалдының 2021 жылы «Қазақтелеком» акцияларының 24,46 пайызын ұстағанын ескерсек, заң бойынша оған да шамамен 9,5 миллиард теңге төленуі тиіс. Ал егер мемлекет кезінде оның ұлттық оператор акцияларын заңсыз алғанын дәлелдеп, мәмілені жоққа шығарса, бұл қаржы мемлекет қоржынында қалады.

Дивидендтерге қатысты дау бұған дейін «Самұрық-Қазынаға» қарасты тағы бір ұлттық компания – «ҚазТрансОйлдан» шыққан болатын. Екеуі де – халықтық IPO кезінде акцияларын биржаға шығарып, жеке тұлғаларға сатқан компаниялар. Енді мемлекет биржаға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын да шығармақ. Ертең мұнай компаниясына қатысты дәл осындай даулар туындамасына кім кепіл?

«Әлбетте, қазіргі таңда бұрынғы дивидендтік саясат қаншалықты дұрыс және ол компанияның мүдделеріне сәйкес келе ме деген сұрақтар туындайды. Мысалы, Каспий құбыр консорциумының «бұзылу» оқиғасынан кейін біздің шикізатты (мұнай, металдар және т.б.) әлемдік нарықтарға жеткізу жолдарын тезірек әртараптандыру қажет екені белгілі болды», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Бұл компанияның инвестициялық тартымдылығына қалай әсер ететінін қарастыратын болсақ, «ҚазМұнайГаз» IPO-ға шықса, Каспий құбыр консорциумы сынды транзиттік тәуекелдердің қасында дивидендтік саясат екінші планға ысырылады. Қазір инвесторлар мемлекеттік компаниялардың көпшіліктің емес, «отбасыға» жақын акционерлердің бұйрығымен жұмыс істеген заманның, яғни «отбасы факторының» келмеске кеткенін түсініп отыр. Сондықтан мұндай «түсініксіз шешімдердің» тәуекелі төмендейді. Бұл – корпоративтік басқару және тұтастай алғанда, компанияның ұзақ мерзімді табысы үшін жақсы жаңалық»

Миноритарлы акционерлердің QAMS қауымдастығы «Қазақтелекомның» директорлар кеңесінде отырған тәуелсіз директорларды «шағын акционерлердің мүдделерін елемейді» деп айыптап отыр.

Бірақ мемлекет өзінің халық тарапынан келген шағын акционерлерді қорғауына алғанын көрсетті.

Тегтер: