Ақшасыз күндерде жүздескенше! «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қаржысы НЕГЕ азайып барады?
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2022 жылдың аудиттелген қорытындысын шығарды. РТРК выручкасын 1 миллиард теңгеге арттырған. Бірақ классификацияланбаған (прочие) шығындары 7 есеге көбейіп кетті.
Ең қиыны, мемлекеттік салық органы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Big Fish Production» аутсорстық фирмасымен жасалған келісімшартын заңсыз деп тауып, қазақ телевизиясының қара шаңырағын сотқа берген. Астана қаласы, Есіл аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы бірінші сотта да, аппеляциялық сотта да жеңді. 2022 жылғы жағдай бойынша, «Қазақстан» РТРК өзінің соңғы шансы – кассациялық сотқа жүгінді.
"Қазақстан" РТРК 2022 жылдың аудиттелген шоғырландырылған қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының шоғырланған қаржылық есебіне корпорация тобынан (Қазақстан, Қазспорт, Балапан) бөлек, ОРТ-Еуразия арнасы, Қазақ радиосы да кіреді. 35,3 миллиард теңгені құрайтын выручканың 26 миллиард теңгесі мемлекеттен ақпараттық тапсырыс ретінде келді.
Ұлттық телевизия жарнамадан 8,5 миллиард теңге тауып отыр. Бұл - бұған дейін болмаған рекорд. 4-5 жыл бұрын РТРК-ның жарнамадан табысы 3 миллиард теңгеден аспайтын.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2022 жылы 31,3 миллиард теңге жаратты. Ол ақша қайда кетті? Ең үлкен шығын бабы – қызметкерлердің жалақысы. Оған 8,9 миллиард теңге бағытталды. Бірақ корпорация тобы, аймақтық телеарналар бар, ОРТ-Еуразия бар, радио бар, барлығын қосқанда адам саны мыңнан асатын үлкен ұжымды көреміз. Және оларға жылына 8,9 миллиард теңге тым аз. Себебі, адам саны жүзге жетпейтін брокерлік, инвестициялық компаниялардың жылдық еңбекақы қоры қазір 5 миллиард теңгеден оңай асады.
«Қазмедиа» орталығы РТРК-ға ғимаратты жалға беру қызметін екі есеге қымбаттатып жіберген. 2021 жылы корпорация «Қазмедиаға» 1,9 миллиард теңге төлесе, 2022 жылы 4,4 миллиард теңгені санап берді.
Осы операциялық қызмет барысында «Қазақстан» телеарнасының ақшалай қоржыны жарты миллиард теңгеге кеміген. 2021 жылдың аяғында онда 3 миллиард теңгедей жатса, 2022 жылдың соңында 2,3 миллиард теңге ғана қалды.
2023 жылдың бірінші тоқсанынан бастап, «Қазақстан» жарнама қауымдастығының статистикасы бойынша еліміздің жарнама нарығында табысы бойынша интернет телевизияны басып озды. Енді осы алшақтық ұлғая беретіні анық.
Ұлттық телевизияның экономикалық моделінде үлкен болашақ қатерлер бар. Біріншісі – тұтастай мемлекеттік қаржыға деген тәуекелдік. Екіншісі – қаржылық ағындарды әртараптандырудың жылдан-жылға қиындауы.