11 Наурыз 13:06
...

«3 пайызға өсеміз». Экономиканың өсуі халыққа НЕГЕ ауыр тиіп жатыр?

Фото:

Бүгін үкімет отырысы өтіп, биылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қортындысы шықты. Сарапшылар болжағандай, экономиканың нақты секторы өсім көрсеткен. Бірақ оның салдары халыққа ауыр жүк болып артылуда.

«Халықаралық рейтинг агенттіктерінің болжамы бойынша 2021 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 3%-дан аспақ», – деп жазады премьер-министрдің кеңсесі.

Өткен екі айда экономика дамуының негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі 6,1%, құрылыс 9,7%, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру 12,8%, ауыл шаруашылығы 3,1% өсім көрсеткен.

Фото: primeminister.kz

Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 13,3% болды. 2021 жылғы 4 наурызда ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысы өтті, онда Қазақстан үшін мұнайдың тәуліктік көлемін өндіруді 20 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілді. Бұл тау-кен өндірісі секторындағы өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Экономикамыз биыл 3% өсім көрсете алады деп айтуға негіз бар. Оған нақты сектор сүйеніш болып тұрғанын көріп тұрмыз», – дейді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық. «Өткен жылдың қортындысы бойынша қызмет көрсету саласы минус көрсетіп құлдыраса, нақты секторда өсім көрсеткен болатын. Соның ішінде сарапшылар «өсіп жатқан тұрғын үй нарығы, құрылыс саласында көпіршік бар» деп ескертіп жүр».

«Расында үй бағасының, құрылыс материалдары құнының өсіп жатқанын көріп отырмыз. Экономикалық өсімнің де үлкен пластын сол көпіршік құрап отыр. Басқа секторларда да оң динамика байқалады»

«Бұл – «экономикалық толқындардың» нақты көрінісі», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Олардың сөзінше, коронакризисте біз оңбай құладық. Демек сол кезде табанымыз жерге тиді.

«Мұнай бағасының кері серпілуінен кейін біздің экономика өспесе, бұл өте қызық болар еді. Қазіргі конъюнктурада біз өсуге міндеттіміз. Тіпті 3% өсім бізге аздық етеді. Былтырғы құлаумен есептегенде, бұл екі жылдық стагнацияны білдіріп отыр. Біз былайша айтқанда, өсіп жатқан жоқпыз, былтыр жоғалтқанымызды ақырындап кері қайтарып жатырмыз»

Nege.kz есебінше, біздегі экономикалық өсімнің нарықта түрлі көпіршік туғызуы жағымсыз сигнал болып отыр. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, ақпанда тұрғын үй бағасының өсуі 4 пайыздан асқан. Онымен қоса, экономикалық өсімнің инфляцияны қоздыруы оң қолдың сол қолды төмпештеп жатқаны сияқты көрініс береді. Үкіметтің өзі оны қаламаса да, Ұлттық Банкті аяғынан шалып жатқанын көріп отырмыз.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, жаңа жағдайда кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті тікелей ынталандыру шаралары үш бағытта іске асырылмақ. Олар – қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету, бизнеске жүктемені азайту, өткізу нарықтарына қолжетімділікті кеңейту. Үкімет басшысы министрлер мен өңірлердің әкімдеріне жұмысты жандандыруды, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауды тапсырды.

«Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестициялар тарту бойынша жоғары бәсекелестік байқалады. Отандық және шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып, жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет»

Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, экономикаға мұнай бағасының қымбаттауы көмектесті. Бірақ тәуекелдер көп. «Мұнай фьючерстері наурыз айында барреліне 70 доллардан бір асып, бір түсті. Бұл да біздің экономикалық өсуімізге көмегін тигізеді. Егер тура осындай қалыпта жалғаса берсе, онда ия, 3% өсімге қол жеткізе аламыз. Бірақ тәуекелдер бар, ол – пандемияның жалғасуы, Ресейге қатысты жаңа санкциялар, мұнай бағасының құлдырауы. Ондай сценарийлер болса, экономикалық өсу бойынша жоспарымызға қауіп төнеді».

Негізі, Ұлттық экономика министрлігі біз 2,8% ғана өсеміз деп сақтық танытқан еді. 3 пайызды халықаралық қаржы ұйымдары айтып отыр.

Бірақ оның барысын толық аңғару үшін, бірінші тоқсанның қортындысын күту қажет. Сонымен бірге, ковидке қарсы вакцинацияның қарқыны да экономикаға әсер ететін болады.

Тегтер: