18 жыл бұрынғы оқиға: Ермаханды соққыға жыққан кімдер еді?

Қазақ халқы мақтаныштарының бірі, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Сағиұлы Ыбырайымтегін «қылмыстық әлемнің бұзақылары ұрып кетіпті» дегенді ести сала, екі өкпемізді қолымызға алып Жақсылық ауылына жеткенбіз.
Сидней Олимпиадасындағы қазақ боксшыларының ерлігінен кейін (Жарысқа 7 боксшы барып, 2 алтын, 2 күміс медаль олжалап қайтқан!) екі жылдай уақыт өткен. Бірақ, өкінішке қарай, Олимпиада триумфынан кейін батырларымыз арқаны кеңге салды ма, әйтеуір әлем чемпионатында әлгі айтулы былғары қолғап шеберлеріміз анау айтқандай табысқа қол жеткізе алмады.
Осы оқиғадан кейін Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Бокстан ұлттық командамыздың бас бапкері болып тағайындалды. Міне, осы кезде халық мақтанышына айналған Ермаханды алдын ала ұйымдасқан бір топ бұзақы «жабылып ұрып кетіпті» деген жаманат хабар бұрқ ете түсті.
Алматы ауруханасынан шыға салысымен Ермахан ауылындағы қарашаңырағына жеткен. Тараздан мен де бардым. Әуелгі сауалды, әрине, азамат ердің баласы Ермаханның қасында үнемі шыр-пыр боп жүретін әкесі Сағи ақсақалға қойдым.
– Қалай болды, көке, балаңыздың басынан өткен оқиғаны кімнен естідіңіз?
– Екі күннен кейін Ермаханның өзі телефон шалды. «Неге сол кезде айтпадың?» десем, «ол уақта менің түрім адам көргісіз болатын» дейді. Оның үстіне менің жүрегім қысылып қалатынын білгендіктен, «ауырып, қиналып қала ма» деп сақтаныпты...
– Оған дейін басқа жақ тым-тырыс жатты ма?
– Білмейім ғой...
– Мысалы, мәлімет сол күні полицияға түсті. Оның үстіне Ермахан елімізге белгілі спортшы...
– Білмейім.
– Баспасөз арқылы халыққа өзіңіз шықтыңыз ба?
– Өзім шықтым. Мен Ермахан жатқан ауруханаға барғаннан кейін «Жас Алаштың» адамдары кеп сөйлесіп, суретке түсіріп алып кетті. Екі-үш күн қасында болдым. Содан кейін шығарып алдым. Ана жерде маза бермейді тегі. Үлкен қала...
Көңілін сұрап келеді. Кім біледі, кімнің қандай оймен келетінін. Үйіңе «күліп кіріп, күңіреніп шығатындар» мен қойнына тасын тығып жүретін мысықтілеулер көп екен...
– Ермахан, өзің не айтасың?
– Ойламаған жерден болды мұның бәрі. Мысалға, халықтың арасында алаңсыз жүргеннен кейін, барлығы құрметтеп, сыйлаған соң жамандық күтпедім ғой. Бірақ бұл жолы олай болған жоқ. Оның бәрін жазды ғой «Жас Алаш». Қазір денсаулығым жақсы. Жарақаттар жазылып келеді. Әкем де айтып қояды, «қазақтың Абайының басын жарып, Құлагерін атқан Оразбайлар мен Батыраштардан қалған нойыстарға не уәж айтасың» деп. Менің де ойым сол. Жалпы, халықты ешкім кінәламайды. Арасында бірен-саран нойыстары кездеседі. Енді бұдан кейін мен өзім де осындай жағдайларды болдырмауға тырысам.
– Сабақ болды дейсің ғой...
– Иә, сабақ болды. Содан кейін бұдан былай жүріс-тұрысымның бәрін қадағалайтын болам.
– Сен менің ойымша ақкөңілсің. Елдің бәріне сене саласың.
– Иә, жұрттың бәріне сенем. Сонан кейін жаңағы... бармайтын жер ғой мысалға. Менің жүрмейтін жерім. Сол түні бір жолдас жігіт шақырып қоймай қойды. Мен үйге келіп демалып, ертеңіне Ыстықкөлге бір жұмыстармен жүрейін деп отырғам. «Ей, айналайын, үйге кеп қойдым, болды, жатайын деп жатырмын» десем де болмайды. «Сен екеуміз сонау Ақтөбеде кездескен ек... Енді Алматыға келіп ем... Мен ертең іссапарға кетіп бара жатыр ем... Енді келе салсайшы, машина жіберейін...» дегеннен кейін ешқандай арам ойым жоқ, «е, жарайды, мейлі, бір ұйқым қанбаса қанбас, бірақ жолдастың көңілін қалдырмайын» деп барғам ғой шақырған жеріне. Аяғы осындай болды.
– «Ермахан Ақтөбеде мұнай бизнесіне араласқан. Бұл соның бәлесі» деп жатқандар да бар.
– Мұнай бизнесіне кішкене араласқаным бар. Бірақ оған кіру өте қиын. Оның жолы оңай емес. Баяғыдан істеп келе жатқан мұнайшылар бар. Мен жаңа мұнай орнын ашу үшін бір үлкен геологпен бірге жұмыс істемек болдым. Бірақ реті келмеді. Қағазы дұрыс болмады. «Анау болды, мынау болды» деді. Әйтеуір «әке-көке, ол сендерге болмайды екен» деп, түрлі себептерді тауып, бізді ол жерден әдемілеп шығарып тастады. Көп нәрселерін түсіне де бермеймін. Мен қазір ойлаймын, әр адам өзінің жанына жақын жұмыспен айналысуы керек екен. Ал мен бірінші кезекте спортшымын. Спорт саласына тигізетін пайдам да көп. Сондықтан спортта қалдым.
– Демек, мұнайдың маңайынан келген жау жоқ қой?
– Ол төңіректен келген жау жоқ. Кейбіреулер сан-саққа жүгіртіп жүргендей, ел боксының бас жаттықтырушылығына таласу деген сияқты, спортшылар арасындағы бірін-бірі көре алмау, бақталастық деген сияқты, мұнай бизнесі тарапынан немесе тағы басқа қылмысты бизнестен келген бәле жоқ. Бұл кездейсоқ болған жағдай.
– Саған жабылғандардың барлығы балуандар дейді ғой?
– Атышулы спортшы болмаса да күреске қатысып, тастап кеткен жігіттер.
– Қанша адам?
– Екі машина толып келді.
– Соның ішінде танитының Ақтөбеден келген жігіт пе?
– Енді ол да бар, басқалары да бар. Он адам он жақтан келген кезде қайсыбірін түстеп танып үлгересің.
– Болат Жұмаділов қай кезде келді?
– Ол төбелес бітіп, бәрі қашып бара жатқан уақытта кепті. Сосын менің жағдайымды көріп, дереу ауруханаға жеткізген.
– Өзіңнің ойың қалай? Жазыласың, жұмысқа шығасың, аналарға не істеу керек?
– Мен оларды былай жазаласын деп кесіп айта алмаймын. Ол мәселемен айналысатын ішкі істер министрлігі, прокуратура, сот органдары бар. Менің айтарым, олардың жазасын Құдай берсін! Қалғанын өздері көрер. Бұл жағдай мені де ойландырды. Қатты сабақ болды. Мен енді бұдан былай мұндай жағдайды болдырмауға тырысам.
– Басың жақсы ма қазір? Ауырмай ма?
– Ауырмайды. Енді боксшы болдық қой. Боксшыға бұл үйреншікті жайт. Басқа қарапайым адам болса, мүмкін оған кішкене ауырырақ тиер ме еді. Талай сайысқа түсіп, үйреніп қалған бас бұл сынға да шыдап берді.
– Министрліктерің тарапынан хал-жағдай сұрап жатқан адамдар бар ма?
– Осы жағдай болғаннан кейін келесі күні Дәулет Тұрлыханов телефон шалды. Ол кісіге хабарланған екен. «Естіп жатырмыз. Кімдер олар? Аналар емес пе? Әлде аналар ма?» деп сұрады.
– Спортшыларды айта ма?
– Жақында мені бас жаттықтырушылыққа тағайындады ғой. Мүмкін біреулер қызғанып, мені бас жаттықтырушылықтан кетірудің әрекетін істеді ме деп сұрап жатыр да. «Онда сенің қызметіңді уақытша атқара тұрсын деп орныңа қайтадан Тұрсыновты қойдық. Ыстықкөлге жігіттерді жібердік» деді. Боксшылар 26 шілдеге дейін Ыстықкөлде жаттығуда болды. Содан кейін 12 тамызда, құдай бұйыртса, Көкшетауда Қазақстан чемпионаты басталады.
– Тұрсынғали Еділовпен қарым-қатынасыңыз қалай еді?
– Ол бұрын менің ұстазым болды. Мен оның шәкірті болдым. Сондай жағдайда қалдық. Әлі күнге дейін екеуміздің бір-бірімізге деген ықыласымыз жақсы.
– Әлем чемпионатынан кейін сені бас жаттықтырушы етіп тағайындады. Сол кезде ұстазыңның көңіл-күйінен ештеңе сезген жоқсың ба? «Мал ашуы – жан ашуы» деген сияқты. Жылы орынын, қанша дегенмен, ешкім қимайды ғой.
– Көңіл-күйі енді қанша дегенмен болмады. «Мен қайда барам?» дегендей болды. Бірақ біздің басшылықта отырған кісілер оның бәрін ойластырды. Оны олимпиадалық дайындық орталығына жіберді.
– Демек, бұл жерде спортшылардың бірін-бірі көре алмаушылығы, алдын-ала дайындалған «сценарий», «қойылым» деген бәле жоқ қой. «Ескерту» деген сияқты...
– Спортшылар тарапынан ондай көреалмаушылық пен мені орнымнан кетіру үшін әуелі осылай бір сүріндіріп алайық деген сияқты ешнәрсе болған жоқ деп ойлаймын. Бұл кездейсоқ болған жағдай.
– Бекет Махмудов қандай адам? Ол кісіге көзқарасың қандай?
– Ол кісі Қазақстан боксы КСРО-дан бөлініп шыққалы бері федерация президенті боп келе жатыр. Осы уақыттың ішінде ол бокс бойынша мүмкін болған биіктің бәріне қол жеткізді. Он жылдың ішінде еліміздің боксы керемет қарқынмен өсіп, былғары қолғап шеберлерінің арасынан әлем кубогінің жеңімпазы, әлем чемпионы, Олимпиада чемпиондары және Азия ойындарының чемпиондары шықты. Соның бәрінде Бекеңнің еңбегі бар. Ол кісінің шетелде де беделі мықты. Өздеріңіз білесіздер, халықаралық аренаға шыққан кезде «әділетсіз төрелік» деген болып қалады, сондай құқайлардың алдын алуға беделін бір кісідей жұмсайтын ағамыз ғой. Ол кісі сонымен бірге АИВА-ның вице-президенті.
– Хабарласты ма?
– Иә, федерация әкімшілігінің адамдарын жіберді. Ол кісі жанашыр адам.
– Үкіметіміз тарапынан, басқа да министр мырзалардың арасынан сен кездейсоқ душар болған оқиғаға алаңдап, көңіліңді сұрағандары болды ма?
– Ішкі істер министрлігі арқылы бәріне хабар жетсе керек. Ол кісілердің бәрі жағдайды бақылауға алған сияқты. Сонан кейін шығар Дәулет Болатұлының «сен әзірге ештеңе ойлама, емдел, демал» деп маған жылы сөзін айтқаны.
– Ал онда жақсы, Ереке! Тез жазылып, ортаңа орал!
Көсемәлі Сәттібайұлы. Жақсылық ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жамбыл облысы, 2002 жыл.