Ұлттық қордың 25 жылы: бюджетке алынғаны 205 млрд доллар, қоржында қалғаны 79 млрд доллар

2026 жылдың алғашқы екі айында Ұлттық қорда жинақталған ақшаның көлемі 39 трлн 884 млрд 844 млн 567,1 мың теңгеге жеткен. Валютаға шақсақ, шамамен 79-80 млрд доллар деген сөз. Ал ширек ғасыр ішінде Ұлттық қордан бюджетке алынған жиынтық қаражат 205 млрд доллардан асты. Яғни қорда қалған активтер көлемі бюджетке аударылған қаржыдан шамамен 2,5 есе аз. Неге бұлай болғанын төменде талдаймыз.

ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Әдетте экономистер мен қаржыгерлер девальвацияның бюджет саясатына тигізетін әсерін ескеріп, Ұлттық қордың динамикасын доллармен, ал бюджетке бөлінген трансферттерді теңгемен есептейді. Алайда Ұлттық қордан алынған қаражатты доллармен көрсету де маңызды. Өйткені қордың өзі бастапқыда мұнай экспортынан түсетін валюталық табысты болашақ ұрпаққа сақтап жеткізетін жинақ ретінде құрылған. Қазақстан шикі мұнайды доллармен сатады, қор активтерінің негізгі бөлігі де шетел валютасында сақталады. Сондықтан қордың нақты құнын және одан алынған қаражат көлемін доллармен салыстыру оның шынайы экономикалық ауқымын анық көрсетеді.

Ұлттық қордың қалыптасуы мен пайдаланылуы туралы есептерге сүйенсек, 25 жыл ішінде қорға екі негізгі арнадан қаржы түсті: табиғи ресурстарды пайдаланудан жиналған ренталық төлемдер және қор активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс. Осы кезеңде ренталық түсімдердің жиынтық көлемі шамамен 213 млрд доллар, ал инвестициялық табыс 113 млрд доллар шамасында қалыптасты. Ширек ғасыр ішінде республикалық бюджетке қордан бөлінген қаражат көлемі 205 млрд доллардан асты. 

Бұл жерде бір жайтты ескеру керек. Қорға түскен барлық кірісті бюджетке алынған сомамен жай ғана салыстырып, айырмасын «қорда қалған ақша» деп қарастыруға болмайды. Ұлттық қор қаражаты халықаралық қаржы нарықтарына инвестицияланған активтер түрінде сақталады, сондықтан оның нақты көлемі уақыт өте өзгеріп отырады. Яғни қордың мөлшері тек түсімдер мен бюджетке алынған қаражатқа ғана емес, инвестициялық табыстың нәтижесіне және активтердің нарықтық бағасына да байланысты қалыптасады.

Рентаның ең жоғары көрсеткіштері мұнай нарығы қолайлы болған жылдарға тиесілі. Атап айтқанда, 2011 жылы қорға шамамен 23,06 млрд доллар, 2012 жылы 22,95 млрд доллар, 2013 жылы 22,55 млрд доллар, 2014 жылы 19,53 млрд доллар, ал 2010 жылы 15,41 млрд доллар рента түскен. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді. Мысалы, 2016 жылы қорға 3,33 млрд доллар, 2020 жылы 3,44 млрд доллар, 2021 жылы 3,29 млрд доллар көлемінде рента түскен. 

Ал инвестициялық табыс кей жылдары жоғары болса, кей жылдары шығын да тіркелген. Мысалы, 2008 жылы қор активтері −0,55 млрд доллар, 2016 жылы −0,45 млрд доллар көлемінде теріс нәтиже көрсетті. Ал ең жоғары инвестициялық табыс 2015 жылы тіркеліп, шамамен 45,83 млрд доллар болды. Бұдан кейінгі ірі нәтижелер 2014 жылы 10,38 млрд доллар, 2020 жылы 9,96 млрд доллар, 2009 жылы 6,23 млрд доллар және 2023 жылы 4,43 млрд доллар деңгейінде қалыптасты.

Барлық кіріс көздерін қосқанда ең жоғары нәтижелер 2015 жылы (шамамен 53 млрд доллар), 2014 жылы (29,9 млрд доллар), 2013 жылы (26,2 млрд доллар), 2012 жылы (25,5 млрд доллар) және 2011 жылы (23,8 млрд доллар) байқалды. Бұл кезең Ұлттық қорға ең көп қаражат жиналған уақыт ретінде ерекшеленеді.

25 жыл ішінде бюджетке ең ірі көлемде трансферт 2017 жылы бөлінген – шамамен 13,56 млрд доллар. Одан кейінгі жоғары көрсеткіштер 2024 жылы (11,92 млрд доллар), 2020 жылы (11,60 млрд доллар), 2015 жылы (11,14 млрд доллар) және 2023 жылы (10,96 млрд доллар) деңгейінде тіркелді. Аталған кезеңде Ұлттық қор республикалық бюджет шығындарын жабудың маңызды көзіне айналды.

Бұл деректер Ұлттық қордың қос функция атқарғанын көрсетеді: бір жағынан мұнай кірістерін жинақтайтын қаржылық резерв болса, екінші жағынан мемлекеттік бюджет шығындарын қаржыландыратын тұрақтандыру құралына айналды.

Әлемде мұнай, газ немесе басқа да шикізаттан түсетін табысты болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін ұлттық әл-ауқат қорын құрған мемлекеттер аз емес. Біз соның ішінде екі модельдің көрсеткіштерін Қазақстанмен салыстыра отырып талдаймыз. Ең танымал мысалдардың бірі – Норвегия. Бұл ел мұнайдан түскен табысты 1990 жылдары құрылған «Норвегияның мемлекеттік мұнай қоры»» арқылы жинақтайды (қазіргі атауы – Мемлекеттік зейнетақы қоры). Қор активтері бүгінде 1 трлн доллардан әлдеқайда асып, әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық қорлардың біріне айналды.

Таяу Шығыста да осындай тәжірибе бар. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби инвестициялық басқармасы, Кувейттің Болашақ ұрпақ қоры немесе Сауд Арабиясының Қоғамдық инвестициялық қоры мұнай табысының бір бөлігін жинақтап, жаһандық активтерге инвестициялайды. Алайда бұл аймақтың моделін Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Өйткені бұл елдердің басым бөлігі Парсы шығанағының жағасында орналасқан және сол арқылы Үнді мұхитының теңіз жолдарына тікелей шыға алады. Мұнайды танкермен әлемдік нарыққа жеткізу логистикасы әлдеқайда жеңіл әрі арзан. Бұған қоса, ондағы мұнай көбіне жеңіл, күкірт мөлшері аз, яғни, өңдеу де жеңілірек. Ал Қазақстан құрлықтың ортасында орналасқан, мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан мұнай экспорты негізінен құбырлар мен транзиттік бағыттарға тәуелді. Осы табиғи-географиялық айырмашылықтарды ескергенде, Қазақстанның мұнай табысын басқару тәжірибесін салыстыру үшін басқа модельдерге жүгіну қисынды болар еді.

Ұлттық қор құру тәжірибесі посткеңестік кеңістікте де бар. Қазақстанмен қатар Әзербайжан да мұнай табысын жинақтау үшін арнайы мемлекеттік мұнай қорын құрған. Ал Ресейде Ұлттық әл-ауқат қоры жұмыс істейді. Алайда әр елде қорды пайдалану тәртібі, бюджетке трансферт беру ережесі мен инвестициялық стратегиясы әртүрлі.

Қазақстанда Ұлттық қор бастапқыда болашақ ұрпаққа арналған жинақ ретінде құрылғанымен, уақыт өте оның функциясы өзгерді. 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде қордан алғаш рет ірі көлемде қаражат алынып, банк жүйесі мен экономиканы қолдауға бағытталды. Осы кезеңнен бастап Ұлттық қор тек жинақ құралы емес, экономиканы тұрақтандыру тетігі ретінде де пайдаланылатын болды.

Норвегия мен Қазақстанның ұлттық қорлары туралы әңгіме қозғалғанда бұл екі елді салыстырудың белгілі бір қисыны бар. Екеуі де мұнай экспорттайтын мемлекет, өндіріс көлемі де шамалас. Қазақстан соңғы жылдары жылына шамамен 90 млн тонна мұнай өндірсе, Норвегияда бұл көрсеткіш 90-100 млн тонна шамасында. Екі ел де өндірілген мұнайдың басым бөлігін өз аумағында өңдемейді, шикі күйінде экспортқа шығарады.

Алайда Қазақстанның дәлелденген мұнай қоры шамамен 30 млрд баррельге жуық болса, Норвегияда бұл көрсеткіш 7-8 млрд баррель шамасында ғана. Яғни табиғи қор жағынан Қазақстан әлдеқайда мұнайға бай. Ал мұнай рентасын жинақтау нәтижесін салыстырсақ, Норвегияның тәжірибесі әлдеқайда сәтті.

Норвегия мұнайдан түскен табысты қорға жинақтап, негізінен шетелдік акциялар мен облигацияларға инвестициялайды. Үкімет қордың өзін жұмсамай, тек инвестициялық табыстың белгілі бір бөлігін ғана бюджетке пайдаланады. Бұл тұрғыдан алғанда Норвегияның моделі эндаумент қорға ұқсас. 35 жылдың ішінде бұл қордың активтері 1,5 трлн доллардан асып, әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық қордың біріне айналған.

Қазақстан Ұлттық қорды 2000 жылы құрды. Қорға мұнай секторынан түсетін салықтар мен басқа да төлемдер аударылады. Алайда бұл қаражат бюджетке берілетін кепілдендірілген және нысаналы трансферттер арқылы экономиканы тұрақтандыруға да пайдаланылып келеді. Соның салдарынан қор активтері триллион долларды қойып, 100 млрд доллардың межесіне жете алмай отыр.

Норвегия қорының акция портфелі 9000-нан астам компанияны қамтиды. Қор әлемдегі барлық биржада листингтелген акциялардың шамамен 1,5 пайызына иелік етеді. Бұл Норвегияның қорын мұнай экспорты мен бағасына Қазақстаның Ұлттық қорына қарағанда әлдеқайда тәуелсіз ететін басты фактор болып есептеледі. 

Қысқаша айтқанда, Норвегия мұнайдан келген тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдаланудың арқасында әлемдік қаржы жүйесінің маңызды ойыншыларының бірі айналып отыр. Кейбір сарапшылар Норвегияның мұнай рентасын тиімді басқаруын оның бастапқы экономикалық жағдайымен байланыстырады. Бұл ел мұнай өндірісі басталған кезде-ақ дамыған индустриялық экономикасы мен тұрақты мемлекеттік институттары бар мемлекет еді. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған кезде КСРО құрамында болған 15 республика бұрынғы экономикалық байланысын сақтап қалмады. Бұрынғы Мәскеу бекітіп беретін жоспарлы экономикалық саясаттан, мұнай экспортына негізделген нарықтық саясатқа көшті. Дегенмен Қазақстан тек мұнай мен газға ғана емес, көмір, уран, мыс, хром, титан және басқа да стратегиялық металдарға бай елдердің қатарына жатады. Тіпті мұнай рентасын жинақтау ісінде әуел баста ұтымсыз позицияда болды дегеннің өзінде күнделікті шығындарды мұнайдан өзге ресурстардың экспортынан түскен рентамен жабуға болар еді. Бұлай болғанда 25 жылдың ішінде бюджетке алынған 205 млрд доллар келешектің игілігіне қалып, инвестициялық табысы еселеп артатын еді.

Қазақстанның Ұлттық қорды басқару тәжірибесі туралы айтқанда Әзербайжанға да тоқталмау мүмкін емес. Бұл ел де Каспий өңіріндегі ірі мұнай өндіруші елдердің бірі саналады. Дәлелденген мұнай қоры шамамен 7-8 млрд баррель көлемінде бағаланады. Қазақстанның мұнай қорынан 4 еседей төмен. Бірақ Әзербайжан халқының саны да Қазақстанға қарағанда аз – шамамен 10 млн адам. Географиялық орнын қарасақ, мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізу тізбегінде біршама қолайлы жайғасқан. Каспий теңізі арқылы Баку–Тбилиси–Жейхан құбырымен тікелей Жерорта теңізіне шығу мүмкіндігі бар. Ал Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Каспий табанына төселген құбыр арқылы тасымалданып, Ресей аумағында экспортқа жөнелтіледі.

Әзербайжан мұнай табысын жинақтау үшін 1999 жылы Мемлекеттік мұнай қорын (SOFAZ) құрды. Бұл қор мұнай мен газ секторынан түсетін негізгі рентаны жинақтап, халықаралық қаржы активтеріне инвестициялайды. Бүгінде қор активтері шамамен 50-60 млрд доллар деңгейінде. Қазақстан жинақтаған қордан 19-20 млрд доллар ғана аз. Ұлттық қордан қаражат алу көбіне экономикалық дағдарыстармен, COVID пандемиясының салдарымен түсіндіріледі. Алайда мұндай күйзелістер Қазақстанда ғана болған жоқ. Мұнай бағасының құлдырауы, қаржы нарығындағы дағдарыстар немесе пандемия секілді шоктарды Норвегия да, Әзербайжан да бастан өткерді. 

Дәлелденген мұнайдың көлемін салыстырсақ, Қазақстан 30 млрд баррельге жуық қормен Әзербайжаннан да, Норвегиядан да әлдеқайда бай елдердің қатарына жатады. Соған қарамастан, Норвегияның ұлттық қоры 1,5 трлн доллардан асып, әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық қорлардың біріне айналды. Әзербайжанның ұлттық қордағы активтері 50–60 млрд доллар деңгейінде қалыптасқан. Ал Қазақстанның Ұлттық қоры шамамен 79 млрд доллар көлемінде болып тұр.

Түйіндесек, Қазақстан мұнай қоры бойынша Норвегия мен Әзербайжаннан әлдеқайда бай. Бірақ мұнай рентасын қаржылық капиталға айналдыру нәтижесі жағынан екі елден де артта қалып отыр. Бұл айырмашылық мемлекет байлығын халық атынан басқарудың қай елде тиімді екенін де көрсетеді.

 

Автор: Анық Есімбай

Қазір оқып жатыр

Даниал Ахметов әкім кезінде салынған ГЭС оның ұлына 1,8 млрд теңге әкелді

Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаны ластағаны үшін 520 млн теңге айыппұл төледі

Қостанайда масаң күйдегі бірнеше адам полиция қызметкерін тепкіге жықты

«Қолымыз байлаулы»: Саясат Нұрбек Qamalladin University жайлы сұраққа жауап берді