19 Маусым 18:18

«Ұлттық қорға осылай қол сала берсе, бес-алты жылда дымы қалмайды» – Оразалы Ержанов

Қаржыгер
Фото: ғаламтордан

Үкімет Ұлттық қордың ақшасын «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына салуға рұқсат берді. Осы қаулыда бұрын тек «ҚазМұнайГаз» ғана көрсетілген еді. Бұл мәселе қоғамды қатты алаңдатып отыр. Тіпті, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желі арқылы экономист мамандардан істің мән-жайы туралы түсініктеме беруді сұрады.

Ұлттық қордың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын NEGE тілшісі қаржыгер Оразалы Ержановтан сұрап білді.

– Үкімет неге мұндай қадам жасап жатыр? Бұл мемлекет бюджетінің бүйірі солғанын көрсете ме? Ұлттық қордың ақшасына ірі компаниялардың ортақтасуы қаншалықты дұрыс нәрсе?

– Сіздің сұрақтарыңыздың өзінде жауап бар. Ең басты себеп – республикалық бюджеттің орындалмай жатқаны. Өткен жылы Үкімет «біздің экономика 5,1 пайызға өсті» деп көкірек қағып мақтанды. Іс жүзінде келгенде бәрі басқаша. Махинация десек, қатты айтқандық болар. Бірақ шындыққа сәйкес нәрсе емес. Осы «өскен экономика» бойынша биылғы бюджет жоспарланды. «Осыншама табыс» түсуі тиіс» дегендей.

Енді ол жоспар орындалмай жатыр. Ақша жоқ. Ең үлкен екі салық – қосымша құн салығы мен табыс салығының орындалуы қиынға соғып тұр. Бірінші тоқсанның нәтижесі бойынша, 25 пайызға дейін орындалмаған. Оның үстіне, елді қарғын су басты. Оның зардаптарын жоюға қомақты қаражат керек. Оған ақша таба алмағандықтан, есепті бұрмалап жатыр.

Өткен жылы да үкімет осылай істеген еді. «ҚазМұнайГаздың» акциясы деп бір қалтадан алып, екінші қалтаға салды. Өйткені, Ұлттық қордан алынатын қаражаттың шегі көрсетілген. Сол шектің үстінен асырып қаржы алу үшін солай істеді. Енді екі рет қайталауға келмейді. Сондықтан биыл «Қазатомөнеркәсіпті» кіргізіп, өзгеріс енгізіп отыр.

Ақша
Фото: ғаламтордан

– Сонда, бұл ақша «Қазатомөнеркәсіпке» да түспей ме?

– Иә, іс жүзінде бұл ақша «Қазатомөнеркәсіпке» түспейді. Акция деген не нәрсе? Акцияның қожайыны – «Самұрық-Қазына». Олар «акцияны сатты» деп «Самұрық Қазынаға» шығарады да, ертең бұл ақша бюджетке түседі. Бұл – елді алдаудың бір жолы.

Облигация болса, онда компанияға түсетін еді. Оны да жақсы нәрсе деуге болмайды. «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы коммерциялық директорын Қаржы мониторинг агенттігінің ұстап, түрмеге жапқаны белгілі болды. Ақша компанияға түскені де жақсылық емес. Біздің экономика жемқорлыққа батқан. Ұлттық компанияның менеджерлері мүмкіндік болса, ақша ұрлаудан тартынбайды. Акция болған соң, түбі бюджетке түсуі керек.

Не себепті мұндай қадамға барды? Себебі, қазір бюджетте ақша жоқ. Экономика құлдырап барады. Табыс аз. Осыны жасыру үшін, осындай әрекетке барып жатыр. Ақшаның бір ғана көзі – Ұлттық қор.

– Мұны тоқтатуға болмай ма?

– Біздің елде мұны тоқтатудың тетіктері жоқ. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың кесірінен, былтыр Германияда экономика құлдырап кетті. Газ келмейтін болды, тағысын тағылар. Федералды бюджет қорынан осы елдің үкіметі ақша ала беретін еді. Оппозиция Конституциялық сотқа жүгініп, «мынаған тыйым салыңыздар» деп талап етті. Сот үкім шығарып, үкіметке қордан қаржы алуға тыйым салды. Германияда болашақ ұрпақтың мүддесін қорғайтын тетіктер бар. Ақшаны сұраусыз жұмсауға тосқауыл қойылды.

– Ұлттық қордан соңғы кездері қанша ақша алып қойдық?

– Бір жылы көп, бір жылы аз. Бірақ орта есеппен жылына 10 миллиард доллардың шамасында. Сәуір айында кейбір телеграм арналар «осы қаржының жартысынан көбін алып қойды» деп жазды. Бұл ел экономикасында күрделі жағдайда екенін көрсетеді.

Парламент
Фото: gov.kz

– Қорды көп ұзамай тауысып қоюымыз мүмкін бе?

– Ұлттық қорға осылай қол сала берсе, бес-алты жылда дымы қалмайды. Бірақ ұлттық қорды жинап, сүрлеп қоя алмаймыз. Қаржыны жұмсау керек, пайдалану керек. Десе де, Парламент арқылы өтіп, елді өсіретін, дамытатын бағдарламаларға жұмсалуы қажет. Қазір бізде ақша зейнетақы, жалақы төлеуге жұмсалып жатыр. Ондай кезде бюджеттің шығынына сараптама жасап, барынша азайту керек. Бірақ билік оңды-солды ақша жұмсауға үйреніп қалған. Содан бас тарта алмай отыр.