«Білім саласына ЖИ-ді жүйесіз енгізу қауіпті» – Сарапшы

Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше назар аударылған салалардың бірі – білім. Еліміздің болашағы жаңа технологиялар мен цифрлық сауаттылықты меңгерген білікті мамандарға тәуелді. Осыған байланысты мектеп бағдарламасы кезінен салаға басымдық беріп, бағдарламаға заманауи білім мен құзыреттерді енгізу қажеттігі айтылды.
«Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің 150-і өз жұмысын бастаған. Ал қалған мектептердің құрылысы алдағы үш айда аяқталады деп күтілуде. Осы мақсатта Мемлекет басшысы тапсырмасымен, елімізде «Al-Sana» бағдарламасы іске қосылды. Жоба аясында 100 мың студентті технологиялық жобаларға тарту жоспарланған. Бағдарлама жастарды цифрлық ортаға үйретіп қана қоймай, өндірістік процестерге, стартаптарға, ІТ-жобаларға тікелей араластыруды көздейді. Алайда, Президент мұндай құзіреттер елімізде ЖОО қабырғасында ғана бар екенін атап, одан ерте мектеп қабырғасынан бастап енгізу керектігін ескертті. Орта білім жүйесіне Жасанды интеллект негіздерін енгізбес бұрын, мамандарға оқу бағдарламасы мен материалдарын әзірлеуді тапсырды.
Білімдегі жасанды интеллект бастамасының оңды тұстары жайында білім сарапшысы Нұрсұлтан НҰРЛАНОВ тілшімізге пікір білдіріп, өзгеріс кезеңінде «тәуекел» ететін сәттердің де бар екенін айтты.

– Президент Жолдауында алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды тапсырды. Менің ойымша, бұл – еліміздің Цифрлық дамуындағы маңызды әрі батыл қадам. Ал, білім саласында ЖИ-ға басымдық беруі – стратегиялық тұрғыдан орынды шешім. Бірақ, бұл ретте қауіптің де бар екенін айтқым келеді. Саладағы шамадан тыс бюрократия цифрлық жаңалықтарды жай құжат жүзіндегі «цифрландыруға» айналдыруы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін, министрлік формалды емес, нақты әрекет ететін орталыққа айналуы керек», – деді сарапшы.
Егер де, білім саласы толықтай цифрландыру саясатына көшіп, ЖИ негіздері бағдарламаға толық енсе, ұстаздардың өзі де жаңа технологияны меңгеруге міндетті болады. ЖИ-ға қатысты педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бүгінгі күні білім саласындағы басты басымдық болып отыр.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды тұс – кадр тапшылығы мен жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру. Бүгінде Қазақстанда еңбек нарығында кәсіби дайындығы жоғары, білікті мамандарға деген сұраныс айтарлықтай артқан. Экономиканың өсуі мен өндіріс саласына жаңа технологиялардың енуі кадрлардың кәсіби дайындығы мен біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейді. Алайда қазіргі еңбек нарығы бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай келеді. Соның салдарынан мыңдаған бос жұмыс орны әлі де жабылмай, көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар шетелден мамандар тартуға мәжбүр. Қазақстанда білікті жұмыс күшін дамытуға бағытталған шаралар тек кадр тапшылығын жоюға емес, елдің тұрақты әрі тәуелсіз дамуына да негіз болмақ.
Жолдауда көтерілген «кадр тапшылығы» тақырыбында Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры Еңлік ОРМАНХАНОВА бірқатар сұрақтарға жауап берді.

– Еңлік Нұрланқызы, Президент биылғы Жолдауында білім саласына ерекше назар аударып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сіз бұл бастамаға қалай қарайсыз?
– Президент Жолдауында білім саласына, әсіресе кадр даярлау бағытына басымдық берілгенін қуана қабылдадық. Мемлекет басшысы техникалық және жұмысшы мамандықтарын дамытудың маңызын нақты атап көрсетті. Мәселенің басы қазіргі таңда техникалық мамандықтарға түсушілердің санының артуы. Себеп – бұл бағыттағы гранттар саны көп, шектік балл төмен. Алайда, оқуды тәмамдаған түлектердің арасында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жастар өте аз. Мұнда біз оқу ордалары мен өндіріс орындарының арасындағы байланыстың әлсіздігін, кәсіби бағдар беру жүйесінің жеткіліксіздігін аңғарамыз.
– Елімізде өндіріс саласына мамандарды тарту қалай жүзеге асып жатыр?
– Соңғы жылдары еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлерінде кадр тапшылығы айқын байқалуда. Әсіресе техникалық және ауыл шаруашылығы салаларында білікті мамандар жетіспейді. Жас мамандардың бұл аймақтарға баруға құлықсыз болуының басты себебі – тұрақты жұмыс орындарының тапшылығы. Ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда агроөндіріс, техникалық қызмет, зауыт-фабрика сияқты негізгі салалар бойынша жұмыс көздері жоқ. Мәселені шешу үшін тек кадр даярлау емес, оларды нақты еңбекпен қамтитын аймақтық өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау тетіктерін қатар дамыту қажет деп ойлаймын.
– Мәселені шешуде елімізде қандай тәжірибелер қолданылды?
– Бұған дейін оқуын бітірген жас мамандарға арнап «Дипломмен ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды. Онда дипломын енді алған жастарға тұрғын үй алу үшін қаржылай көмек пен түрлі жеңілдіктер ұсынылды. Дегенмен, бұл бастамалар кадр тапшылығын шешуде айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Жастарға тек бір реттік қаржылай қолдау беріп, тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы ұзақ мерзімге ұстап қалу мүмкін емес. Негізгі мәселе – жүйелі шешім қабылдауда. Жастарымыз сол өңірде тұрақтап қалуы үшін ең алдымен жұмыс орындары ашылып, бәсекеге қабілетті жалақы алуы керек.

– Жастардың мамандық бойынша жұмыс істемей, жеке компанияларға жұмысқа кетуінің себебіжалақы мәселесінде ме?
– Жалпы, еліміздің жастарын жұмыспен қамтуда мемлекеттік өндіріс ошақтарымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту да маңызды. Шағын бизнеске қолдау тек сауда-саттық қана емес, нақты өнім өндіруге бағытталған жобаларға басымдық берілуі керек. Сонымен қатар, жастарды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу қажет. Бәсеке болған жерде сапа артады, жалақы өседі. Мен бір ғана нәрсе айтамын, жеке компаниялар мен жекеменшік өндіріс ошақтары жастарды заман талабына сай еңбек жағдайы мен жалақы арқылы ұстап отыр.
– Қазақстанға шетелден техникалық және білікті мамандарды тарту – ел дамуы үшін маңызды міндет» деген пікірмен келісесіз бе?
– Адами ресурстар – мемлекетіміздің басты капиталы. Шетелдік жастардың елімізде білім алып, білікті маман атанып, Қазақстанды жұмыс орны ретінде таңдауы, әрине, қуантарлық жайт. Қазір қазақстандық жоғары оқу орындарында шетел азаматтарына арналған грант саны көбеюде. Қазақстанда білім алған шетел азаматтары өз тәжірибесімен бөлісіп, отандық кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге серпін береді.
Президенттің Жолдауы – еліміздің стратегиялық дамуында маңызды құжат. Мемлекеттің дамуындағы жаңа бетбұрыс кезеңінде білім, технология мәселелеріне ерекше мән берілуі керек. Кешегімізді түгендемей, келешекті жүгендеу қиын. Биылғы жолдаудағы бастамалардың табысты жүзеге асуы үшін жүйелі түрде бақылау қажет. Ел келешегін айқындаған Жолдаудағы әр іске басымдық беріліп, білім саласының болашағы жарқын болады деп сенеміз.
Ақжүніс Нұртаза.