Тоқтамай қарыз алуда. «Kcell» НЕГЕ мемлекет қолдамаса өліп қалар еді?
2025 жылдың аудиттелген есебін шығарған «Кселл» акционерлік қоғамының біршама қаржылық көрсеткіштерінде өсім көрінгенімен, негізгі бизнесі мен қарызы бойынша үлкен проблемалар бар екені байқалады. Демек, биыл мемлекеттік ұялы байланыс операторын кезекті қиын жыл күтіп тұр. Компанияның негізгі құрылғыларының амортизациясы мен қарыз жүктемесі тым жылдам өсуде.
2025 жылы Kcell выручкасы 2024 жылы тіркелген 235,5 миллиард теңгеден 254,7 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал таза кіріс 10,2 млрд-тан 14,1 млрд теңгеге дейін артты. Сырт көз үшін былтыр жаман жыл болмағандай көрінсе де, компанияның қиындықтары бастан асып жатыр.
Алайда тереңірек қарасақ, өсімнің органикалық емес, мемлекеттің жасанды қолдауынан сақталғанын көреміз. Негізгі телеком-бизнес – байланыс және деректерді беру бар-жоғы 2,3 пайызға өскен. Ал мобильді құрылғылар мен жабдықтарды сату 36,6 млрд-тан 42,2 млрд теңгеге, қосымша қызметтер 9,8 млрд-тан 14,2 млрд теңгеге, өзге түсімдер 6,8 млрд-тан 11,8 млрд теңгеге дейін артқан. Бірақ қызмет көрсетудің өзіндік құны да тоқтаусыз өсуде. 2024 жылғы 183,7 млрд теңгеден былтыр 199,1 млрд теңге дейін жеткен. Бұл шығын одан да көп болар еді. Бірақ субсидиялық көмек ретінде мемлекет радиожиіліктерді қолдану бойынша төлемге айтарлықтай жеңілдік жасап отыр. Одан компания шамамен 6 миллиард теңге үнемдеді.
Тақырыпқа орай: ROA мен ROE сұмдық құлаған. Kcell НЕГЕ кері кетті?
2025 жылғы пайданың бір реттік факторлар арқылы жасалғаны байқалады. Өзге операциялық табыстар нөлге жуық деңгейден 7,3 млрд теңгеге дейін өскен. Оған үңілсек, 7 млрд теңге кредиторлық берешектің есептен шығарылғанын көреміз.
«Кселл» акционерлік қоғамының былтырғы қаржылық шығындары 26,8 млрд теңгеге дейін жеткен. Оның ішінде займдар мен облигациялар бойынша пайыздар 15,4 млрд-тан 18,5 млрд теңгеге, жалдау бойынша пайыздар 6 млрд-тан 6,9 млрд теңгеге артты. Осы кезде қаржылық табыстар тек 5,4 млрд теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде қаржылық блок операциялық қызметтен түскен біршама қаржыны жеп қоюда. Баланс та бұл үрдісті растайды.
Жалпы активтер 424,6 млрд-тан 526,2 млрд теңгеге дейін өсті. Бірақ капитал одан әлдеқайда баяу өсуде. Ал займдар 90,6 млрд-тан 141,4 млрд теңгеге, жалдау міндеттемелері 51,9 млрд-тан 65,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Яғни активтердің өсуі көбіне меншікті капитал есебінен емес, міндеттемелер есебінен қамтамасыз етілген.
Cash flow көрсеткішін қараған кезде компанияның барлық проблемалары бірден айқындалады. Пайыздар мен салықтан кейінгі операциялық ақша 2024 жылғы 79,2 млрд теңгеден 80,9 млрд теңгеге ғана өсті. Ал инвестициялық шығындар күрт ұлғайып, жалпы инвестициялық ақша ағынының кетуі 109,9 млрд теңге болды. Бұл 2025 жылы теріс еркін ақша ағыны шамамен минус 29 млрд теңге деңгейінде болғанын білдіреді. Бұл дефицит қаржыландыру есебінен жабылған. Бір сөзбен айтқанда компания инвестицияларды қарыз алу арқылы қаржыландырып отыр.
Тақырыпқа орай: «Единицаға» ақша керек. Kcell НЕГЕ қарыз алуын көбейтті?
Мемлекеттік субсидиялар Kcell-дің соңғы шығынын жауып тұр деп айта аламыз. Олардан түскен табыс 5,9 млрд-тан 7,2 млрд теңгеге өсті. 2025 жылы компания радиожиілік төлемдерінің төмендеуінен пайда көрді және нарықтық мөлшерлемеден төмен берілген мемлекеттік «Қазақстан даму банкі» АҚ несиесі есебінен 9,4 млрд теңгені кіріс деп таныды.
Қысқаша айтқанда, Kcell телеком-қызметтердің негізгі сегментінде тым әлсіз дамуда. Дәл осы кезде CAPEX-тің күрт өсуі еркін ақша ағымын жеп жатыр. Компания инвестициялық циклін қарыз арқылы қаржыландырып жатқандықтан, биылдан бастап пайыздық шығындар мен қарыз шырмауына тереңірек батады.
«Кселл» акционерлік қоғамы акцияларының 51 пайызы мемлекеттік «Қазақтелеком» қолында. 5,64 пайыз үлесін тікелей «Самұрық-Қазына» қоры ұстайды. Мемлекеттік БЖЗҚ, Қазпошта, Жасыл даму иеліктерінде тағы 15 пайыз үлес тиесілі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ұялы байланыс операторының шамамен 69 пайыз үлесін бақылайды.
Ал 24 пайыз үлесі олигарх Вячеслав Кимге тиесілі.