28 Ақпан 17:20

«Единицаға» ақша керек. Kcell НЕГЕ қарыз алуын көбейтті?

Kcell
Фото: Фото: Nege.kz

«Kcell» акционерлік қоғамы 90 миллиард теңгеге кредитті желі ашып, оның 3 миллиардын алып үлгерді. 90 миллиард теңге оның баланстағы құнының 25 пайызынан асып кеткендіктен, компания бұл туралы Қазақстан қор биржасына хабарлауға мәжбүр болды.

Шыны керек, Кселлдің 2023 жылғы қаржылық жағдайы тәуір шықты. 2023 жылдың толық қаржылық есебі әлі дайындала қоймады. Бірақ биржада шыққан 2023 жылдың 10 айы бойынша деректерде компанияның активтері 341,9 миллиард теңге, міндеттемелері 179,7 миллиард теңге, ал таза пайдасы 23,5 миллиард теңгеге барғанын көреміз. Бұл ретте Кселлдің жақсы табысқа 2023 жылы өз тарифтерін қымбаттату арқылы ғана жеткенін де ескеру керек.

Кселл
Фото: "Kcell" АҚ

«Онда Кселлге не үшін қарыз алу қажет болды?» деген сұрақ туындайды. Және айналымдағы капиталға 3 миллиард теңгенің қаншалықты әсер ететіні де түсініксіз. Қазір «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы арқылы мемлекет Кселлдің негізгі акционері болып отыр. «Қазақтелекомға» 51 пайыз акция тиесілі. Одан бөлек, 14,87 пайыз акция Ғалымжан Есеновтің, 9,08 пайыз Jusan Bank-тің, 7,06 пайыз акция Жинақтаушы зейнетақы қорының қолында.

Бұған дейін «Кcell» АҚ Жусан банктен екі транш арқылы 40 миллиард теңге қарыз алған еді. Бірақ Jusan оның акционері атанғандықтан, мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында сол 40 миллиард теңгені мерзімінен бұрын қайтарды. Қазір ұялы телефон операторының «Халық банкі» мен «ВТБ Банк» алдындағы кредиттік транштары бойынша қарыздары жабылғанын атап өту керек. Ал «Альфа банк» бойынша кредиттік желі «ЦентрКредит банкіне» өтуі тиіс.

Кселл
Фото: Nege.kz

Бұған дейін қымбат ұялы байланыс тарифтерін төлеу арқылы халықтың Кселл басшыларының миллиондаған бонусын жинап беріп отырғанын жазған болатынбыз. Kcell акционерлік қоғамы 2022 жылы өз басқарма мүшелеріне салыққа дейін 819 миллион теңге төлеген. Салық алынғаннан кейін бұл сома 668 миллион теңге болды. Басқарма құрамына 2022 жылдары жеті басшы кіргенін ескерсек, әрқайсысы орта есеппен айына қолына 7,9 миллион теңге алып отырған.

Мемлекет жыл сайын Кселлге шамамен 3-5 миллиард теңгедей субсидия беріп келеді. Және «Қазақтелекомның» барлық ұялы байланыс операторларын қанатының астына жинап алуы бәсекеге қайшы екенін білеміз. Сол себепті Теле2/Алтел операторы катарлық инвесторларға сатылмақ.

Кселл үшін сын сағаты сол кезде туатынын сезіп отырмыз. Қымбат тарифтер мен топ-менеджменттің миллиондаған бонустары да тәтті ертегі сияқты болып қалмақ...