19 Шілде 14:55
...

Тариф өссе, басқарманың көркі. Kcell басшысының айлығын НЕГЕ халық төлейді?

Фото:

Kcell акционерлік қоғамы 2022 жылы өз басқарма мүшелеріне салыққа дейін 819 миллион теңге төлеген. Салық алынғаннан кейін бұл сома 668 миллион теңге болды. Басқарма құрамына жеті басшы кіретінін ескерсек, әрқайсысы орта есеппен айына қолына таза 7,9 миллион теңге алып отырған.

Дәл осы 2022 жылы Kcell және Актив ұялы байланысының тарифы кем дегенге 50 пайызға өсті. Кейбір тарифтер тіпті екі есеге қымбаттаған. Бірақ одан байланыс сапасы жақсарған жоқ. Сонда, ақша қайда кетті деген сұраққа енді жауап табылғандай.

2021 жылы қолына айына 6 миллион теңге алып жүрген басшылары, 2022 жылы оған тағы 2 миллион қосып алды. Оның барлығын халық өз қалтасынан төлеп отыр. «Кселл» компаниясының Қазақстан қор биржасынан жіберген хабарламасы осыны нақты айғақтайды.

2022 жылы Kcell клиенттерінің саны 7,9 миллион адам болып тұрды. Демек, ол Қазақстан халқының 89,1 пайызына қызмет көрсетеді. Мемлекет былтыр Kcell-ге 5,5 миллиард теңге субсидия берген. Қазір ұялы телефон операторының 51 пайыз үлесі «Қазақтелеком» арқылы мемлекетке тиесілі. Pioneer Technologies арқылы Kcell-дің 14,8 пайызын Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұстап отыр.

Kcell 2022 жылдың қортындысы бойынша шамамен 40 миллиард теңге таза пайда тапты. Бұл компанияның байланыс сапасын жақсартуға барлық қаржылық мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді. Алайда, көп жағдайдат ұялы байланыс операторы «халық қарсы, тұрғындар радиофоб» деген желеумен жаңа станциялар орнатудан саналы түрде қаша бастаған. Шалғай ауылдарды былай қойғанда, тіпті еліміздің астанасында ұялы байланыспен қамтылмаған аймақтар аз емес.

Дәл осындай принциппен жұмыс істейтін компанияға енді 5G желісін дамыту сеніп тапсырылып отыр. Осыған қарап, елімізде 5G байланысы жөнді орнамайтынын нақты айтуға болады.

Kcell АҚ 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

«Қазақтелекомның» өзіне Kcell-ге қатысты көптеген сұрақтар туындайтын болады. Прокуратураның қолы әлі оған жете алмай жатыр. Ол «Қазақтелекомның» Kcell-дің 24% сатуымен байланысты. Сол кезде манипуляция жасалып, биржада Kcell акцияларының бағасы құлап, дәл сол кезде акцияларды Jusan Bank сатып алған еді. Оның артында Назарбаев тұрғаны белгілі болды.

NEGE есебінше6 Kcell-дің 24 пайыз акциялары түріндегі мемлекеттік меншік өзінің нарықтық құнынан 36 пайыз арзанға сатылып кеткен. Ал шығын шамамен 24 миллиард теңгенің айналасында.

Kcell-ге Бәсекелестікті қорғау агенттігінің де айтары бар. Олар «компания өзінің монополистік жағдайын пайдаланып жүр» деп санайды. Қалай болғанда да ұялы телефон операторы мен оған қатысты шешім қабылдағандардың басына бұлт үйіріле бастады. Сондықтан, бұдан былай Kcell-ге қатысты түрлі жаңалықтарды жиі еститініміз анық.

Тегтер: